Әлеуметтік желі қолданушылары арасында қайтыс болған туыстарын жерлеу рәсімі қалай өтіп жатқанын талқылайтын бейнежазбалар жиі байқалуда. Кейбіреулер марқұмды енді ғана жерлеп келіп, дастархан басына жайғасып, палаудың дәмін немесе жақындарының қайғысына қаншалықты ортақтасқанын әңгіме қылып жатады. Неліктен мұндай оқиғалар қалыпты дүниеге айналып кетті? Бұл сауалға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі, дінтанушы Нұрлан Қайырбеков жауап берді.
— Нұрлан Евфратұлы, соңғы кездері әлеуметтік желілерде жаңа ғана жер қойнына тапсырылған марқұмның асында дастархандағы тағам мен адамдардың мінез-құлқын талқылау кең етек алып барады. Ислам тұрғысынан бұған көзқарасыңыз қандай?
— Мұндай әрекетті ислам діні тұрғысынан құптарлық деп есептемеймін. Мұндай жағдайда асыра сілтеу мен әсірелеу орынсыз. Қаралы үйдегі сәттер — ең алдымен марқұмды еске алу, оның рухына Құран бағыштау, өз өміріміз туралы ойлану үшін берілетін уақыт. Мұндай сәттерде адамдардың көңілін тамаққа немесе біреудің мінез-құлқына аудару негізгі мақсаттан алыстатып жібереді. Бұл рухани сәт болуы тиіс, мерекелік немесе бедел көрсетуге арналған шара емес.
— Ислам шариғаты бойынша жерлеу мен аза тұту кезінде қарапайымдылық сақтау қажет пе?
— Әлбетте. Ислам кез келген жағдайда қарапайым болуды насихаттайды. Жерлеу рәсімі де солай — бұл марқұмға дұға ету, өмірдің өткінші екенін еске алу. Қарапайымдық — осы негізгі мақсаттарға ден қоюға көмектеседі. Алланың алдында бәріміз теңбіз, бір-бірімізден еш айырмамыз жоқ. Ешқандай сән-салтанат, ас та төк байлық бұл оқиғаның мән-мағынасын арттырмайды. Құлшылығымызбен, амалымызбен ғана артықпыз.
— Ас беру кезінде дастархан қандай болу керек? Осы сауал соңғы кездері қоғамда жиі талқыланды. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы тарапынан бұл жөнінде нақты ережелер бекітілді ма?
— Исламда дастарханға қатысты нақты талаптар жоқ. Бірақ ысырап пен сән-салтанаттан аулақ болу керек. Дастархан қарапайым, жергілікті дәстүрге сай болса жеткілікті. Ең бастысы – марқұмды еске алып, дұға жасау. Тамақ жеу – басты мақсат емес. Бұл жай ғана адамдардың бірге отырып, Аллаға шүкір айтуы және марқұмға дұға етуі үшін ұйымдастырылады. Діни басқарма марқұмның асының дастархан мәзірін жасап, ұсынған болатын.
— Жерлеу кезінде адамдарға тамақ салынған себеттер тарату жайлы не айтасыз?
— Бұл — діни міндет емес, жергілікті дәстүр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл мәселеде орта жолды ұстануға кеңес береді. Егер бұл шын ықыласпен жасалса – жақсы. Бірақ бұл міндетке айналмауы керек, артық шығын да болмағаны жөн. Тағы да қайталаймын, бастысы – дұға мен рухани қолдау.
— Кейде адамдар жерлеу кезінде тағамға, сыртқы келбетке көп мән беріп, басты нәрседен алшақтап кететіні неліктен?
— Бұл, бәлкім, адамның табиғатынан. Ауыр әрі ауыртпалықты ойлардан қашып, жайлылық іздеу тән нәрсе. Адам өлім сияқты ауыр тақырыппен бетпе-бет келгенде, басқа нәрсеге көңіл аудару арқылы өзін тыныштандырғысы келеді.
— Шынайы аза тұту Исламда қаншалықты маңызды? Бұл қалай табиғи болуы керек?
— Ислам шынайылықты талап етеді. Қайғы — жүректен шығуы керек. Дауыс көтеру, айқайлау, жалған эмоция көрсету — дұрыс емес. Аза тұту — бұл іштей сезінетін, ұстамды әрекет болуы тиіс. Бұл сәт — шынайы сенімнің, шынайы ниеттің көрінісі.
— Жалпы алғанда, жерлеу рәсімінде қарапайымдылық пен ұстамдылықтың рухани мәні қандай?
— Бұл – бәріміздің Алланың алдында тең екеніміздің белгісі. Бұл жағдай — өмірдің өткінші екенін еске салу, адамды тәубеге келуге, шүкір етуге үйрету.
— Қазақстан мұсылмандары жерлеу рәсімінің дұрыс этикетін қаншалықты біледі? Қоғамда шынайы жанашырлықты тәрбиелеу үшін не істеу керек?
— Бүгінде бұл бағытта белгілі бір деңгейде сауаттылық бар. Бірақ дәстүр мен діннің аражігін ажырата алмайтын тұстар әлі де жеткілікті. Сондықтан діни ұйымдар мен имамдар түсіндіру жұмыстарын күшейтуі қажет. Жастармен жиі кездесіп, дұрыс үлгі көрсету маңызды. Сонда ғана мәдениет өзгеріп, шынайы сыйластық пен имандылыққа негізделген көзқарас орнығады.
— Әңгімеңізге рахмет!