Таразда Қайрат Рысқұлбековтың ескерткіші ашылды

Dalanews 29 қаз. 2018 12:17 418

Ұлы Жібек жолы бойындағы ежелгі шаһар — көне Тараз қаласының туған күніне орай, Желтоқсан көтерілісінің қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтың есімімен аталған саябақ толық жаңғыртудан кейін ел игілігіне пайдалануға беріліп отыр.

Бүгінде саябақтың жалпы аумағы – алты жарым гектарды құрайды. Саябақтың эскиздік жобасын»Табыс Жоба» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі әзірлеген. Жобаның жалпы сметалық құны 403,9 миллион теңгені құрайды. Саябақ аумағында батырдың аты жазылған кіреберіс тақтасы және нақыл сөздер, Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтың ескерткіші, «Желтоқсан-86» орталығы, «Тәуелсіздік ұшқыны» аллеясы, қайта жаңғыртудан өткен «Ардагерлер үйі» және «Ғибрат» орталығы, «Шахмат» алаңы, балалар және спорттық алаңшалары орналасқан.

Салтанатты шараға жиылған қонақтар әуелі Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің жаңартылған ескерткішінің ашылуына қатысты.

Ескерткішті ашу үшін Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, драматург Елен Әлімжан, «Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі Мұрат Бердалиев, Қайрат Рысқұлбековтің әпкесі Гүлнар Рысқұлбекова шақырылды.

Шақырылған қонақтар кезекпен сөз алып, батыр ұлдың ұлт тарихында қалған орны мен ел тәуелсіздігін алу жолында жасаған көзсіз ерлігі жайлы әңгіме өрбітті.

Сонан соң қонақтар Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековке тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Ескерткіштің ашылуынан соң қонақтар «Желтоқсан-86» орталығында болды.

Естеріңізге сала кетейік, аталмыш ескерткіштен бөлек бүгін қала көлемінде Жамбыл ақынның ескерткіші, облыс әкімдігінің ғимараты маңында және орталық «Достық» алаңында түрлі-түсті сазды әуен ырғағымен ойнайтын төрт субұрқақ пайдалануға берілді.

Жеңіс саябағында орналасқан «Тыл еңбеккерлеріне», «Ауған соғысының ардагерлеріне», «Чернобыль апатына қатысушыларға» арналған ескерткіштер ашылады.

Сондай-ақ, бүгін қаламызда «Желтоқсан толқыны» атауымен еліміздегі ең ұзын әрі мағынасы зор субұрқақ, толық қайта жаңғыртудан өткен Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябағында, Желтоқсан оқиғасына  қатысушыларға арналған «Тәуелсіздік ұшқыны аллеясы», «Ғибрат»  орталығы ашылмақ.

Сонымен қатар, тараздықтар «Үшбұлақ»  жағалауындағы демалыс аумағының ашылуын тамашалайды.

 

 

08 ИНФО

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x