Жетісу облысында әскери қызметші көз жұмды

Қаракөз Амантай 14 нояб. 2024 15:52 2132

Бүгін, 14 қарашада Жаркент гарнизоны әскери бөлімдерінің біріндегі офицер жоспардан тыс сабақтар өткізу кезінде алған жарақатынан қаза тапты. Бұл жөнінде Құрлық әскерлері қолбасшылығының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ведомство мәліметіне сәйкес, қайғылы жағдай диверсияға қарсы қауіпсіздік бойынша жоспардан тыс сабақтар өткізу кезінде болған.

"Қауіпсіздік шараларын бұзу салдарынан Жаркент гарнизоны әскери бөлімдерінің бірінің офицері алған жарақатынан қайтыс болды. Бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілуге жатпайды. Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтады, оларға барлық қажетті көмек көрсетіледі", – деп мәлімдеді баспасөз қызметі өкілдері. 

Айта кетейік, 7 қарашада да Шекара қызметі Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің мерзімді қызметтегі әскери қызметшісі қайтыс болғанын мәлімдеген едік.

Жалпы қыркүйекте әскери салада бірнеше қайғылы оқиға болды. Атап айтатын болсақ:

7 қыркүйекте Маңғыстау полигонында мерзімді әскери қызметші жарақат салдарынан көз жұмды. Жауынгерді взвод командирі атып өлтірген. Қайтыс болған сарбаздың әкесі Қорғаныс министріне бейнеүндеу жолдады. Қорғаныс министрлігі кейінірек кінәлілер қатаң жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді.

16 қыркүйекте Қазақстанның оңтүстігіндегі Арыс гарнизонының әскери бөлімінің келісімшарт бойынша әскери қызметшісі травматикалық қарудан жарақат алды.

19 қыркүйекте Аягөзде әскери қызметшінің денесі табылды. Әскери гарнизонның алдын ала мәліметтері бойынша офицер өз-өзіне қол жұмсаған.

22 қыркүйекте Петропавлда келісімшарт бойынша әскери қызметкердің денесі табылды. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

30 қыркүйекте Ақтауда декреттік демалыстағы әскери қызметші өз-өзіне қол жұмсағаны белгілі болды. Марқұм 39 жаста болған, оның денесі өз пәтерінде табылған. 

Ресми мәліметіке сүйенсек, кейінгі үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болған, ал соңғы төрт жылда әскерде 86 суицид тіркелген, 20 әскери адам өз-өзіне қол салуға оқталған.

Ашық дереккөз мәліметтері бойынша өлім-жітімнің көп тараған себептері: ауру – 36 пайыз, жол апаттарының салдары – 24 пайыз, суицид – 20 пайыз.


Рекомендовать
Последние новости