"Мұнай өндіруде Қазақстан ОПЕК+ квотасын тағы бұзды". Сарапшы жағдайдың қиын екенін айтады

Кәмшат Тілеухан 13 қар. 2024 15:31 1241

"Қазақстан ОПЕК + бекіткен мұнай өндірісі бойынша квотаны сақтамай, оны жүйелі түрде бұзып келеді. Бұл жағымсыз жайт келесі жылы Теңіздегі өндіріс көлемінің ұлғаюы аясында асқына түсуі мүмкін". Осылай деген экономист Ғалымжан Айтқазин жағдайдың тым қиын екенін айтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Қазақстан қазан айында мұнай өндірісін тәулігіне 1,29 млн баррельге (қыркүйекте  - 290 мың баррель) дейін айтарлықтай төмендетті, алайда жалпы өндіріс көлемі ОПЕК+ бекіткен квотадан 87 мың баррельге жоғары болды" , деп жазады Bloomberg. Оның үстіне Қазақстан мақсатты өндіріс көлемін әр ай сайын жыл бойына артық өндірілген көлемді өтеу үшін азайтумен келеді. 

Bloomberg-тің есептеуі бойынша, Қазақстанда жалпы артық өндірілген мұнай көлемі ағымдағы жылдың алғашқы 10 айында 1,11 млн баррельден асты. Оның үстіне, келесі жылы Теңіздегі кеңейту жобасының арқасында өндіріс көлемі тәулігіне 260 мың баррельге арттырудың көзделіп отыруымен жағдай одан сайын күрделене түседі, яғни 2025 жылдың ІІ-тоқсанында.

"Шынында да, бұл жобаға шамамен 50 млрд доллар инвестиция салған Үкімет пен шетелдік инвесторлар мұнай өндірісін ұлғайтуға ниетті. Сонымен қатар, біз әлеуметтік экономикалық даму болжамында да, бюджет цифрларынан да осы ұлғайтылған өндірістен түсетін кірістер есептеліп қойғанын көріп отырмыз. Бірақ Bloomberg дұрыс атап көрсеткендей, мұндай жағдайда Қазақстанды ОПЕК+ -тің басқа мүшелері алдында өзін шиеленісті ыңғайсыз жағдайға қалдырмақ. Біздің ойымызша, бұл Қазақстан экономикасы мен мұнай өндірісі бойынша болжамдар үшін елеулі тәуекел факторы болып табылады, айтқандай, биылғы бюджет тапшылығы мәселесінде қылаң бергендей. Үкімет Теңіздегі мұнай өндірісі бойынша уақыттың кейінге шегерілетінін, ОПЕК+ алдындағы міндеттемелері туралы біліп отырса да, мұнай өндірісінің неғұрлым жоғары көрсеткішіне үміт артып, тиісінше бюджетке көбірек дивиденд түседі деп әсіре есеп жасағанын тағы да еске саламыз", деп жазады Ғалымжан Айтқазин Telegram-дағы парақшасында.

Айта кетсек, ОПЕК+ елдері мұнай өндіруді шектеу туралы келісімді бұзған елдерге өз наразылықтарын білдірген. Атап айтқанда, Ирак пен Қазақстанға. Дегенмен 2 қазанда өткен ОПЕК+ отырысында Ирак Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы қыркүйек айында ұсынылған өтемақы жоспарларына сәйкес өз міндеттемелерін толығымен орындағандарын растады.  


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар