Ал керек болса! АҚШ Ресейге қарсы тағы санкция салғалы жатыр

Кәмшат Тілеухан 03 дек. 2024 15:11 1459

АҚШ-тың Ресейге салған соңғы санкциясының салдары Қазақстанға да әсер етіп, қор биржасы апай-топай болды. Биржада шетел валютасына деген сұраныс әлі күнге басылмай жатыр. Соған байланысты Ұлттық банк пен Үкімет мүшелері де баспасөз мәслихатына кезек-кезек шығып, мінберден түсе алай қалған жайы бар. Қолдан келмей жатқан шаруаны (құлдыраған теңгені ауыздықтау) былай ысырып қойып, бұл екі тарап бір-бірінің мінін теруге де көше бастады. Өйткені олар бұл мәселе шешілмесе, біреуінің отставкаға кетіп тыну қаупі барын жақсы біледі, деп жазады Dalanews.kz.

"Жығылғанға жұдырық" демекші, алыстан тағы бір жағымсыз хабардың құлағы қылтиды. Яғни, АҚШ әкімшілігі қаңтар айының соңына дейін Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізуге ниетті. Мына санкция салдарымен күресте мүшкіл күйге түскен біздің атқамінерлер келесісімен бетпе-бет келуге жүрексіне ме деңіздер.

Иә, АҚШ әкімшілігі қаңтар айының соңында Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізуге ниетті. Бұл туралы АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан мәлімдеді.

"Ол Джо Байдан биліктен кеткенге дейін қабылданатын "қосымша шараларға" тоқталды. Салливан Америка Құрама Штаттары Ресейдің қаржы секторына қарсы ауыр санкциялар енгізгенін, енді оның ізін баса тағы да көп санкциялар бағытталатынын айтты", — деп хабарлайды РБК.

Айта кетсек, АҚШ-тың қазіргі президент әкімшілігі 20 қаңтарға дейін билік басында болады. Демек, келесі айдың ортасына дейін Ресей экономикасын тағы да бір "тосынсыйлар" күтіп тұр. Ал алдыңғы тосынсыйдың Ресей мен Қазақстан экономикасына келтірген салдарын мына арадан оқи аласыздар.


Рекомендовать
Последние новости