Еріктілер қызметіне қатысты жаңа заңның ерекшелігі қандай?

Dalanews 30 шіл. 2022 08:30 154

Жаңа Қазақстанда еріктілер қызметіне ерекше қолдау көрсетілмек. Dalanews.kz волонтерлік істің көсегесін көгерткелі отырған жаңа заңның артық-кем тұсын таразылап көрді.

Қыркүйек айында волонтерлік қызметке қатысты жаңа заң күшіне енеді деп күтілуде. Оның басты ерекшелігі – қоғамдық маңызы бас іске атсалысып, көмегін көрсетуден тайынбайтын еріктілерге мемлекеттік қызметке тұрарда жеңілдік жасалады.

Ал алдағы жылдан бастап жан-жануарларға қамқорлық көрсететін және қайырымдылық жасаумен айналысатын ұйымдарға мемлекет тарапынан нақты қолдау болмақ. Анықтап айтқанда, осындай ұйым құрған белсенді азаматтар ұйымға қажетті кеңсе немесе баспананы жеңілдікпен алады.

Dalanews.kz тілшісі осы орайда «Шапағат» үкіметтік емес ұйымының төрағасы, экобелсенді Марғұлан Мадияровтан пікір сұраған болатын.

«Еріктілер туралы, қайырымдылыққа қатысты және үкіметтік емес ұйымдардың жұмысымен байланысты заңға бірқатар өзгерістер енгелі отыр. Осы салада үздік нәтиже көрсеткен, еңбегінің жемісін жеп, елге, қоғамға пайдасын тигізген тұлғалар мемлекет тарапынан марапатталатын болды. Бұл еліміздегі еріктілер жұмысына серпін берері сөзсіз», – дейді сарапшы.

Жаңа талапқа сай еліміздегі қайырымдылық ұйымдары жылына бір рет өзінің кірістері мен шығыстары туралы есеп береді. Есеп-қисап туралы мәліметтері мұндай ұйымдар өзінің ресми сайтында немесе ақпарат құралдарында жариялауы тиіс. Сарапшылардың пікірінше, президент Тоқаев шілденің басында қол қойған құжат қыркүйектен бастап күшіне енеді.


Аталған заң Мәжіліс мінберінде қызу талқыланып, құжаттың артық-кем тұсы таразыға тартылған болатын. Депутат Вера Александрованың (Ким) айтуынша, заңды талқылауға осы саланың білгір мамандары атсалысқан.



«Қоғам белсенділері, еріктілер, экобелсенділер, үкіметтік емес құрылымдар және қайырымдылықпен айналысатын ұйымдардың өкілдерімен 20-дан аса кездесу өткіздік. Олардың ұсыныстарын тыңдадық, жаңа заң соның негізінде жазылды. Ешкімді шет қалдырған жоқпыз, құжатты толық пісіріп, кем-кетігін түзеп, қоғамға қызмет ететін мақсатта әзірледік. Ешкімнің пікірі ескерілмей қалған жоқ. Жаңа заңға енетін өзгерістер ілгерідегі салалардың тамырына қан жүгіртеді деп сенеміз», – дейді мәжілісмен.

Айта кетелік, бүгінде Мәжілісте отырған Вера Ким еңбек жолын ерікті ретінде бастаған еді. Бүгіндері ол "Ұлттық еріктілер желісі" ұйымының төрағасы. Ұйым 60-ға жуық волонтерлік мекемелерді біріктіріп отыр.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x