Dalanews осы сауалды белгілі Нұр-Мүбәрак университетінің проректоры, теолог Қайрат Құрманбаевқа төтесінен қойған болатын.
Сарапшының пікірінше тап қазір біздің ел үшін діни білім алғысы келетін аудиторияны шетелге жіберудің қажеті шамалы.
«Бұған басты себеп, Қазақстанның дінтану саласындағы өзіндік орны қалыптасты.
Діни білімнің іргесі қаланып, бағыты айқындалды. Дінтану мен исламтанудың жілігін шағып, майын ішкен оқытушылар құрамы қалыптасты. Мәселен, Алматы Нұр-Мүбәрак университетінде үздік отандық, шетелдік ұстаздар шоғырланған.
Араб елдерінен, Мысыр, Түркиядан білім алған, керек десеңіз діни дәрежесі бар отандық ғалымдарымыздың дерлігі осы университетте сабақ береді, дәріс оқиды. Тиісінше, олар тәрбиелеп шығарған шәкірттер де ертеңгі күні ел мүддесіне жұмыс істейді. Діни радикализмді ауыздықтауға атсалысады. Елдіге діни ахуалдың күрделеніп кетуіне жол бермейді», – дейді дінтанушы.
Қайрат Құрманбаевтың атап өткеніндей бүгіндері Нұр-Мүбәрак университетінде Сауд Арабиясынан келген 20-ға жуық ұстаз білім береді. Осы себепті діни білім іздеп алысқа сабылудың қажеті жоқ.
«Әлбетте, бұл шетелше мүлде баруға болмайды деген білдірмейді. Әрбірден соң, әрбір адамның таңдауына құрметпен қарауымыз керек. Егер ол діни білімді шетелден алуды ұйғарса, оның шешіміне қарсы келмесіміз түсінікті», – дейді.
Маманның айтуынша діни білім саласында Қазақстан ислам дінінің діңгегі саналатын елдермен әріптестік байланыс орнатқан. Нұр-Мүбәрак университеті «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасы шеңберінде араб, түрік оқу орындарымен келісімшарт жасасып, діни білім саласында тәжірибесі алмасуды қолға алған.
«Осы бағдарлама аясында университет шәкірттерін жарты жылға немесе толық бір жылға көрген-білгенімен бөлісу үшін шетелдік оқу орындарына жібереміз. Бұл тек университет нұсқауымен жүргізіледі.
Бұл арадағы басты қауіп, діни сауаты төмен, діни көзқарасы қалыптаса қоймаған, кез-келген ақпаратты қорытпай қабылдай беретін жастардың шетелдің діни орталықтарына бейресми жолмен кетуімен жол бермеу, себебі мұның соңы дін саласындағы алауыздыққа, келеңсіздікке ұрындырады. Дұрыс діни білім алмаудың ақыры елдің шаңырағын шайқалтып, мемқауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін.
Біз, дінтанушылар жастардың дін негіздерін отандық университеттің қабырғасында қалыптастырғанын қалаймыз, кейін уақыт өте келе, төртінші курсқа аяқ басқанда оларды тәжірибе алмасу мақсатында ғана шетелге жіберу дұрыс шешім болар еді», – дейді дінтанушы.
Оның айтуынша, дінтану, исламтану негіздерін үйретеді деген бірқатар Араб елдерінде діни, саяси тұрақсыздық орын алуда. Ал мұндай елдерден білім алған қазақ жастары ертеңгі күні елдегі діни алауыздыққа себепші болмасына ешкім кепілдік бермейді.
«Шетелден діни білім алғысы келетін азаматтар Діни басқарманың жолдамасымен, ресми тәлім алатын болса, әлбетте бұл құптарлық нәрсе», – дейді маман.