1 қыркүйектен бері 104 оқушыға коронавирус инфекциясы жұққан

Dalanews 01 окт. 2020 06:21 739



Қазақстанда жаңа оқу жылы басталғалы бері 104 оқушыға коронавирус жұққан: 33 бала кезекші сыныпта оқыған, 71 бала үйден оқып келген. Олармен байланыста болған адамдар анықталды. 30 қыркүйекте үкімет отырысы кезінде денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осылай деп мәлімдеді.





Қазақстанда коронавирусқа байланысты оқушылардың басым бөлігі 1 қыркүйектен бастап қашықтан оқи бастаған. Ресми мәлімет бойынша тек бастауыш сынып оқушылары үшін ғана кезекші сыныптар ұйымдастырылған. Қазір жарты миллионнан астам оқушы (625 мың бала) - офлайн, 2,85 млн оқушы онлайн оқып жатыр.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Шығыс Қазақстан (13) және Солтүстік Қазақстан (10) облыстарында коронавирус жұққан оқушылар көбірек анықталған.

Санитарлық талаптарға сәйкес, кезекші сыныптарда оқушылар саны 15-тен аспауы тиіс. Сыныптарға үзіліс әр уақытта жарияланып, оқушылардың сабақ кезінде жақын отыруына тыйым салынған.

Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирус пен коронавирус пневмониясына шалдыққандар саны 140 мыңнан асқан. Наурыз айынан бері 2 мыңнан астам адам қайтыс болған. Қазір ондаған бала коронавирустан емделіп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, елде коронавируспен байланысты бала өлімі тіркелмеген.



Рекомендовать
Последние новости