Полицейлер елді алдаған алаяқты ұстады

Dalanews 19 мау. 2019 15:37 252

Адамдардың сеніміне кіріп, алаяқтық жасау қазіргі таңда жиілеп кетті. Полицейлердің айтуынша, көбіне алаяқтық жасайтындар әйелдер қауымы екен және алданып қалатында қыз-келіншектер. Алаяқтар жұмысқа орналастырып беремін, мемлекеттік жәрдемақылар мен субсидияларды тағайындауға көмектесемін деп уәдесін үйіп-төгеді.  Бүгінгі мақаламызда Түркістан қаласында «жұмысқа орналастырып беремін» деп жұртты алдап ақшасын алған алаяқтың айлакерлігі жайлы болмақ.

Атап айтқанда, алаяқтығына құрық бойламайтын күдікті әйел жәбірленушінің жұмыссыз жүргенінен хабардар болып, алаяқтық яғни бөтеннің мүлкін  бірнеше рет алдау арқылы иемденіп жымқыру қылмыстық ойы пайда болып, өзінің қылмыстық ойын жүзеге асырады.  Ұялы телефон арқылы хабарласып, кездесуге шақырып, «сізді, клиникаға медбике» лауазымына орналастырып беремін деп сендіреді. Осылайша, жұмыссыз жүрген мәселем шешіледі деп ойлаған жәбірленуші алаяқ сұраған  520 000 теңгені қолма-қол береді. Күдікті әйел болса, ақшаны алып, өз қажеттілігіне жаратып жіберген.

Кәдімгі күнделікті жұмысындай, алаяқ әйел өзінің қылмыстық әрекетін тоқтатпастан жалғастырып, келесі танысын алдауға кіріседі.  Бұрынғы әдетінше ұялы телефон арқылы келесі жемтік болатын жәбірленушіге хабарласып, « клиникаға фельдшер»  лауазымына жұмысқа тұрғызып беремін деп сеніміне кіріп алдап, алаяқтық жолмен қолма-қол 330 000 теңгесін алады. Оныда өз пайдасына жаратып жібереді.

Үшінші жәбірленуші де Түркістан қаласының жергілікті тұрғыны болып шықты. Әдеттегідей ұялы телефон арқылы жәбірленушіге хабарласып, кездесу орнын белгілейді. «Сізді мемлекеттік қызметке» жұмысқа орналастырып беремін деп, ақысына 600 000 теңге сұрайды. Алаяқтың майдай жағымды сөзіне сенген жәбірленуші сұраған ақшасын қолма-қол алаяққа береді.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бырыңғай тізіліміне енгізіліп, тіркелді. Жәбірленушілердің арыздары бойынша Түркістан ҚПБ тез арада іске кірісіп, алаяқтықтың ізін суытпай ашу мақсатында жеделдетілген іс-шараларды жүргізеді. Қажетті деп танылған барлық шаралар жасалады. Соның нәтижесінде, күдікті анықталады. Ол бұрында алаяқтық жасап, сотты болған жоғары білімді жергілікті тұрғын болып шықты. Күдіктінің кінәсі қылмыстық іс материалдарымен: жәбірленуші, күдіктінің жауаптарымен басқа да жинақталған құжаттармен расталды.

Осылайша, күдікті ҚР ҚК-нің 190-бабы бойынша қылмысты жасады деп айыпталып,  қылмыстық іс Түркістан қалалық сотына жіберілді.

Түркістан облысы полицейлері алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға кеңес береді. Алаяқтар көбінде нық сөздерімен, өздеріне деген сенімділіктерімен, әртістік қабілеттерімен, жымысқы ойларымен, айлакерлігімен, өтірікті шындай айтатын қасиетімен ерекшеленіп, жәбірленушіні сендіруге барын салады. Жылдам әрекет еткені соншалық, ойлануға уақыт бермей, осындай мүмкіндіктен айырылып қалма, болмаса басқаға айтамын дегендей әрекеттер жасайды. Алаяқтық та өзгенің мүлкін тонау, ұрлық жасау болып есептеледі.  Сондықтан өз ақшаңыз бен мүлкіңізге сақ болыңыз. Алаяқтарға алданып қалмаңыз!

ТО ПД баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x