Астанада Жеңіс күніне арналған мерекелік концерт өтті

Қаракөз Амантай 09 мам. 2025 18:44 315

Астананың Қалалық алаңында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған мерекелік концерт өтті. Бұл шара болашақ ұрпақтың еркіндігі мен тәуелсіздігі үшін жанын қиған қаһармандардың рухына тағзым етіп, олардың ерлігін мәңгі есте сақтауға бағытталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мерекелік іс-шараны "Еуразиялық мониторин" Қазақстан орталығы ұйымдастырып, елордаға жиналған мыңдаған тұрғын мен қала қонақтары соғыс қаһармандарына құрмет білдіру үшін бас қосты.

Концерт Ұлы Отан соғысының қаһармандарына тағзым ретінде өтті. Ерлігімен ел жадында қалған Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский, Сағадат Нұрмағамбетов, Иван Панфилов, Бауыржан Момышұлы, Нүркен Әбдіров, Мәлік Ғабдуллин, Сабыр Рахымов, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Рахымжан Қошқарбаев, Хиуаз Доспанова сынды ерлердің есімдері ерекше аталды.

Концерт барысында майдан әндері, әскери марштар мен заманауи патриоттық туындылар шырқалды. Сонымен қатар соғыс ардагерлерінің шынайы хаттары мен естеліктеріне негізделген театрландырылған көріністер қойылып, көрерменге терең әсер қалдырды.

Сахнада танымал қазақстандық әртістер мен шығармашылық ұжымдар, сондай-ақ жас орындаушылар өнер көрсетті. Олар соғыс жылдарындағы халқымыздың қайсар рухын, бірлігін және ерлігіне деген алғыс сезімін жеткізді. Әсіресе, поэзия мен музыка үндескен әсерлі көркем қойылымдар көрерменді бей-жай қалдырмады.

Бұл кеш – тарихи жадымызды жаңғыртып, ерлік пен отансүйгіштік ұғымдарын ұрпақ санасына сіңіруге бағытталған тағылымды шара болды.

"Бүгін біз Астананың жүрегінде – Қалалық алаңда жиналып, Жеңістің 80 жылдығын ерекше құрметпен атап өтудеміз. Бұл — барша адамзат тарихында өшпес із қалдырған Ұлы Жеңіс. Музыка, сөз бен жарық сахнада үйлесіп, өмірін құрбан еткен ерлерге деген терең құрметтің символына айналды", — деді "Еуразиялық мониторинг" орталығының директоры Әлібек Тәжібаев.

Тек Астанада ғана емес, осы сәтте әлемнің түкпір-түкпірінде батырлардың ұрпақтары ұйымдастырған мерекелік концерттер мен салтанатты іс-шаралар өтуде.

"Біз майдангер қаһармандар мен еңбек армиясының тылдағы ерлерінің алдында бас иеміз. 1941 жылдың отты шебінде Отанын қорғауға аттанған әрбір жауынгерге, ал тылда жеңісті жақындатқан әрбір еңбек адамына мәңгілік тағзым. Қазақстаннан 1 миллион 200 мыңнан астам жерлесіміз майданға аттанды, олардың 500-ден астамы Кеңес Одағының Батыры атанды. Талғат Бигелдинов, Бауыржан Момышұлы, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова сынды ерлердің есімі ел жадында мәңгілік сақталады", — деп сөзін түйіндеді Әлібек Тәжібаев.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар