"1 АҚШ долларының құны 500 теңгеге жетіп қалды". Ұлттық банк мәлімдеме жасады

Кәмшат Тілеухан 19 нояб. 2024 11:59 181

18 қарашада ақша айырбас орындарында 1 АҚШ доллары 500 теңгеден сатыла бастады. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова бүгін осы және валюта нарығындағы жағдайға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары соңғы уақытта ішкі және сыртқы факторлардың жиынтығы теңгенің әлсіреуіне алып келгенін баса атап өтті.

"Сыртқы сектордағы жағдай әлі де күрделі болып отыр. Бұл жоғары құбылмалылық пен жаһандық экономикалық тәуекелдердің сақталуымен байланысты. АҚШ доллары дамыған және дамушы нарықтардың валюталарына қатысты нығаюын жалғастыруда. DXY индексі қыркүйек айынан бері 5,5%-ға артып, 106,2 тармаққа дейін жетті. ЕМ валюталарының индексі қыркүйек айының соңынан 4,1%-ға төмендеді", - дейді ол.

 

Оның айтуынша, мұнай нарығында да пессимистік көңіл-күй байқалып отыр. Бұл әлемдік сұраныстың баяу қалпына келуі мен ОПЕК+ тарапынан ұсыныс өсімінің күтілуіне байланысты. Соның нәтижесінде мұнай бағасы барреліне 71-72 АҚШ доллары деңгейіне дейін төмендеді.

"Ішкі валюта нарығында экономикалық агенттер тарапынан шетел валютасына сұраныстың артуы және валюта нарығында, оның ішінде квазимемлекеттік сектор тарапынан ұсыныстың шектелуі байқалады. Шетел валютасына сұраныстың өсуі жалпы экономикалық белсенділіктің, оның ішінде сыртқы экономикалық белсенділіктің артуына байланысты. Сондай-ақ, оған бюджет шығыстарының артуы мен квазимемлекеттік компаниялардың инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларға шығындарының ұлғаюы сеп болып отыр. Осы фактордың барлығы жиынтығында импорттың өсуіне, сәйкесінше, шетел валютасына сұраныстың артуына ықпал етеді", - дейді Әлия Молдағұлова.

Ол валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныс теңгерімінің бұзылуы инвестициялық ахуалға кері әсерін тигізіп, инвестициялық жобалардың қымбаттауына және жалпы инфляциялық қысымның артуына алып келетінін айтады.

"Осыған байланысты валюта нарығындағы теңгерімділікті арттыру мақсатында квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімдерінің 50%-ын міндетті түрде сату талабы қайта енгізіледі. Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті қаулысы мен Ұлттық банктің бұйрығы әзірленіп, жақын күндері қабылданады. Бұған дейін бұл талап 2023 жылдың тамызына дейін қолданыста болған, алайда макроэкономикалық жағдайдың өзгеруіне байланысты уақытша тоқтатылған еді. Сонымен бірге, бұл талап шоктарды бәсеңдету үшін жедел қолдануға болатын тиімді құрал болып табылады", деп сөзін нақтылайды Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Айта кетсек,өткен аптаның соңында Ұлттық банк ішкі валюта нарығындағы жағдайды қадағалап отырғанын нақтылады. "Ағымдағы үрдістер, әсіресе, спекулятивті көңіл-күй сақталған жағдайда, әділ бағам қалыптастыруды қалпына келтіру үшін және ұлттық валюта бағамының күрт өзгеруіне жол бермеу үшін Ұлттық Банк жедел әрекет етіп, валюталық интервенция жүргізуге дайын", делінген Ұлттық банк түсініктемесінде.


Рекомендовать
Последние новости