"1 АҚШ доллары 505 теңге болуы тиіс". Маман Ұлттық банктің қай жерден қателескенін айтты

Кәмшат Тілеухан 04 дек. 2024 12:45 877

Halyk Finance Басқармасы төрағасының кеңесшісі, қаржыгер-маман Мұрат Темірханов теңгенің құлдырауы Ұлттық банк саясатының тиімсіздігін тағы бір дәлелдеді деп санайды. Сөйткен ол 2024 жылдағы теңгенің құнсыздану хронологиясын келтіріп, әр кезде қандай қателіктерге жол берілгенін атап көрсетеді, деп жазады Dalanews.kz

Қаржыгер қазан айында да Ұлттық банкке жүргізіп отырған ақша бағамына қатысты саясаты тиімсіз екенін бетіне басқанын айтады.

Ұлттық банк қазандағы қателігін қараша айында да айна-қатесіз қайталады

"Олар сол кезде теңгенің әлсіреуіне іргелі факторлар жоғына қарамастан ұлттық валютаға шаққанда 1 АҚШ долларының 490 теңге деген психологиялық шекті еңсеруіне жол берді. Сол кездегі жағдай қарашаның аяғында және желтоқсанның бірінші жұмыс күнінде де айна-қатесіз қайталанды. Тек бір сол жолғысында - қараша айының соңында Ұлттық банк валюталық интервенцияларға 1 млрд доллар жұмсады", - дейді Мұрат Темірханов.

Оның айтуынша, қараша айының соңында Қазақстанның валюта биржасында ішкі және сыртқы нарықта да ұсыныс болмаған кезде валютаға деген үлкен сұраныс пайда болып, дүрбелең туды. Салдарынан теңгеге шаққанда 1 АҚШ долларының бағамы 500 деген психологиялық шекті еңсеріп,  бұл сұранысты одан әрі күшейте түсті. 28 қарашада биржада теңгеге шаққандағы америкалық валютаның ең жоғары бағамы 519,7-ні құрады. Қараша айының соңында ұлттық валютаның құлдырауын тоқтату үшін Ұлттық банк 1 миллиард долларға валюталық интервенциялар жүргізе бастады. Осыған қарамастан, дүйсенбіде валюта биржасында дүрбелең басылмады, 1 АҚШ бағамы ең жоғары мән - 530,8-ді құрады.

"Соңғы кездері ішкі, сол секілді сыртқы нарықта да күтпеген жерден дүдамал күй пайда болды, нәтижесінде Ұлттық банк саясатының біз айтып отырған мәселелері қайтадан айқын көрініп қалды. Біздің ойымызша, теңгеге деген сенімсіздік және Қазақстанда шетел валютасына деген ерекше тұрақты жоғары сұраныстың туындауы Үкіметтің бюджеттік саясатының кезеңділігімен байланысты. Соған қарамастан, біздің ойымызша, Ұлттық банк өзінің ақша бағамы саясатын жүргізу кезінде басқаруға келетін теңгенің еркін жүзу кеңістігін пайдалана отырып, оған ықпал етуші іргелі факторлардан болатын үлкен ауытқуларды дәйекті түрде тегістей отырып,  әлдеқайда көп нәрсе атқара алар еді", - дейді ол.

2024 жылдың соңында 1 АҚШ доллары қанша болады

"Қыркүйек айында 2024 жылдың аяғындағы теңгеге шаққандағы 1 АҚШ долларына қатысты болжамымыз (іргелі факторлар негізінде есептелген бағам) 485-ті құрады. Ол кезде АҚШ-тағы сайлау нәтижелері белгілі болған жоқ және 2024 жылдың аяғында мұнайдың бір барреліне қатысты күтілген бағам 75-80 доллар аралығында еді. Сондай-ақ қыркүйек айында Ұлттық қордан ағымдағы жылдың соңына дейін бюджет қажеттілігі үшін 2 трлн теңге мөлшерінде қосымша трансферт алынатындығы белгілі болды. Осылайша 2024 жылы Ұлттық қордан валюта алып, сатудың ай сайынғы жоғары деңгейі бұл жолы да сақталды. Айта кетейік, Қазақстанның валюта биржасында Ұлттық қордан үлкен көлемде доллар алып, сату теңгенің нарықтан тыс нығаю құбылысына әкеліп соқтырады", - дейді ол.  

5 қарашада Дональд Трамп АҚШ сайлауында жеңіске жетті, ал оның сайлауалды уәделері АҚШ долларының жаһандық сипатта нығаюын және мұнай бағасының біршама төмендеуін қамтамасыз етті. Сондай-ақ бұл 2025 жылы да мұнай бағасын одан әрі төмендейтіндігі туралы пайымды күшейтіп, көп ел бұл реттегі болжамдарына өзгеріс енгізуіне тура келді.

