Тәжірибелі технократ – білікті кризис-менеджер

Dalanews 12 қаң. 2024 12:03 961

Алматы – қазақ халқының жүрегі, мемлекетіміздің айнасы. Керек десеңіз, бұл қала – қазақтың зиялы қауымын, ары қарай тереңдей берсек, бүкіл Алаш арыстарын қалыптастырған киелі орда. Барлығы да осы жерден қайнап, осы жерден өріс алды. Ұлтқа қызмет етіп, тарихта қалды. Алматы осынысымен құнды, осынысымен асқақ! «Ақынның да ақыны бар, өлеңі бір бөлек, әкімнің де әкімі бар, берері бір бөлек» демекші, біз бүгінгі тақырыпта Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев туралы сөз қозғағанды жөн санадық.

Бизнестен – билікке...

Былтыр БАҚ құралдарының нысанасына жиірек ілінген, әлеуметтік желілерде аты көбірек аталған бір әкім болса, ол – Ерболат Досаев.

Ерболат Асқарбекұлы 1970 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 1987 жылы О.Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектеп-интернатын бітірген. Алматы Энергетикалық институты мен Мәскеу мемлекеттік техникалық университетінде білім алған.

Елімізде бір емес, бірнеше банкті басқарып, кейін Премьер министрдің кеңесшісі болды. Энергетика, индустрия және сауда мен Қаржы вице-министрі қызметтерін атқарды. Бірнеше министрлікті басқарды, ҚР Премьер министрінің орынбасары лауазымында жұмыс істеді. ҚР Ұлттық банкінің төрағасы болды. 2022 жылы Президент жарлығымен Алматы қаласының әкімі болып тағайындалды. Содан бері Досаевтың тағы бір тынымсыз күндері басталды.

 

Әкім бол, халқыңа жақын бол

Ол аймақ билігін қолына алған күннен бастап өңірдің дамуына, әлеуметтің нығаюына көп күш жұмсап келеді. Айта кетейік, Алматы – республикалық маңызы бар қала және стратегиялық аймақ болып саналады. Сондықтан еліміздегі ең ірі мегаполисті басқару оңай емес.

Алып қалада жүздеген ұлттар мен ұлыстар, қырық рулы ел мен қарға тамырлы қазақ мекен етеді.

Тіпті керек десеңіз, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп жатқан бауырларымыздың басы осында қосылып, осы жерде «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратындай» татулық пен бірлікте өмір сүріп келеді.

Ал мұндай алып шаһарды басқару екінің бірінің қолынан келмейді. «Қырық атанға жүк болатын» үлкен жауапкершілікті мойынға артып, көпшілікті басқару, оның ойынан шығу – азаматтың азаматы атқарар іс!

Қазір жел қатты тұрса да, қар қалың жауса да, жаңбыр тоқтамай қалса да әкімді кінәлайтындар табылып жатады. Тіпті кейбіреулер үйінен шықпай қалған қоқысы үшін де әкімді тэгтеп отырады.
Кейбір блогерлер жасалған істі жасырып, жыртық іздеп жаңалық құруға құмарлық танытатынды шығарды.

Осындайды көріп отырып кейде «мұның бәріне Алматының әкімі қалай шыдайды?» деп таң қаласың.
Бұл ретте Досаевтың жұмысы жалаң пиардан гөрі, оның білікті де еңбекқор басшы екендігін көрсетеді. Оның жүктелген жауапкершілікті сезіне білетін, танымалдылықтан гөрі тынымсыз, тындырымды іске көбірек ұмтылатынын байқайсыз.


Кәсіпкерліктің өрісі кеңейді

Өткенде Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында брифинг өткізіп, шаһардағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Журналистер тарапынан сұрақтар қарша борады. Бірнеше сағатқа созылған брифингте қала әкімі көптің көкейіндегі сұрақтарға толыққанды жауап берді.

2023 жылғы 11 айдың қорытындысы бойынша, Алматыда экономикалық индикатор 13%-ға өсіп, көшбасшы орынға ие болды. Қалада 79,5 мың жұмыс орны құрылған. Инвестиция тарту ісінен де Алматы алда келеді. 2023 жылдың 11 айында негізгі капиталға 1,5 трлн теңгеден астам инвестиция тартылған.

Алматының 2024 жылға арналған бюджеті 1 трлн 624 млрд теңгені құрайды. Бұл 2022 жылдың басымен салыстырғанда 51,8%-ға немесе 553,4 млрд теңгеге артық.

Шағын және орта бизнес те мегаполисте қарқынды дамып келеді. 2024 жылы ШОБ-ті қолдауға 726 млрд теңге бөлінбек. Алдағы уақытта қалада, дәлірек айтқанда, Әуезов және Жетісу аудандарында 2 МСАК (алғашқы медициналық-санитарлық көмек) орталығы, сондай-ақ 1 жаңа емхана ашылады.

Сонымен бірге 11 МСАК орталығы мен емханалардың құрылысына ЖСҚ әзірленуде. 4 жаңа стационар салуға, 5 қолданыстағы аурухана мен 5 жедел медициналық көмек қосалқы станциясын жаңғыртуға ЖСҚ әзірлеу басталды.

Кадрлық әлеуетті арттыру үшін республиканың ғылыми орталықтарының базасында, Германия, Израиль, Түркия клиникаларында 3340 дәрігер қайта даярлаудан өтті. Жалпы, денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 2023 жылғы 36,5 млрд. теңгеден 2024 жылы 41,0 млрд. теңгеге дейін 12,3%-ға ұлғаяды.

