Белгілі адвокат Данильхан Шағатаев Air Astana әуе компаниясының кінәсінен қазақстандық бала Түркия әуежайларының бірінде екі тәулік жалғыз қалып қойғанын жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
10 жастағы бала оқу-жаттығу жиындарына қатысу үшін әуе компания қызметкерлерінің қарауымен сапар шеккен. Алайда Түркияға жеткен кезде оның төлқұжаты жоғалып кеткені белгілі болған.
Сол кезде Air Astana қызметкерлері баланы әуежай қызметкерлеріне тапсырып, жауапкершіліктен бас тартқан. Ал әуежай қызметкерлері оны депортацияға арналған бөлмеге жайғастырған.
Нәтижесінде, бала бөлмеде екі күн жалғыз қалып, тамақ сұрау үшін Google аудармашысын пайдаланған. Осы уақыт ішінде Қазақстанның консулдық қызметі мен туыстары төлқұжаттың көшірмесін дайындағанша, бала сол жерде күтуге мәжбүр болған.
"Балаға қарапайым қолдау да көрсетілмеді. Оны күтіп алушы тарап транзит аймағының қатаң ережелеріне байланысты көмек көрсете алмады. Ал бала шет тілдерін білмегендіктен, шекара қызметкерлері мен әуежай қызметкерлерінің сөздерін түсінбей, қатты қорқып, не істерін білмей отырды", — деді адвокат.
Сөйтіп баланың анасы Анталиядағы Қазақстанның Бас консулдығымен байланысқа шығып, екі күн өткеннен кейін балаға уақытша құжат рәсімделген.