"Атап айтқанда, 29 қарашада Ұлттық банк 2025 жылы мұнайдың бір баррелінің орташа болжамды бағасын 75-тен 70 доллар деп өзгертті. Жалпылай алғанда, теңге бағамы халықаралық доллар индексіне қатысты өзгерген жоқ, алайда Қазақстан экономикасының шикізатқа тәуелділігіне байланысты теңгеге мұнай бағасы елеулі әсер етті, әсіресе осы сөз етіп отырған кезеңде айтарлықтай сезімтал болды. Аталған іргелі факторлар өзгерісіне байланысты, АҚШ-тағы сайлаудан кейін бірден біз 2024 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан айтарлықтай көлемде  доллар алынып, сатылатынын ескере отырып, USD/KZT бағамы бойынша болжамымызды 485-тен 495-ке өзгерттік", - дейді қаржыгер.

Содан кейін 21 қарашада Ресейдің 52 несиелік ұйымына, оның ішінде Ресей газының шетелдік тұтынушыларымен есеп айырысу жүргізілген "Газпромбанкке" қарсы жаңа ауқымды санкциялар салына бастады. Осыдан кейін бірнеше күн ішінде Ресейде рубльге шаққандағы 1 АҚШ доллары  Украинада соғыс басталған кез - 2022 жылдағы ең төменгі деңгейге, онда да психологиялық шек — 100 рубльді еңсерді. Бүгінгі таңда Ресейде рубльге шаққанда 1 АҚШ долларының ресми бағамы 107-ні құрайды.

"Біздің ойымызша, жаңа санкцияларға байланысты Ресейде рубль бағамының құлдырауы Қазақстандағы валюта биржасында долларға деген сұранысты тудырды, өйткені халық пен бизнес арасында теңге бағамы долларға, рубльдің долларға тәуелділігі жоғары деп санайтындар бар. Сондай-ақ бүгінгі таңда Ресейден келетін импорт Қазақстандағы барлық импорттың 29%-ын құрайды, бұл айтарлықтай үлес болып табылады және Ресейдегі рубль бағамындағы күрт өзгеріске ұлттық валюта бағамы реакция жасайтынын білдіреді. Алайда, Қазақстанның барлық сыртқы сауда-саттық (импорттық және экспорттық) операцияларындағы рубльмен есеп айырысу үлесі салыстырмалы түрде аз, демек Ресейдегі рубль бағамы өзгерісіне теңге бағамының реакциясы да салыстырмалы түрде шамалы болуы керек. Қараша айының соңында Ресейдегі рубльдің айтарлықтай әлсіреуіне байланысты біз USD/KZT бағамы бойынша болжамымызды 2024 жылдың соңында (іргелі факторлар негізінде есептегенде) 495-тен 505-ке (өсім - 2%) өзгерттік", - дейді ол.

Дегенмен 2 желтоқсандағы 1 АҚШ долларының орташа бағамы 524,79 деңгейінде қалыптасты. 2024 жылғы желтоқсанда Ұлттық банк БЖЗҚ үшін валюта сатып алмайды, ұлттық қордан 800-ден 900 миллион долларға дейінгі мөлшерде валюта алып, сатуды жоспарлап отыр. 2024 жылғы 19 қарашадағы Үкіметтің қаулысына сәйкес, квазимемлекеттік сектор субъектілері валюталық түсімдерінің 50% -ын міндетті түрде сату теңгеге айырбастау туралы норма қайта қалпына келтірілді.

Ұлттық банктің бағалауы бойынша, мұндай жағдайда ай сайын квазимемлекеттік сектор тұрақты түрде 500 млн доллар сатады, ал бұл өз кезегінде валюта нарығын тұрақтандырады.

"2025 жылға арналған доллар бағамына қатысты болжамды біз АҚШ-тың жаңа президентінің сайлауалды уәделерін орындалуына қатысты айқындылықтың жоқ болуына байланысты келесі жылдың қаңтар немесе ақпан айларында ұсынатын боламыз. Ал қазір теңгенің болашақ құнсыздануы ең маңызды фактор - мұнайдың бір баррелінің құны 60 долларға жуықтағанда мүмкін деп нақты айтуға болады", - дейді Мұрат Темірханов.

Көптеген сарапшылар теңгеге шаққанда біздегі 1 рубль 5,0 теңгеден төмен деңгейде нығаюы Ресейден келетін импорттың тез өсіміне әкеліп соғады, салдарынан отандық тауар өндірушілер, әсіресе ауылшаруашылығындағылар зардап шегеді деп пайымдайды.

