Тайжан: "Бүгежектемей жер кiмнiң қолында екенiн ашып айту керек"

Dalanews 13 там. 2016 05:22 774



Астанада өтіп жатқан Жер реформасы жөніндегі комиссияның отырысында, Мұхтар Тайжан мораторийді 5 жылға ұзарту өте орынды шешім деген пікір айтты. 




Бұл туралы bnews.kz хабарлайды.
«Бiздiң комиссиямыздың жұмысы жемiстi болды деп есептеймiн. Үш айдың iшiнде осындай шешiмге келдiк. Жасыратыны жоқ, бұл ұсынысты бiз де талқыладық. Менiңше, мұндай шешiм бүгiн қабылданса, онда халықтың көңiлiнен шығады. Себебi, бес жыл бойы жер ешкiмге сатылмайды, шетелдiктерге жалға берiлмейдi. Халықтың қалауы сол болды. Ал бес жылдан кейiн тағы да бiз аман болсақ, тағы да қарастырып жатармыз»,-дейді М.Тайжан

Оның айтуынша, комиссия осы үш айдың ішінде аз жұмыс атқарған жоқ. Бірқатар, аса маңызды шешімдер қабылданған. Әлі де бірқатар мәселелердің басы ашық.
«Комиссия бес жыл жұмыс iстей алмайды, сондықтан жұмысшы топ құру туралы бiр шешiм қабылдауымыз керек. Парламенттiң iшiнде бұл ұсыныстарды түсiндiру, керек болса қорғау үшiн жұмыс тобы жұмыс істеуі керек. Төраға айтып кеткендей, үш айдың iшiнде латифундизмге қарсы, жайылым жер туралы, басқа да дұрыс шешiмдердi қабылдадық. Бiрақ, менiңше, кадастр туралы бiз нақты шешiм қабылдауымыз қажет. Жер кiмнiң қолында, кiм пайдаланып жүргенiн бiз ашуымыз керек. Бұл жеке мәлiметтер туралы заңға қайшы келiп тұр. Бiрақ ақпарат туралы заңда ауыл шаруашылығына қатысты ақпарат ашық болу қажеттiгi жазылды. Заңгерлермен ақылдасып, керек болса заңдарды өзгертiп, жер кiмнiң қолында екенiн жариялау керек», - деді Жер реформасы жөніндегі комиссияның құқықтық тобының жетекшісі М.Тайжан.

Сондай ақ, М.Тайжан жерін шексіз сүйетін ел мен Елбасыға үлкен алғыс білдірді.
«Менiң ойымша, бiрiншiден, патриоттық сезімін көрсеткен халыққа рахмет айтуымыз керек. Екiншiден, Президентке алғыс айту керек. Өйткенi халықтың пiкiрiн естiп, түсiнiп, мораторий жариялап, комиссия құрды. Ол да өте орынды шешiм болды. Үшiншiден, комиссия мүшелерiне рахмет айтамын»,-деді М.Тайжан.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар