Бұқтырма жағалауында туризм 3 кезеңде дамиды – Марат Қабақов

Dalanews 21 сәу. 2023 09:51 226

Бүгін Шығыс Қазақстан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде ШҚО Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Марат Қабақов қазіргі уақытта өңір басшысы Даниал Ахметовтың Жаңа Бұқтырма кентіндегі туристік аймақты дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес кентті абаттандыруға дайындық бойынша кешенді жұмыс басталғанын жария етті, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

– Іс-шараларды 3 кезеңде жүзеге асыру жоспарлануда: бірінші кезең биыл басталады. Мұнда біз Жаңа Бұқтырма кентінің орталық бөлігін абаттандырумен айналысамыз. Бүгінгі таңда жолдарды күрделі жөндеу және кенттің орталық бөлігінің аумағын абаттандыру бойынша жобалар әзірленді, – деді Марат Қабақов.

Сондай-ақ, саябақ пен серуендеу аймақтарын жарықтандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі уақытта жылумен жабдықтау желілерін реконструкциялауды ескере отырып, жоспарланған жұмыстардың кезектілігін анықтау бойынша мәселелер пысықталуда.

– Сонымен қатар қалалар мен аудан орталықтарының көше жарықтандыру жүйелерін жаңғырту жобасы аясында Жаңа Бұқтырма кентінде көше жарығын жаңарту жоспарланған. Жобада 369 жарық нүктелері мен жарықтандыру тіректерін ауыстыру көзделеді. Жұмыс 20 сәуірде басталып, 30 қазанда аяқталады.

Әлеуметтік инфрақұрылымның құрылысы да маңызды. Мұнда біз 200 орындық қазақ тілінде оқытатын мектеп салуды жоспарлап отырмыз. Іске асыру мерзімі 2023-2024 жылдары конкурстық рәсімдердің басталып, сәуір айының соңына дейін жалғасады. Кент тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жүргізіледі. Жөндеу жұмыстары 1 маусымда басталады, – деді спикер.


Келесі жылдың соңына дейін жобаның екінші кезеңі де іске асырылатын болады. Бұл "Арбат" жаяу серуендеу аймағы мен қоғамдық жағажайды абаттандыру. Жұмыстар жер учаскелерін  рәсімдеу аяқталғаннан кейін ғана басталады.

– Октябрьский кентіндегі қолданыстағы өрт сөндіру депосының аумағында 2 автокөлікке арналған өрт сөндіру бекеті мен гараж боксын салу көзделіп отыр, – деп түсіндірді М.Қабақов.

Брифинг соңында ол үшінші кезеңде Жаңа Бұқтырма кентінің артындағы "Кочевник" кафесі ауданында саябақ салынатынын атап өтті.

"Ойын алаңдары, вело-серуендеу аймағы, қоғамдық тамақтану аймағы, жазғы сахна және сәулет нысандары орнатылады", - деді ШҚО ИИДБ басшысының орынбасары.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x