"Біздің ойымызша, мұндай жағдай Қазақстан экономикасына қатты теріс әсер ете қоймайды. Иә, осал рубль Ресейден Қазақстанға экспортты ұлғайтуға мүмкіндік береді, бірақ сонымен бірге Ресейде инфляция күрт өседі, ал көтерілген рубльдегі бағалар рубльге шаққандағы теңгенің шамалы төмендеген бағамындағы айырманы өтейді. Сондай-ақ Ресей импорты өсіміне қатысты басқа да шектеулер бар. Жалпылай алғанда, егер рубльге шаққанда теңге 4,0 мәнде нығая түссе,  біз одан проблема туындайды деп санамаймыз", - дейді қаржыгер.

Жұрттың ұлттық валютаға деген сенімі неге төмен

"Біздің ойымызша, 2 желтоқсанда қалыптасқан теңгеге шаққандағы 1 АҚШ долларының бағамы (524,79 USDKZT) іргелі факторларға сай келмейді. Біздің есептеулеріміз бойынша, іргелі факторларға негізделген курс 505 аумағында болуы керек. Жалпы, қараша айының соңында Ұлттық банкті 1 млрд долларға валюталық интервенциялар жүргізуге мәжбүр еткен долларға қатысты дүрбелең, содан кейін желтоқсанның бірінші жұмыс күнінде теңгенің одан әрі әлсіреуі бизнес пен халықтың ұлттық валюта бағамына деген сенімінің төмендігін көрсетеді. Ұлттық валютаға деген сенімсіздік, ең алдымен, Қазақстанда теңге бағамының қалай қалыптасатынын түсінбеумен байланысты", - дейді ол.

Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында теңгеге шаққандағы 1 АҚШ долларының орташа бағамы 449-ды құрады, мамыр айында орташа бағам одан да төмен болды — 442.

"Біздің ойымызша, жылдың бірінші жартысында теңгенің нығаюы экономикадағы іргелі факторлардың жай-күйін танытпайды. Теңгенің бұлайша нығаюы бюджет саясатының кезеңділігімен және бюджеттік тәртіптің осалдығымен байланысты. Шілде айының соңына дейін Ұлттық қордан жыл бойына жоспарланған трансферттердің барлық көлемі пайдаланылды. Жылдың бірінші жартыжылдығында трансферттерді жедел пайдалану Ұлттық қордан көптеп валютаның алынғанын, оның асыра көлемде сатылғанын білдіреді, бұл теңгенің негізсіз нығаюының түрткі болды. Біз үнемі айтып жүргеніміздей, дұрыс құрылған контрциклді бюджеттік саясат ұлттық валюта бағамының мұнай бағасына деген тәуелділігін төмендетіп, оны тұрақты ете түседі. Алайда, бүгінгі таңда бюджет саясатының кезеңділігінен бөлек, негізгі проблемалардың бірі - Ұлттық қордан ай сайын валюта алып, сатуда біркелкіліктің болмауы, бұл теңгенің айырбас бағамының құбылмалылығын күшейтіп, ол өз кезегінде нарық пен халықтың ұлттық валютаға деген сенімін сұйылта түседі. Маусым айында Ұлттық қордан алынып, сатылатын валюта көлемінің күрт төмендеуі сол кезеңде теңгеге айтарлықтай әлсіретті, содан бері қарай ұлттық валюта осы уақытқа дейін үздіксіз әлсіреумен болды. Біздің ойымызша, мамыр айындағы (442 USDKZT) және 2 желтоқсандағы (525 usdkzt) орташа бағам арасындағы мұндай үлкен айырмашылық ұлттық валютаға деген сенімге нұқсан келтіреді. Жыл бойы теңге бағамының осындай елеулі ауытқуларының басты себебі циклдік бюджет саясаты және бюджеттік тәртіптің осалдығы болды. Алайда, теңгенің нығаюының іргелі факторларға сай еместігіне сүйене отырып, монетарлық реттеуші орган артылған долларды сатып алып, теңгенің осы жылдың бірінші жартысында нығаюына жол бермей, нарықта валюталық интервенциялар жүргізуі тиіс еді", - дейді маман.

Екінші жағынан, жылдың бірінші жартыжылдығында Ұлттық банк БЖЗҚ үшін доллар сатып алуды ұлғайта отырып, теңгенің әсіре нығаюымен күресті.

