Батырбек Рүстемұлы ер азамат болғасын, екіншіден қоғамдық тәртіпке бей-жай қарай алмағандықтан, болашақта ІІО-да қызмет етемін деп белін бекем буады. Осы мақсатта, ҚР ІІМ-нің Қостанай орта арнаулы Заң колледжіне оқуға түседі. Студенттік өмірі басталып, талай мықты оқытушылардан дәріс алып, өзіне өмірлік азық болар сабақтар алады. 1996 жылы оқу орнын бітіріп, ауылына Заңгер мамандығын алып келеді. Қиялындағы арманына жетуге қолындағы дипломы жол ашады. Осылайша, полицей болуды мақсат тұтқан азамат, арманына жетіп, жұмысқа орналасады.
Алғашқы еңбек жолын 1996-1997 жылдар аралығында Жамбыл облысы Жаңатас қаласында учаскелік полицей лауазымымен бастайды. Учаскелік полиция инспекторының негізгі міндеттерінің бірі – ол "адамдардың өмір сүру сапасын" жақсартуға ықпал ету, қалыпты қоғамдықдың тәртіпті нығайтып, пайдалы қызмет мүмкіндігін қамтамасыз ету, олардың өмір сүру жағдайын "әлеуметтік" ауырпалықтардан тазартып, құқық бұзушылықтың алдын-алу болып табылады.
Жас маман өзіне берілген аймақтар бойынша, өзіне міндеттелген ережеге сай жұмыс жасайды. Одан ары қызмет бабымен Кентау қаласына ауысады. 1997-2001 жылдар аралығында Кентау ҚПБ-ның жедел уәкілі лауазымында қызмет етті. Мұнда да жас полицей талай қылмыстардың алдын алып, ізін суытпай ашуда абыройлы еңбек етіп, қатарластарының арасынан дараланып тұрды. 5 жылға жуық Кенді Кентау қаласында қызмет етіп, 2001-2008 жылдары Сарыағаш АПБ-на ЖВ ППТ командир взводының орынбасары лауазымына тағайындалды. 2008 жылдан бастап қазіргі күнге дейін Сарыағаш АПБ-ның учаскелік инспектор лауазымында табысты еңбек етуде. Олай деуімізге дәлел ретінде Батырбек Ералиев 2012 жылы облыс бойынша «Үздік учаскелік полиция инспекторы» атағын жеңіп алған.
Қиындығы мен қауіптілігі қатар жүретін қызметте полицейлер талай қылмыскерлермен бетпе-бет келуге тура келеді. Заңсыз әрекет жасайтын азаматтармен жұмыс жасау оңай емес. Үнемі қалыпта болу үшін, психологияң мықты болып, спортпен тұрақты түрде айналысып отыру керек. Сол себепті кейіпкеріміз ішкі сезімдерін бақылай алатын, спортты серік еткен полицей. Жұмысының жеңіл емесін жете түсінген Батырбек Рүстемұлы кәсіби шеберлігін жыл сайын арттырып, қырағылық пен жылдам әрекет етуді күнделікті жұмысқа келгенінде ойынан шығармайды. «Түрлі деңгейдегі қылмыстарды жасап, қылмыскер атанатындар тек ақыл-ойы толысқан әккі, үлкен жастағы азаматтар ғана емес», -дейді кейіпкеріміз. «Бүгінде жасөспірімдер яғни кәмелет жасына толмаған оқушылардың қылмысқа бейімділігі артқан. Оған дәлел ретінде жұмыс барысында орын алған жайтты айтып өтсем. Мектеп оқушысы түнгі уақытта өзі білім алып жүрген мектепке келіп, құлыбын бұзып кіріп, 10 000 теңге мен ноутбукты жасырын ұрлап кетеді. Таңертең мектепке келген ұжым ұрлық болғанын көріп, дереу жергілікті тәртіп сақшыларына хабар береді. Ал, біз келген арыз бойынша тиянақты түрде тергеу жүргізіп, күдіктіні ұстадық. Өкініштісі сол, ұры деп отырғанымыз – мектептің 8-сынып оқушысы. Осы тұста ата-аналарға айтып кетсем, балаңызды үнемі бақылауда ұстаңыз, кіммен араласатынын қадағалаңыз, жақсы жағынан тәрбие беріңіз. Қалай баптасаңыз, солай өсетінін естен шығармаңыз. Баламыздың жақсы азамат болып қалыптасуы сіз бен біз үшін, жалпы қоғам үшін байлық дер едім. Айта берсем, мұндай жайттар 23 жылдық қызметімде көп кездеседі» дейді Батырбек Рүстемұлы.
Кейіпкеріміздің қызметте абыройлы болуы ата-анасының еңбегі. Отбасында нағыз ер азамат етіп тәрбиелегенінің арқасында ұжымында сыйлы, жұмысы елеулі. Осындай арда ұлға тәрбие берген әкесі – Ералиев Рүстембек, кезінде кеңшарда меңгеруші болып қызмет атқарған. Ал, анасы – Момбекова Бибаиша Қондыбайқызы – фермада қарапайым жұмысшы болған. 5 баланы бағып-қағып өсірген ата-анасы ауылдағы үлгілі, көпбалалы отбасылардың алдыңғы қатарында болған. Бір қуантарлығы, «Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар» дегендей, ағадан тәлім алған інісі, Ералиев Дастанда бүгінде полицей болып қызмет атқаруда, шені сержант.
Өсіп-өнген жанұядан шыққан Батырбек өз отбасын Диля Саридовамен құрып, бүгінде 1 қыз, 2 ұл тәрбиелеп отырған асыл әке. Кейіпкеріміз қызметіне байланысты отбасының жанында болуға көп мүмкіндік болмасада, бос уақыт бола қалса, оны бала тәрбиесіне арнауға тырысады екен. «Полицей болу – өте жауапкершілігі мол жұмыс болса да, жолымды қуамын десе, шынайы полицей болуды қаласа ұлдарыма да, қызыма да қарсылық білдірмеймін. Ең бастысы жүрекпен қаласа болғаны. Тек формаға қызықпай, елдің тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздігін қалыптастыруға кішкене де болса, үлес қосамыз десе, бар білгенімді үйретіп, жол көрсетуге дайынмын»,- деп ағынан жарылды тәжірибелі тәртіп сақшысы.
Отбасында ардақты әке, асыл жар, ата-анасына, бауырларына сүйікті ұл, қарапайымдылығымен достарына сыйлы болған Батырбектей азаматтың өмірлік-қызметтік жолы өзгелерге үлгі болары сөзсіз! Күнде жұмысқа шығарда өзін не тосып тұрғанын білмейтін полицей болу – нағыз батырдың ісі! Сондықтан таңдауы осы салаға түскен, ширек ғасырға жуық қызмет еткен азаматтың отбасына амандық, «Қазақстан Полициясы күні» қарсаңында жұмысына табыс тілейміз!