Елордада жыл соңына дейін тағы 9 мектеп пайдалануға беріледі

Жарбол Кентұлы 23 сент. 2024 17:45 381

Қазіргі таңда Астана қаласында білім беру саласын дамытуға ерекше назар аударып, оқушылардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасау мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қалалық әкімдік бірінші кезекте жаңа мектептерді ашуға барынша көңіл бөліп отыр. Биылдың өзінде қалада 25 жаңа мектептің құрылысы жоспарланған, – деп хабарлайды Dalanews.kz Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жыл басынан бері 15 мектеп пайдалануға берілді, оның тоғызы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған. Жыл соңына дейін тағы 9 мектептің ашылуы күтілуде, олардың сегізі аталған ұлттық жоба шеңберінде жүзеге асырылмақ

– Жыл соңына дейін тағы 9 мектеп ашатын боламыз. Олардың сегізі – Мемлекет басшысының «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған мектептер, тағы біреуі – жеке мектеп. Аталған тоғыз мектеп екі ауысымда тағы 30 мыңнан астам оқушы орнын ашуға мүмкіндік береді, – деп қала басшысы ойын ортаға салды.  

Қала басшысының айтуынша алдағы уақытта Есіл ауданында 4 мектеп салынса, Нұра ауданында – 3 мектеп, Алматы ауданында – 2 мектеп оқушылардың пайдалануына беріледі.

– Қаламызды аралаған сәтте  білім ошақтарының құрылысымен танысып, жұмыстың кестеге сай жүруіне баса көңіл бөлеміз. Алдағы уақытта салынатын мектептердің арқасында 3 ауысымды 4 мектептің және бала саны көп 3 мектептің мәселесі шешілетін болады. Оқу жылының басында біз 15 жаңа мектеп аштық. Жаңа мектептердің арқасында 3 ауысымда оқыту жүргізілген 5 мектеп пен бала саны шамадан көп 4 мектептің мәселесі шешілді. Алдағы 2025 жылы тағы 20-дан астам мектеп салып, пайдалануға беруді жоспарда бар, – деді Жеңіс Қасымбек.

Елордада «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бірнеше мектептің құрылысы жүріп жатыр. 2024-2025 жылдар аралғын жоба аясында Астанада заман талабына сай 24 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған. Жаңа үлгідегі мектептер екі ауысымда 90 мыңға жуық оқушыны қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл үш ауысымды және бала саны көп мектептер санын азайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады

2028 жылға дейін Астанада 200 мың оқушыға арналған 80 мектептің құрылысы жоспарланып отыр. Бұл үш ауысымды оқытатын 8 мектеп пен қаланың 16 тығыздалған мектебінің мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік береді

Бүгінде Астана қаласының әкімдігі мен Оқу-ағарту министрлігі білім беру саласын дамытуға бағытталған кешенді шараларды сәтті жүзеге асыруда. Жаңа мектептердің салынуы, білім беру инфрақұрылымының дамуы және ұлттық жобалардың іске асырылуы елордадағы білім сапасын арттыруға және оқушылардың қолайлы жағдайда білім алуына септігін тигізетін болады.


Рекомендовать
Последние новости