Орысша ойлайтын маман ауылдың мұңын қайдан ұқсын?

Dalanews 04 сәу. 2016 22:40 174

Таяуда Кәсіпкерлер палатасында пікірсайыс клубының кезекті отырысы өтіп, ауылшаруашылық кооперативтерін құру мәселесі талқыға салынды. Жиынға ауыл-аймақтан шаруа қожалықтары мен кооператив иелері арнайы келді.

dalanews031Пікірсайыс модераторы Қалқаман Сарин Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі кешігіп жатқанын айтып, отырысты уақытынан кештеу бастады. Жарты сағат өткен соң, министрлік жіберген өкіл де залға имене кіріп, төрдегі орнына жайғасты. Жап-жас жігіт екен, бәріміздің уақытымызды алып, күттіріп қойғанына ыңғайсызданған кейіп танытып, кешірім сұрады…

Хош, сарыла күткен адамымыз не айтар екен деп бәріміз соның аузына қарадық. Бірақ Ауыл шаруашылығы министрлігі Стратегиялық жоспарлау және анализ департаментінің агробизнес басқармасының басшысы Азамат Құрманов өкінішке қарай, тұщымды пікір айта алмады. Асығып келіп, аптығын баса алмай отыр ма десек, ойын қазақша жеткізуге қиналып, ежіктеп, әбден қара терге түсті. «Әжептәуір ән еді, пұшық айтып қор қылдының» кері болды, қысқасы.

Бәрінен де алыстан ат арылтып келген қарапайым шаруалардан ұят болды. Осы уақытқа дейін қайтсем қорамды малға толтырып, аузымды аққа жарытам деп отырған ауылдағы ағайынға кооператив құрудың жай-жапсарын ешкім жарытып түсіндіріп бере алмаған-ды. «Ауылшаруашылық кооперациясы туралы» заңның күшіне енгеніне үш айдай уақыт болды, бірақ әлі күнге дейін ол туралы қарапайым ауыл тұрғындары түгіл, жергілікті жердегі ауыл шаруашылығы мамандарының өздерінің хабары аз көрінеді. Мысалы, Ақтөбе облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Қаржаубай Ыбырайымұлының айтуынша, кооперация туралы заң қабылданғанмен, ол заңды іске асыру туралы ережелер, жалпы ақпараттық нұсқаулықтар жоқ. Бұдан кейін жеткілікті деңгейде түсіндіру жұмыстарының жүрмегені айтпаса да түсінікті.

Сонда дейміз-ау, Ауыл жұрты білмесе, мамандардың хабары аз болса, министрлік жарытып түсіндіріп бере алмаса бұл заң кім үшін қабылданып отыр?! Мақсатымыз санда бар, санатта жоқ көп заңның қатарын толықтыру ма, әлде расымен тұралап қалған ауыл шаруашылығын дамыту ма?

Сонымен, өкінішке орай, шалғайда жатқан шаруалардың салаға жауапты министрдің өзі келмесе де, өкілі келеді ғой, жүзбе-жүз кездесіп, сұрап қалсақ деген үміті ақталмады. Ауылдың қамын күйттейді деп сенген білдей бір министрлік маманының пұшайман халіне қарап, айдаладағы біз ұяттан кірерге тесік таппай отырдық.

Бір бұл ғана емес, жалпы ауыл шаруашылығын дамытуға мемлекеттік бюджеттен миллиондаған қаржы бөлініп, осы уақытқа дейін қаншама бағдарлама қабылданды. Нәтижесі қане соның?! Неге біз әлі күнге дейін Пәкістанның картобын, Өзбекстан мен Қырғызстанның жеміс-жидегін, Ресей мен Беларуссияның етін жеп, сүтін ішуге мәжбүр болып отырмыз?! Осыны қарапайым, түсінікті тілде түсіндіріп бере алатын жібі түзу адам болмағаны ма, білдей бір министрлікте?! Әрі-беріден соң дәл сол жиынға министрдің өзі келетіндей жөні бар еді ғой.

Жалпы, кооперация құру жобасы ішкі нарықты ауылшарушылық тауарларымен қамтамасыз ету және ауылшаруашылық өнімдерінің экспорттық бағытын арттыру мақсатынан туындаған, әлемнің дамыған елдерінде атам заманнан бар бағыты игі, дұрыс бастама екенін түсініп отырмыз. Бірақ неге осы жоба дұрыс ұйымдастырылмайды? Неге бізде осы «Істедік дегеннен гөрі, істейін деп жатырмыз» деген сөз көп?! Сөзден іске көшетін күн қашан туады? Сұрақ көп, мардымды жауап жоқ, бірақ…

 Жандос АЙМАН

 

Дереккөзі: ult.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x