Ақша жинап, құрылысқа мәжбүрлеген: Атыраулық арнайы жасақ қызметкерлері басшылық тарапынан қысым көргенін мәлімдеді

Ақша жинап, құрылысқа мәжбүрлеген: Атыраулық арнайы жасақ қызметкерлері басшылық тарапынан қысым көргенін мәлімдеді
Фото: видеодан скрин

Атырау облыстық полиция департаментінің Жедел қимылдайтын арнайы жасағының қызметкерлері президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ішкі істер министрлігінің басшылығына үндеу жолдады. Олар бөлім командирлерін қызметкерлерден ақша жинады, лауазымдық өкілетін асыра пайдаланды және қарамағындағы сарбаздарды құрылыс жұмыстарына мәжбүрледі деп айыптап отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Үндеу авторларының айтуынша, қызметкерлерден жанармай, көлік пен құрылыс материалдарының шығыны үшін 15 мың теңгеден жиналған. Сондай-ақ арнайы жасақ сарбаздары траншея мен әжетхана қазуға, ғимараттарды сырлауға және полигон тұрғызуға тартылған. Бұл жұмыстар аптап ыстықта, қызметтен бос уақытта атқарылғаны айтылды.

Қызметкерлер аталған шараға бюджеттен 10 миллион теңге бөлінгенін алға тартады. Соған қарамастан, қажетті шығындарды өздері өтеуге мәжбүр болғанын мәлімдеді.

Арнайы жасақ өкілдерінің сөзінше, прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне шағымданғаннан кейін жұмыс орнында қысым күшейген. Бұған дейін наразылығын білдірген бірқатар қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылып, кейін жұмыстан шығарылған.

Үндеу авторлары басшылықтың әрекетін тексеріп, бопсалау және лауазымдық өкілетті асыра пайдалану деректері бойынша қылмыстық іс қозғауды сұрады.

Әзірге Атырау облысының полиция департаменті бұл мәлімдемеге ресми түсініктеме берген жоқ.