"Әблязовтың айтағымен алаңға шыққан бойкотшылар менің мейлінше мол дауыс жинауыма кері әсер етті" деп есептейді Қосанов.
Оның үстіне бір кездегі оппозиция сапындағы үзеңгі-жолдастар да осы сайлауда күрт құбылып Қосановқа қарсы жұмыс істеген.
"Мен билікке жете алмадым, ойлағаным орындалған жоқ, тақ маған тиесілі болуға тиіс еді" деп елді дүрліктіріп, ертең халық көшеге шығып, полиция оларды ұрып соғып, жазықсыз жұрттың қаны төгілгеннен гөрі осындай азаматтық шешім қабылдайын деген ұйғарымға келдім.
Бойкотшылардың жөні бір бөлек. Оларды алған бетінен қайтара алмайсың.
Ал бірақ маған дауыс берген бұқараның көзі шығып, басы жарылып, полицияның пәуескесіне тиеліп кеткенін қалағам жоқ.
Бұдан бұрын да "біз құқықтық жолмен жүреміз" деп әлденеше рет айтқанмын.
Иә, мен сондай шешім қабылдадым. Мұның аржағында бір үлкен фактор бар.
Кезінде радикалды оппозицияның құрамында болған қазақпын. Билік рұқсат бермесе, жұртты алаңға алып шыққан қазақпыз біз.
2011 жылғы қанды қырғында Жаңаөзенге бардық. Қалаға кіргізген жоқ. Жетібайдан қайтарды. Ақтауға келдік. Ауруханадағы жарақат алған азаматтардың көңілін сұрадық. Сол кезгі сәт әліге дейін көз алдымда.
Жарақат алған жап-жас жігітті аяғынан атыпты. Сұхбаттасып отырғанда былай деді:
"Аға, анам басын көтере алмай сырқаттанып жатқан. "Балам, алаң жақ азан-қазан болып кетті, дәріге бармай-ақ қой" дегеніне қарамай дәріханаға жүгіре жөнелген едім. Дәрімді алып кері қайтқан кезде аяғымнан атты...
Аға, биліктен дәмесі барлар таласа берсін. Шаруам да, шатағым да жоқ. Ал бірақ менің не жазығым бар? Әлгі қаңғыған оқ аяққа емес, кеудеме тұсыма тисе артымдағы анам аңырап қалар еді ғой...".
Сол кез, сол сәт менің бұл билікті өзгертуге қатысты ұстынымды күрт өзгертті. Сол кез, сол сәттен бастап бұл жүйемен құқықтық жолмен күресуге көштім...", – дейді Әміржан Қосанов.
Дайындаған, Думан БЫҚАЙ
Видеосұхбаттың толық нұсқасын осы арадан көре аласыз:
https://youtu.be/oIOI0XWD740