"2024 жылдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 8,6%-ды құрап, бір жыл ішінде 1,2 пайыздық тармаққа төмендеді. Сөйтіп бұл көрсеткіш біздің болжамымызға сай келді (8,5%). Ал 2025 жылдың аяғындағы инфляция көрсеткіш біз қатаңдатылған монетарлық саясат сақталып, бюджет шығыстары қалыпты өсіп, сондай-ақ "мұнай бағасы қатты арзандайды" деген қолайсыз болжам іске аспаса, 7,5%-ды құрайды деп болжаймыз". Halyk Finance аналитикалық орталығының басшысы Мәдина Қабжалялова өз зерттеуінде осындай тұжырымдар келтіреді, деп жазады Dalanews.kz.
Оның айтуынша, егер жыл басынан бастап үшінші тоқсанның соңына дейін инфляция динамикасы біркелкі болса, ал төртінші тоқсанда жағдай өзгерді. Бұған дейін ақылы қызметтер негізгі драйвер болып, ал азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы біртіндеп төмендесе, керісінше төртінші тоқсанда азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсімі қыркүйекте инфляцияның 8,3%, ал жыл соңына дейін 8,6%-ға дейін үдеуіне әсер еткен.
"2024 жылдың қорытындысы бойынша инфляция қарқыны 2023 жылдың соңындағы мәнмен (9,8%) салыстырғанда айтарлықтай төмендеді, бір жағынан, бұл - елеулі прогресс, бір жылда бағаның өсім қарқыны 1,2 пайыздық тармаққа төмендеді. 2023 жылы инфляция тез төмендегенін ескерсек, 2024 жылы жоғары базалық мөлшерлеменің әсері байқалмады. Екінші жағынан, инфляция мәндері одан да төмен болуы мүмкін еді, оның өткен жылдың басынан бері байқалған тұрақты төмендеу үрдісі соңғы тоқсанда кілт тоқтады. 2024 жылғы желтоқсанда қарашамен салыстырғанда желтоқсанның қорытындысы бойынша бағалардың – 8,4%-дан 8,6%-ға дейін үдеу процесі байқалды. Сондай-ақ, 2024 жылы инфляцияның орташа жылдық мәні 8,7% -ды құрады, бұл іс жүзінде қорытынды мәнге сай келеді және инфляция мәндерінің жыл бойына біркелкі бөлінісін аңғартады", делінген зерттеуде.
Жыл қорытындысы бойынша ақылы қызметтерден басқа барлық негізгі компоненттер жылдық мәнде төмен қалыптасты: 2024 жылдың соңында азық-түлік тауарлары бағасының өсу қарқыны 5,5%-ды қамтыды (2023 жылы - 8,5%), азық-түлікке жатпайтын тауарлар - 8,3% (2023 жылы - 9,1%), ақылы қызметтер – 13,3% (2023 жылы - 12,4%). Осылайша, өткен жылы бағаның өсіміне ақылы қызметтер ең көп үлес қосты, бұл негізінен жыл бойы байқалған тұрғын үй коммунальдық қызметтер (14,2% г/г) тарифтерінің өсуімен байланысты болды.
Негізі, жыл бойында инфляция бірқалыпты көрсеткішті ұстанды, ал жыл соңындағы екпінге сол кезеңдегі долларға қатысты теңгенің күрт әлсіреуі және импортталған инфляция түрткі болып кетті.
"Жалпы, біздің ойымызша, бұл ұлттық валютаның әлсіреу факторы елдегі баға өсімінің қысқару үрдісіне нүкте қойды. Халықтың тұтыну себетіндегі импорттық тауарлардың жоғары үлесін, шикізат экспорты басым экономиканың құрылымын және тиісінше шикізаттың әлемдік бағасына қатысты жоғары тәуелділікті ескере отырып, ұлттық валюта бағамының ауытқуларына байланысты елдегі тұтыныс бағасының өсуін айқындаушы рөлді атқарады. Биылғы жылы инфляция қайтадан төмендей бастайды деп сенім білдіреміз. Ұлттық банк елдегі бағаның өсіміне жол бермес үшін өткен жылдың соңына қарай базалық мөлшерлемені 15,25% - ға дейін көтеріп, өте қатаң ақша-несие саясатын жүргізуді жалғастыруда. Бұдан бөлек, сыртқы инфляциялық ахуал ағымдағы жылы жаһандық инфляцияны төмендетуге арналған халықаралық қаржы институттарының болжамдарымен айтарлықтай қолайлы болуда", - дейді Мәдина Қабжалялова.
Дегенмен, ол бағаның тұрақтылығы бойынша бірқатар маңызды тәуекелдер бар екенін мойындау керектігін айтады.
"Ішкі салалардың ішінде бұл - бюджет тәртібіндегі осалдық және экспансионистік бюджет саясатының жалғасы. Бұл ретте қазірдің өзінде дәлелді негіздер бар: биылғы жылы Ұлттық қордан алынатын трансферттердің жоғары деңгейі (5,2 трлн теңге) байқалады. Сыртқы факторлар арасында бұл баға ұсыныстарын едәуір төмендетуге және осылайша ұлттық валюта бағамын әлсіретуге қабілетті мұнай нарығындағы жағымсыз оқиғаларды жатқызуға болады. Ал ағымдағы жағдайлар дүдамалдылыққа толы, сондықтан сенімді болжамдар жасауға қолайсыз екенін мойындау керек. Біздің бағалауымыз бойынша, 2025 жылдың аяғында инфляция деңгейі базалық сценарий бойынша 7,5%-ды құрауы мүмкін", - дейді сарапшы.
Бұған дейін Ұлттық статистика бюросы 2024 жылы Қазақстанда инфлиция көрсеткіші 8,6%-ды құрағанын хабарлаған.