Қазақстанда валюта бағамы көрсетілген таблоларға ресми түрде тыйым салынды

Көркем Алдабергенова 09 қыр. 2025 09:19

Қазақстанда валюта бағамы жазылған көшедегі таблолар ресми түрде алынып тасталды. Енді олар тек айырбастау пункттерінің ішінде ғана орналасуы тиіс, деп хабарлайды Dalanews.kz.

9 қыркүйектен бастап Ұлттық банктің қолма-қол шетел валютасымен айырбас операцияларын жүзеге асыру ережелеріне түзету енгізу туралы қаулысы күшіне енді. Бұл құжат 10 шілдеде жарияланып, алғашқы ресми жарияланған күннен бастап 60 күн өткен соң, яғни 9 қыркүйекте қолданысқа енгізілді.

Валюта сатып алу және сату бағамдары көрсетілген ақпараттық стенд енді айырбастау пунктінің ішінде немесе кассаның жанында орналасады.

Бағамдарды сыртта (ғимарат қасбетінде, төбесінде, көшедегі стендтерде) көрсетуге тыйым салынады. Ерекшелік тек бизнес-орталықтарда, вокзалдарда, казиноларда, әуежайлар мен шекара бекеттерінде орналасқан айырбастау орындарына қатысты.

Автоматтандырылған айырбастау пункттерінде бағамды мониторда көрсетуге рұқсат етіледі.

Айта кетейік, Қазақстанда валюта бағамы жазылған көшедегі таблоларға тыйым салынуы мүмкін екені наурыз айында-ақ талқыланған болатын. Ол кезде Ұлттық банк өкілдері айырбастау орындары таблоларды қайда болса да орналастыра алатынын, олардың жол бойында, ғимарат қасбеттерінде, жаяу жүргіншілер өткелдерінде, тіпті жол белгілерінің қасында тұрғанын атап өткен. Мұндай таблолар ресми түрде жарнама болып саналмайды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар