"Алакөл мемлекеттік табиғи қорығының" басшылары сотталды

Қаракөз Амантай 03 дек. 2024 16:51 646

Жетісу облысының Алакөл аудандық соты Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің "Алакөл мемлекеттік қорығы" РММ директоры Қ. Әбілқасымов, оның орынбасары Н. Бейсенов және бөлім басшысы Р. Шалапановты пара алғаны үшін кінәлі деп таныды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Олар қызмет көрсетілетін аумақта заңсыз шөп шабу бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартпағаны үшін жергілікті тұрғындардан алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобында бірнеше рет пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.

Абылқасымов пен Шалапановтың әрқайсысына 10,5 млн теңге, ал Бейсеновке 15,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.

Осы үкіммен, Алакөл ауданының тұрғындары О. Булгунчинов мен К. Канагатов аталмыш лауазымды тұлғаларға пара бергені үшін сәйкесінше 6 млн теңге және 2,2 млн теңге айыппұлға сотталды.

Сонымен қатар, сотталғандарға өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқаруға тыйым салынады.

Сот үкімі заңды күшіне енді.


Рекомендовать
Последние новости