"Бұл тақырып аса актуалды. Орта Азия елдеріне, соның ішінде Қазақстанға лаңкестік деген аты жаман "дертті" Ислам дінінен бөлек қарастыратын, терроризм мен дін түсінігін байланыстырмайтын ақпараттық жұмыс жүргізу қажет", – деген еді сарапшы.
Араға бірнеше жыл салып осы тақырыпқа қайта оралған дінтанушы Ғайнижамал Наурыз: "Исламофобия – ХХІ ғасырда кең тараған феномендердің бірі" деген пікір білдірді.
Dalanews.kz сарапшы пікірін оқырман назарына ұсынады.
Исламның геосаяси алаңдағы террорлық «потенциалын» жақтаушылар тобы өз идеяларын әртүрлі тараптан білдіріп, аталмыш құбылыстың популяризациясына үлкен үлес қосты.
Антиисламофобиялық көңіл-күйлер, акциялар көбінесе ғылыми, әлеуметтік, саяси орталарда ғана таралып жүрді. Шынына келсек, бұл бағыттағы жұмыстар исламофобия көріністерін азайтуға өте аз үлес қосып жатыр. Әлемге жаңа тактика, ерекше бағыттар керек болды, әлі де мұқтаждық байқалады. Сондай альтернативті әдіс ол – музыкалық индустрия құралдарын қолдану.
"Музыкалық жихад" – өткен ғасырдың соңғы жылдарында, яғни Таяу Шығыстағы шиеліністерден, 2001 жылы 11 қыркүйектегі терактіден кейін андеграундтық орталарда ерекше танымал болған музыкалық бағыт.
Басты өкілдері: Muslimgauze, MUDBOY, Charlemagne Palestine, John Körmeling, Radboud Mens, Taavi Suisalu және тағы басқалар. Музыкалық джихадтың басты ерекшелігі: шығыстық, ислами мотивтерді қоса отырып, әлеуметтік кескіндемені нақты исламофобия проблемасына бейімдеп, бұқаралық емес туындылар жасау.
Бұқаралық емес, андеграундтық музыка жасау – Еуропалық музыкалық лейблдерге тән. Ал АҚШ музыкалық индустриясы ашық, және олар қорлармен, ұйымдармен серіктестік орнатуға дайын, Еуропадағыдай нақты жанр жоқ, мысалы, 2017 жылы «Philia: Artists Rise Against Islamophobia» атты альбом жинағы шығарылды.
Тындалымнан жиналған қаржы Unity Productions Foundation исламофобиямен күреске бағытталған қорға жұмсалады. Бұл жинақты шығарудың басты алғышарты 2015-2016 жылдары АҚШ Әділет министрлігі ұсынған статистикалық мәліметтер болды. Бұл құжатта Америкадағы арабтардың, мұсылмандардың қыспаққа ұшырау жиілігі көрсетілді. Жинаққа инди, рок, электро жанрларын қамтыған әндер кірді.
Визуалды қырдан антиисламофобиялық қозғалысқа үлес қосқан «My Faith My Voice» атты афроамерикандық мұсылмандардың хип-хоп жобасы. Музыканттар бейнебаянға арнайы эффектілерді қоспай-ақ тындармандардың ықыласына бөленді. 2010 жылы АҚШ-ның кейбір штаттарында вирустық бейнебаянға айналды.
Аустралиядағы исламофобиямен күрес метал жанрындағы топтармен жүргізіліп жатыр. Басты өкілі Hazeen – аустралиялық death metal бэнд. Топ жергілікті исламға қатысты стереотиптерге қарсы шығуда, олардың ішінде ислами терроризм, босқындардың жағдайы және тағы басқа мәселелер қозғалады.
Қорытындылай келе, исламофобиялық толқуларға қарсылықты тек саяси түсіндірумен шектемеу қажет. Өркениетті қоғамда қолдануға мүмкіндік бар кез-келген әдіс-тәсілдерге жүгіну, оның ішінде өнер арқылы идеяны жеткізу ең оңтайлы шешім. Бұл бағытты дамытуға БАҚ-ның функциялары қажет. Шетелдік музыкалық тәжірибелерді қарастыра отырып, біздің қоғамның өзіне тән проблемаларына көңіл аудартуға, шешімін табу үшін өнер адамдарының «күшін» пайдалануға болады.
Ғайнижамал Наурыз, дінтанушы