17 жаңа мектеп ашылды. Қалада «Мектеп автобусы» жобасы іске қосылды. Жалпы білім беру саласын қаржыландыру 2023 жылы 12 пайызға ұлғайып, 416 млрд. теңге болды, 2024 жылы 466 млрд. теңгеге көбеймек. Қауіпсіздікті сақтау мақсатында Алматының барлық мектептеріне бейнебақылау камералары орнатылды.
Айта берсек, Ерболат Асқарбекұлы командасының жасап жатқан жұмыстары өте көп. Мәселен Алматы қаласы әкімінің тапсырмасы бойынша 70 көшеге 25 шақырым жаңа жол салынды. 200 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізілді. Енді 2024 жылы қаланың 8 шағынауданында 70 шақырым жаңа жол салу және 250 шақырым жолды орташа жөндеумен қамту жоспарланған.

Бұйырса, 2025 жылы Алматыда жолдардың болмауына байланысты проблема толығымен шешіледі. Жақында қалада қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыру мақсатында 100 жаңа троллейбус, 500 газбен жүретін автобус сатып алынды. Осылайша, 2023 жылдың соңында қоғамдық көліктің экологиялық отын түріндегі үлесі 53%-ға жетті.

Айта кетейік, бұл жерде біздің әкімнің мақтауын асырайық деген ойымызда жоқ. Керек десеңіз, Алматының әкімдігі де, әкімі де біздің мақтауымызға титтей де зәру емес. Біздің мақсат — қала басшысының көзге көрінбейтін істерін, жасаған еңбектерін көпке жеткізу.

 

Кадр таңдауда қателескен жоқ

Досаевтың тағы бір ерекшелігі, кадр таңдаудағы көрегендігін айрықша атауға болады. Мәселен ол қаланың даму бағдарламасын жасап, оны іске асыру үшін сапалы кадрларды іріктеп, оларды тиісті лауазымдарға қоя білді.

Осы ретте ол мемлекетшіл, ұлтжанды азамат Арман Қырықбаевты қаланың идеологиясына жауапты етті. Арман Оразбайұлы – қатардағы қарапайым қызметкерден биік дәрежелі мемлекет қызметшісіне дейінгі еңбек жолынан өтіп, шыңдалған тұлға.

Ол Алматы қаласы әкімінің орынбасары деген абыройлы қызметті зор жауапкершілікпен атқарып келеді. Ұлт руханиятына етене жақын Қырықбаев қаланың идеологиялық бағытын өркендетумен шұғылданып жатқандықтан, зиялы қауым арасында да оның беделі жоғары әрі орынды мақтауға жиі ұшырап жатады.

Қалай десек те, қазақ руханияты үшін қабырғасы қайысатын Арман Оразбайұлының шаһардағы орны бір бөлек, дараланып тұрады.

Әсіресе, қаланың ақпараттық саясатына қатысты ұстанымын екшейтін тұста Қырықбаевтың қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарына іш тартып, бүйрегі бұрып тұратыны анық сезіледі.

Қаланың ақпараттық кеңістігіндегі медиа-контенттердің қарқынды дамуы да шаһар әкімшілігі тарапынан жасалып жатқан қолдаудың бір көрінісі десек, артық айтқандық емес...

Бір сөзбен айтқанда, Алматы қаласына Ерболат Досаев әкім болып келгелі аймақтың әр саласында ілгерілеу бар. Өнеркәсіп саласы, кәсіпкерлік, халықты жұмыспен қамту, инфрақұрылым және экономика, абаттандыру мәселесі де жылдан-жылға жанданып келеді.
Мемлекеттік бағдарламалар да талапқа сай орындалып отыр. Президент тапсырмасын тыңғылықты орындап, халық көңілінен шығуға барынша тырысып жүрген, мегаполистің дамуына зор үлес қосып келе жатқан мұндай басшының жұмысын неге айтпаймыз? Жақсының жақсылығын айту парыз емес пе?..

Басқару, ұйымдастыру қасиеттеріне қарап, қазіргідей экономикалық ауыр кезеңде Досаевтай басқарушының бай тәжірибесін пайдалану қажет-ақ.
Жоғарыда айтқанымыздай, Алматы қаласын басқару екінің бірінің қолынан келе бермейтін өте күрделі шаруа.

Егер Ерболат Асқарбекұлы осы сынақтан жақсы өтетін болса, онда оның болашағы бекем, келешегі кемел болады. Өйткені, көп саясаткерлердің айтуынша, Алматы қаласының әкімі лауазымы қызметтік баспалдақта өсуге зор мүмкіндік беретін табысты орын саналады.

Қандай лауазым болмасын біз Ерболат Асқарбекұлының қыран құстай самғап, биіктерден көріне беруіне тілектеспіз. Өйткені, оның елге бергенінен әлі берері көп. Атқаратын істері әлі алда деп санаймыз. Еңбегіңіз жанып, абырой биігінен көтеріле беріңіз!!!

Қалай десек те, қазақ зиялыларының құтты мекені, ғылым мен білімнің, мәдениет пен өнердің ордасына айналған – Алматының өркендеуіне, көркеюіне айтарлықтай үлес қосып жатқан қала басшыларының елге сіңірген еңбектері ерен.

Серік АНАРБАЙ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар