Жамбыл облысында баланы ұрған ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарағаннан кейін күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Желіде жарияланған кадрлардан қолына домбыра ұстаған ер адамның баланы бірнеше рет ұрғанын көруге болады. Қолданушылар оқиға Қордай ауданындағы үйірмелердің бірінде болғанын жазған.
Жамбыл облыстық полиция департаментінің мәліметінше, тергеу кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамау дерегі бойынша жүргізіліп жатыр.
«Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ», деп хабарлады полиция.
Кейін күдікті әлеуметтік желі арқылы үндеу жасап, оқиғаның бір жыл бұрын болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, видеодағы бала өзінен сабақ алған. Ер адам оқушы мен оның ата-анасынан кешірім сұрап, әрекетін эмоцияға берілуімен түсіндірген.
«Мұғалімге мүлде жараспайтын әрекетке бардым. Өзімді ақтамаймын және кінәмді толық мойындаймын. Заң алдында жауап беруге дайынмын», - деді ол.
Қазір полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады.