Қазақстандық спортшы Азиадада кроссовканың кесірінен алтыннан айырылды: ҰОК пікір білдірді

Қазақстандық спортшы Азиадада кроссовканың кесірінен алтыннан айырылды: ҰОК пікір білдірді
ҰОК

27 қыркүйекте қазақстандық спортшы Ясмина Тоқсанбаева Аичи-Нагоя-2026 Азия ойындарында спорттық жүріс жарысында Қытай спортшыларын басып озып, мәреге бірінші болып жетті, деп хабарлайды dalanews.kz ҰОК-қа сілтеп.

Жарыс аяқталғаннан кейін World Athletics ережелеріне сәйкес әйелдер мен ерлер арасында жүлделі орындарға ие болған үш спортшының аяқ киімі міндетті тексерістен өткен. Тексеріс барысында техникалық делегаттар Қазақстан өкілі Ясмина Тоқсанбаева киген аяқ киім World Athletics мақұлдаған модельдер тізімінде жоқ екенін анықтаған.

Мәселені одан әрі қарау үшін қазақстандық спортшының аяқ киімі суретке түсіріліп, тиісті мәліметтермен бірге ресми қорытынды алу үшін World Athletics-ке жолданған. Халықаралық федерацияның жауабы келгенге дейін марапаттау рәсімі шегерілген.

World Athletics спортшы киген аяқ киім жарыстарда қолдануға рұқсат етілген модельдер қатарына кірмейтінін ресми түрде растаған. Халықаралық федерацияның қолданыстағы ережелеріне сәйкес мұндай жағдайда спортшының нәтижесі жарамсыз деп танылып, жарыстың қорытынды хаттамасына тиісті өзгеріс енгізіледі.

Осы Азия ойындарында мұндай жағдай бұған дейін жетісайыста өнер көрсеткен ирандық спортшы Мохитзадеге қатысты болған. Тексеріс барысында оның аяқ киімі де World Athletics мақұлдаған модельдер тізімінде жоқ екені анықталған. Ережеге сәйкес оның нәтижесі жойылған. Осылайша, қорытынды хаттамаға өзгеріс енгізілгеннен кейін бұған дейін төртінші орында тұрған қазақстандық Алина Чистякова үшінші орынға көтеріліп, қола медаль иеленді.

"Мәселе туындаған сәттен бастап Қазақстанның ҰОК қазақстандық спортшыға қолдау көрсету және апелляцияға беру мүмкіндігін қарастыру мақсатында World Athletics, Asian Athletics Association, Азия Олимпиада кеңесі (АОК) және Қазақстан Республикасының Жеңіл атлетика федерациясымен бірлесіп жұмыс істеп жатыр", - деді комитет өкілдері.