2024 жылы Қазақстан мұнайы қай елдерге экспортталғаны белгілі болды

Кәмшат Тілеухан 20 нояб. 2024 09:40 271

ҚР Энергетика министрлігі еліміздің мұнай тасымалы бойынша 2024 жылдың 10 айының қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Құзырлы ведомство Қазақстан мұнайының Италия, Нидерланды, Қытай, Корея Республикасы, Румыния, Франция, Греция, Түркия, Сингапур, Германия және тағы басқа елдерге экспортталатынын нақтылайды.

"2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша магистральдық мұнай құбырлары жүйесі бойынша мұнайды тасымалдау көлемі 57,8 млн тоннаны құрады. Тасымалданатын мұнайдың 26%-дан астамы немесе 15,1 млн тонна отандық МӨЗ-ге жеткізілді", делінген ҚР Энергетика министрлігі хабарламасында

Сондай-ақ Энергетика министрлігі мұнай тасымалы бойынша басты көрсеткіштерді атады:

  • Каспий құбыр консорциумының құбыры арқылы шамамен 46,3 млн тонна мұнай тасымалданды.
  • "Атырау-Самара" учаскесі бойынша мұнай тасымалдау көлемі шамамен 7,2 млн тоннаны құрады.
  • 2024 жылдың қаңтар-қазан айларында Германияға 1,2 млн тонна қазақстандық мұнай жіберілді.

10 айдың қорытындысы бойынша Ақтау портынан 3,1 млн тоннадан астам мұнай тасымалданды, оның ішінде:

 
  • Махачкала портының бағыты бойынша 1,6 млн тонна;
  • "Баку – Тбилиси – Жейхан" мұнай құбыры бағытында 1,2 млн тонна жөнелтілді.

"Атасу – Алашаңқай" мұнай құбырының бағыты бойынша 1 млн тоннадан астам мұнай тасымалдау жүзеге асырылды.

Сондай-ақ 10 айдың қорытындысы бойынша ҚР аумағы арқылы мұнай транзиті 8,4 млн.тоннаны құрады, оның ішінде:

  • Ресей Федерациясы – Қытай Халық Республикасы бағыты бойынша 8,2 млн тонна,
  • Ресей Федерациясы - Өзбекстан Республикасы 217 тонна мұнай.

Айта кетсек,мұнай өндіруде Қазақстан ОПЕК+ квотасын бұзып, қайта-қайта артық өндірген "қара алтын" көлемін ай сайынғы өндірістен қысқартуға мәжбүр болғанын, алайда өз алдына қойылған міндеттемелерді толыққанды сол күйінде атқара алмай отырғанын жазған болатынбыз. Жағдай осылай қалыптаса берсе, сарапшылар жағдай қиын болатынын айтқан болатын.

 


Рекомендовать
Последние новости