Жемқорлықтың өлшемі
Жұрттың жемқорлыққа еті үйреніп кетті, байқайсыз ба? Бұрындары жемқорлыққа ұрынған адамды қоғам істікке шаншып тік көтермесе де, халық алдында абырой-беделінен айырушы еді. Қазір жемқорлық әрекетке қатысты өзіндік ұғым, өлшем-пайым қалыптасты.
Жемқорлықпен істі болған басшыларды ақтау, олар жайында жақсы пікір қалыптастыру сынды халықтың ой-санасын кері сүйрейтін үрдістер жүріп жатыр. Осыған дейін істі болған шенділердің ешқайсысы сот залында өзінің халық қаржысын жымқырғанын мойындап, жұрттан кешірім сұрағанын көрмедік.
Күні кешегі Үкімет басқарған Серік Ахметовтен бастап Ерлан Арын, Бауыржан Әбдіш, Анар Мешінбаева – бәрі-бәрі қолмен істеген ісін мойнымен көтермеді. Жазықсыз... таза... күйінде түрменің төрінен бір-ақ шықты. Олар сот алдында өздерінің айыбы жоқ екенін дәлелдей алған жоқ. Тіпті, кейбіреулері мемлекет қазынасынан жымқырған ақшаларын қазынаға қайтарса да, кінәсін біліп, жүздері қызғармады.
Тұңғышбай күресті қашан бастады?
Енді Жаманқұловтың ісіне оралсақ. Соңғы жылдары актер талай рет дауға қалғанын білеміз. М.Әуезов атындағы академиялық драма театрына директор болған күннен бастап талай мәселемен бетпе-бет келді.
Ол кезде Тұқаң әкемтеатрдағы иерархиялық жүйеге қарсы шығып, ең соңында мүйізі қарағайдай ағаларын өзіне қарсы қойып алды.
Міне, содан бері атағы жер жарған актерлер реті келгенде Тұқаңды мүйіздеп қалудың мүмкіндігін мүлт жіберген емес. Осылайша Тұқаң өз ортасынан «мәңгілік жау» тауып алды. Кезінде бұл іске ақпарат құралдары араласып, бұл дау Тұңғышбайды тұқыртумен аяқталған-ды.
Білсек, ол кезде Жаманқұлов театрды түлетіп, жастарға мүмкіндік туғызу үшін бел буып, білек сыбана кіріскен еді...
Оның бүгінгі дауының жөні бөлек. Кейбіреулер мәдени ортада «даукес» ретінде танылған Тұңғышбай Жаманқұловқа мемлекет тарапынан кино түсіру үшін бөлінген қаржыны талан-таражға салды деген күдік келтіруде.
«Феникс» фильмі үшін бөлінген қаржының қолды болды деген сомасын басқа жемқорлық фактілерімен салыстырсақ, баланың ойыны сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ, заң алдында жемқорлықтың үлкен-кішісі болмайды. Сондықтан, бұл жерде Тұңғышбай ағамызды ақтап алудың өзі қиын болып тұр. Бірақ, әлеуметтік желіде еркін көсілген жұрт сүйікті актерлерін жаманатқа қимай, араша түсіп жатыр. Бұл енді халықтың ойы, қоғамның пікірі.
Күрескер болып қалыңыз, Тұқа!
Біздің назарымызды аударған бір мәселені айтсақ. Тұңғышбай Жаманқұлов мәдениет саласының атқамінерлерімен айқасқа түскенде бұл дау ушығып, лаулаған оттың шаласы өзінің қорасына түсетінін ойлаған жоқ.
Кім біледі, актер ағамыз өткен жазда орын алған оқиғаларға араласпағанда мұндай пұшайман күйге түспес пе еді. Иә, «сен тимесең, мен тимеймін бадырақ көз» деген әдепкі ұстанымды ұстаса Тұқаң қазір «Феникс» фильмінің премьерасын өткізіп, шапқылап жүрер еді ғой?!
Ол сол бір оқиғаға араласқан сәтінде мәдениеттің айналасында жүрген біраз адамдар (қарапайым халықпен шатастырмаңыздар) қолдау білдірді. Бірақ, соңына дейін Тұқаңның қолдаушысы бола алмады. Ал халық Тұқаң «Феникс» фильмі бойынша он жерден айыпты болса сүйікті актерлерін қолдайтындарын ашық айтуда.
Жаманқұлов бітпес дауға араласқанда істің соңы қалай аяқталатынын дұрыс бағамдамағаны анық. Хан, билердің ролін сомдап, оптимизмге бойы әбден үйреніп алған Тұқаң жағдайдың ойламаған жерден күрт ушығатынын есепке алмаса керек.
Актер жағдай ушыққан жағдайда өзін қалай ұстау керек екенін ойламағаны анық. Оған оның «ағалап» Президентке үн қатуы айқын дәлел бола алады.
Тұқа, мұндайда боркемік болмаңыз. Халықтың өзі қолдап отыр сізді. Сол «Феникс» фильмінен жырғатып, қалтаға қыруар ақша баспағаныңызды жұрттың бәрі біледі. Елімізде түйені түгімен жұтатын жемқорлар тұрғанда Сіздікі әшейін дүние емес пе? Өзіңіз ойнаған хан-билердің харизмасын аз да болса бойыңызға дарытпағаныңыз қалай?
Әлихан Бөкейханов өзін «барса келместің сапарына» алып кетуге келген үш әріптің адамдары келгенде қалай қарсы алып, олардың өктемдігін қалай басқанын ұмыттыңыз ба? Алаш ардақтысы Әлихан ұлт мүддесі жолында өзінің басын бәйгеге тіккенін білді. Әділеттілік өз жағында болғандықтан ажалдың өзін де үлкен сабырмен қарсы алып, кейінгі ұрпаққа өнеге көрсетті емес пе?
Сіз де өз әділетіңізден айнымаңыз. Әрбір істің соңына дейін күрескер болып қалыңыз. Көпшілік сізді қолдайды, Тұқа!
Нұрлан ӘУБӘКІР