Абай облысында прокуратура жалған дипломмен жұмысқа орналасқан «Семей орманы» МОТР қызметкерлерін анықтады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы жоғары оқу орындарын бітіргені туралы жалған дипломдармен жұмыс істеген Резерваттың 5 қызметкерлерін, оның ішінде бір филиал басшысын анықтады.
Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеттің мәліметіне сәйкес аталған қызметкерлерге диплом берілмеген.
Осы фактілер бойынша ҚК 385-бабының 3-бөлігі (жалған құжаттарды жасау, дайындау немесе өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулер басталып, материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін полицияға жолданды.
Еске салайық, биыл Маңғыстау облысында бірнеше педагог жалған дипломмен жұмыс істегені анықталған болатын.
"2023 жылы облыс бойынша 20 мыңнан астам педагогтың дипломы құқық қорғау органдарына тексеруге жіберілді, нәтижесінде 7 педагогтың дипломы жалған болып шықты", - дейді білім басқармасының басшысы.
"Жыл басынан бері 9 педагогтың білімі туралы құжаты расталмады. Олар қызметінен босатылды. Қазіргі уақытта жоғары оқу орындарынан 7938 педагогтың дипломы бойынша жауап күтіп отырмыз", - деді Динара Жұмашева.