Б.Тілеухан: «Жерге қатысты түйiндi мәселелердi бiр сәтте шешу мүмкiн емес»

Dalanews 13 там. 2016 05:16 228

Жер реформасы жөніндегі комиссияның бүгінгі отырысында комиссия мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан  жерге қатысты түйiндi мәселелердi бiр сәтте түбегейлi шеше салу мүмкiн емес екенін айтты, деп хабарлайды Bnews.kz  тілшісі.
«Қандай да бiр мәселенi ақыл-парасатпен шешу керек дегендi ескере отырып, Жер реформасы жөнiндегi комиссия құру туралы нағыз халықтық шешiм үшiн Елбасына Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығымызды бiлдiруiмiз керек деп ойлаймын. Бұл елiмiздiң демократиялану жолындағы жақсы үрдiс болды. Комиссияның бiрнеше ай аясында жүргiзген жұмысы ауқымды, нәтижелi болғанына барлығыңыз куәсiздер. Әрбiр комиссия мүшесi нақты нәтижеге жету жолында жұмыс iстедi. Сонымен қатар, комиссия iшiнде құрылған төрт жұмыс тобы көлемдi жұмыс атқарды», - деп атап өтті депутат.

Оның пікірірінше, күн тәртiбiне жер мен елдiң тағдыры шығарыландықтан халық өз пiкiр-ойын айтудан тыс қалған жоқ. Барлық пiкiрлер қаралып, сараланды.
«Менiң пайымдауынша, жерге қатысты түйiндi мәселелердi бiр сәтте түбегейлi шеше салу мүмкiн емес. Ел мүддесi мәселенi кезең-кезеңiмен, жүйелi түрде жүзеге асыруды талап етедi. Өткен үш айда бiз халықтың пiкiрiне қанықтық. Бұқара талабы, халықтың қалауы белгiлi болды», - деп толықтырды депутат.

«Алдағы уақытта асықпай, жерге қатысты шешiм таппаған барлық мәселенi шешу бағытында кешендi жұмыс жүргiзуiмiз керек. Түбегейлi осы мәселемен айналысатын құзырлы министрлiк қарамағына бұл жұмысты беру керек деп ойлаймын. Уақыты келгенде, қажет болса, қайта бас қосармыз. Сондықтан осы тоқтамға келгенiмiз дұрыс деп есептеймiн», - деп түйіндеді ол.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x