Өскеменде үздік әскери қызметкерлер марапатталды

Dalanews 07 мам. 2017 02:16 343

Өскеменде «Отан қорғаушылар» және «Жеңіс күні» мерекелері қарсаңында салтанатты шара өтіп, қызметте жоғары жетістікке жеткен бірқатар офицерлер мен сарбаздар марапатталды.

ҚР Ұлттық Ұлан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 5518 әскери бөлімі өткізген шараға 500-ден астам әскери қызметкерлер мен олардың туған туыстары қатысты. Бірқатар офицерге «Ұлттық Ұланға 25 жыл», «Ұлттық Ұланның үздігі» төсбелгілері, алғыс хаттар тапсырылды. Бөлім басшылығы ұзақ жылдар бойы Өңірлік қолбасшылық сапында қызмет еткен ардагерлерді де көңілден тыс қалдырмаған.

– Ұлы Отан соғысы жылдарында Шығыс Қазақстаннан 90 мыңға жуық ер-азаматтар шайқас алаңына аттандырылды. Отан үшін от кешіп, майдан даласында елі үшін шайқасқан батырлар қазірде қазақ жастарына ерлік пен қайсарлықтың үлгісі болып келеді. Тәуелсіздік жылдарында елімізде құрылғын Ұлттық Ұланның сапынан да бірнеше сарбаздар мен офицерлер ерлігімен көзге түсті, – деді ҚР Ұлттық Ұлан «Шығыс» Өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары полковник Ниязтай Әлкешов.

Айта кетсек, бірер күн бұрын «Шығыс» Өңірлік қолбасшылығы жергілікті БАҚ өкілдері үшін «Әскердегі бір күн» шарасын ұйымдастарды. Аталған шара барысында тілшілер Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздардың бір күндік өмірімен танысып қана қоймай, «Макаров» тапаншасынан нысанаға атып, «Калашников» автоматын уақытқа шашып-жинап, әскери БТР көлігінде орналасқан ірі калибрлі пулеметтен атып, жалпыәскери қорғаныс жиынтығын киюден уақытқа жарысты. Тіпті сарбаздардың тамақ ішу рационымен танысып, солдат ботқасынан да дәм-ауыз тиді. Жақсы нәтиже көрсеткен БАҚ өкілдерін бөлім басшылығы салтанатты шара барысында марапаттап, алғыс хат тапсырды.

Салтанатты рәсім әскери бөлім қызметкерлерінің қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x