"Алайда, БЖЗҚ қаражатын Ұлттық банктің валюта нарығындағы ахуалды реттеуге пайдалануы Қазақстан экономикасын доллардан арылту саясатына қайшы келеді деп санаймыз. Мысалы, қыркүйек айының соңында банктердегі доллар түріндегі депозиттер 21% - ға дейін төмендеді, ал қазан айында доллар түріндегі зейнетақы активтері  40% - ға дейін өсті. Біздің ойымызша, бірінші жартыжылдықта теңгенің нығаюы іргелі факторларға сай еместігін ескере отырып, Ұлттық банк өзінің валюталық резервтеріндегі АҚШ долларын сатып алу арқылы валюталық интервенциялар жүргізуі тиіс еді. Кейіннен Ұлттық банк валюта нарығында ұсыныс тапшылығы туындаған кезде осы резервтерді пайдалана алар еді. Осыған ұқсас тәсілді Ұлттық банк "Қазатомөнеркәсіптің" акцияларын Ұлттық қордағы ақшаға сатып алып, белгілі бір уақытта теңгенің нығаюына жол бермеу үшін пайдаланды. "Қазатомөнеркәсіппен" операция жүргізу үшін Ұлттық банк Ұлттық қордан валютаны өзінің валюталық резервтеріне бір рет сатып алды, содан кейін төрт ай бойы оны нарықта біртіндеп сатып отырды", - дейді қаржыгер.

Оның айтуынша, Ұлттық банктің ақша бағамы саясатының тағы бір проблемасы - бір күн барысында жүргізілген  валюталық интервенцияларда бірізділіктің болмауы:

"Мысалы, 28 қарашада валюта биржасында ұсыныс болмаған кезде анамольды сұраныс көлемі байқалды және теңгеге шаққандағы 1 АҚШ доллары 519,7 теңге болды. Алайда бағам осы күні аздаған ақша айналымында алғашқы сессияда жоғары қарқынмен өсе бастады. Осы кезеңде валюталық интервенциялар жүргізілетіні жарияланып қойған, ендеше оның сессияның басында валюта биржасындағы ықтимал дүрбелеңді шектеу үшін неге қолданылмады, осы арасы түсініксіз. Ұлттық банк түстен кейін ғана араласа бастады, сөйтіп олар салған үлкен көлемдегі ақша доллардың орташа бағамын 512 деңгейіне жеткізді. 2 желтоқсанда да дәл осындай жағдай орын алды, сол күннің барысында ең жоғары бағам 530-ға жетті, ал орташа бағам бір күнде 524-ті құрады. Біздің ойымызша, бір күн ішіндегі теңге бағамындағы мұндай үлкен ауытқулар да теңгеге және Ұлттық банктің іс-әрекетіне үлкен сенімсіздік тудырады, ол өз кезегінде қалыптан тыс сұраныс пен ықтимал дүрбелеңді ынталандырады".

Теңгенің әлсіреуіне резидент еместердің де үлесі бар ма?

Маман теңге бағамына әсер етуші тағы бір елеулі фактор резидент еместердің мемлекеттік бағалы қағаздарға (МБҚ) салған қысқа мерзімді инвестициялары болуы мүмкін екенін айтады.

"Біздің есептеулеріміз бойынша (Орталық депозитарийдің ақпараты бойынша), сәуір айының соңында бейрезиденттердің МБҚ-ға салған инвестициялары 535 млрд теңгені құрады, ал қазан айының соңында бұл көлем 1135 млрд теңгеге дейін өсті, бұл біздің нарық үшін елеулі сома болып табылады. Егер бейрезиденттер қандай да бір себептермен аяқ-астынан Қазақстанның МБҚ нарығынан шықпақ болса, онда бұл валюта нарығында теңгенің әлсіреуіне әсер ететіні сөзсіз. Өкінішке қарай, Ұлттық банк валюта нарығы бойынша ай сайынғы хабарламасында резидент еместердің МБҚ-ға салған инвестицияларына қатысты өзгерістерге түсініктеме беруді доғарған, бұл да ақша бағамына деген дүдамалдылықты күшейтеді", - дейді Мұрат Темірханов.

Ол теңгенің еркін жүзу кеңістігі сипатындағы бағам саясаты Қазақстан үшін аса маңызды екенін және оны жалғастыру қажет екенін айтады.

"Қатаң контрциклдік бюджеттік ережелер енгізілгеннен кейін мұнай бағасына және фискалдық саясатқа байланысты теңге бағамының құбылмалылығы айтарлықтай төмендейді. Сонымен қатар, қор және валюта нарығының жеткілікті деңгейі дамымауы және девальвация болып қалады ма деген сезік-секемге байланысты ұлттық валютаның жоғары құбылмалы деңгейі сақталып қала береді. Біз дамыған қор және валюта нарығы қалыптасқанға дейін теңге бағамының іргелі факторлардан күрт ауытқуын жою және бағамды дер кезінде ауыздықтап отыру үшін "басқаруға келетін еркін жүзу бағамын" қолдану мүмкіндігін қарастыру қажет деп санаймыз", деп сөзін түйіндейді қаржыгер-маман.

 


Рекомендовать
Последние новости