Юлия Галышева қола жүлдемен Өскеменге оралды

Dalanews 21 ақп. 2018 11:20 225

Бүгін Өскеменге фристайл могулден Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өткен Қысқы Олимпиада ойындарында қола медаль иеленген Юлия Галышева оралды. Спортшыны  қалың жанкүйер мен қала тұрғындары қуанышпен қарсы алды.

Ақ Олимпиада ойындарының жүлдегерін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова құттықтады.

– Сізді және жаттықтырушыңызды аймақ басшылығы атынан дүбірлі додада қола медаль иеленулеріңізбен құттықтаймын. Әрине, бұл тарихи  сәт. Жеңісіңізге барлығымыз шын жүректен қуаныштымыз. Алдағы уақытта жарқын жеңістермен қуанта береді деген сенімдеміз, – деді Әсем Нүсіпова.

Юлия Галышева отандық қысқы спорт тарихының жарқын өкілі. Пхёнчханда шығысқазақстандық спортшы біліктілік кезеңінен іркілмей өтіп, ақтық сынға жолдама алды. Үздік алты фристайлшының қатарына еніп, 77,40 ұпайымен төртжылдықтың басты додасының қола медаліне иелік етті.

– Еліміздің туы көкке көтерілгенде ерекше толқыныста болдым. Осы жүлдеге қол жеткізіп, қалың жанкүйердің сенімін ақтай алғаныма қуаныштымын, – деді Юлия Галышева.

Шығысқазақстандық спортшының айтуынша, ол әлі де бірқатар сайыстарға қатыспақ. Бірнеше күннен кейін Жапония жерінде өтетін әлем Кубогі кезеңіне жол тартады. Споршыны алда әлі төрт жарыс кезеңі күтіп тұр.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x