Қазіргі таңда инвестиция тартып, өндіріс ошақтарын құруда Шығыс Қазақстан облысы алдыңғы орында келе жатқан аймақ. Соңғы жылдары еліміздегі инвестициялық өнімнің әрбір бесінші бөлігі Шығыста өндірілгенін облыстағы басшылардың бұл бағытта тиімді жұмыс істеп жатқанын аңғаруға болады. Инвестиция тартып, экономиканы өркендету жолында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов іскер басшы екенін білеміз. Бұл ретте аймақ басшысы өзінің жылдар бойы жинақтаған іс-тәжірибесіне сүйеніп жұмыс істейтіні анық.
Ендігі кезекте соңғы жылдары Шығыс Қазақстан облысына қаншалықты инвестиция тартылып, облыс экономикасы қалай өркендегенін жіліктеп айтсақ. Бүгінде Шығыс Қазақстан облысында инвестиция түрлі салаларға тартылып жатыр. Әдетте жұмысқа қыры жоқ әкімдер «инвесторлар тек қана мұнай-газ секторына қаржы салуға ынталы» деп өздерінің бұл бағытта жұмыс істей алмайтынын бүркемелеп жататыны жасырын емес. Ал соңғы жылдары Шығысқа құйылған инвестицияларға назар аударған адам бұл сөздің бос әңгіме екенін аңғарар еді. Ата-бабаларымыз «қалауын тапса қар жанады» деп бекер айтпаған ғой. Осы тұрғыдан алғанда Даниал Ахметов «қар жандырған» бірегей әкім болып тұрғанын мойындауымыз керек. Күні кеше ғана Мемлекет басшысы Үкімет мүшелері мен облыс басшыларының жұмысын инвестиция тарту ісімен бағалаудың мәні зор екенін айтып қалды. Ендеше, алдағы уақытта инвестиция тарту әкімдердің жұмысын бағалайтын басты критерийге айналатынын байқауға болады. Енді жақын-жуық арада Шығыс Қазақстан облысына тартылған ивестицияларға талдау жасасақ.
Күні кеше ғана Еуропалық даму банкі Шығыс Қазақстандағы ірі шаһарлардың инфрақұрылымын жаңғырту үшін таяу арада 20 млрд теңге инвестиция бөлетінін мәлім етті. Ғаламдық қаржы институты Шығыстағы бес жобаға қолдау білдіріп отыр. Бұл әзірге істің басы ғана. Инвесторлар ең алдымен Семей қаласындағы сумен қамтамасыз ету және су тарту жүйесін жаңғырту жұмыстарын қаржыландырады. Сол сияқты шаһарды жылумен қамтамасыз ету жүйесін жандандыру жайы да қарастырылған. Келешекте облыс тарапынан халықаралық қаржы институты назарына 3 топқа іріктелген тағы 120 жоба ұсынылмақ. Ол ұсыныстар Семей мен Өскеменнен өзге, Риддер, Курчатов, Зырян сияқты ірі шаһарлар мен ауыл-аймақтардың инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған. Бұл жайында «ШҚО мемлекеттік-жекеменшік әріптестігінің аймақтық орталығы» АҚ басқарма төрағасы Шәкәрім Бұқтұғұтов:
– Ең ұтымды келісімдердің бірі Семей және Өскемен қалаларындағы көшелерді жарықтандыру мәселесіне арналған. Бұл жаңа жоба электр энергиясын 60-65%-ға үнемдейді. Сәйкесінше бюджеттік қаржы шығыны да азаяды. Инвесторлар қолдауымен Семей қаласында – 200, Өскеменде 300 орындық аурухана құрылысы басталады. Қысқасы, бастама күтіп тұрған жобаларымыз өте көп, – деп қуанышымен бөліскен болады. Осылайша Шығыстағы атқамінерлер ебін тапса шетелдік ивесторлардың әлеуметтік салаға да қаржы салатынын нақты іспен дәлелдеп көрсетіп берді.
Жыл басында Шығыс Қазақстан облысының делегациясы жұмыс сапарымен Австрияның Штирия федералды жеріне барып қайтқан болатын. Сапар барысында аймақтар арасында ынтымақтастық орнату жолдары сөз болған-ды. Кездесулерде австриялық тараптан ШҚО-ға инвестиция тарту мүмкіндіктері кеңінен сөз болған. Облыстың инвестициялық жобаларының аясында ынтымақтастық орнатуға ұсыныс жасалынған еді. Нақтырақ айтсақ, Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мен Штирия федералды жерінің үкіметі арасындағы Қазақстан мен Австрияның аталған аймақтары арасында экономика, туризм, зерттеулер, технологиялар, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау мен басқа да салалардағы әріптестік қарым-қатынастарды орнатуды қарастыратын меморандум жобасы талқыланды.
Инвестиция тарту мәселесі сөз болғанда Шығыс Қазақстан облысының іргедегі Қытаймен арадағы сауда-экономикалық байланысының жаңа кезеңге аяқ басқанын ерекше атап айтуға болады. Бүгінде ШҚО және ҚХР кәсіпкерлері іскерлік кездесу барысында бірлесе жұмыс жасауда. Ауыл шаруашылығы мен туризмді дамыту және инвестиция тарту мақсатында 4 меморандумға қол қойылған.
Өскемен қаласына Қазақстандағы Қытайдың Бас елшісі Чжан Вэйдің басшылығымен Қытай және Қазақстан арасында экономикалық қарым-қатынасты нығайту мақсатында 80-нен астам делегация өкілдері келгені есімізде. Өз кезегінде өңір басшысы Даниал Ахметов:
– Бүгінде Қытай кәсіпкерлері облысымыздағы туристік бизнесті және мал шаруашылығын дамыту жобаларына ерекше қызығушылық танытуда. Біздің іскерлік әріптестігіміз жоғарғы көрсеткіштерге алып келеді деген сенімдемін, – деген еді. Синьцзян-Ұйғыр автономдық ауданының кәсіпкерлері Тарбағатай және Алтай аумағының басшыларына облыстың инвестициялық, соның ішінде – өнеркәсіпті дамыту, инфрақұрылым, энергетика және ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған жобалар көрсетілді. Сол кездесуде сауда-инвестициялық байланысты нығайту мақсатында, ШҚО және ҚХР кәсіпкерлері 4 меморандумға қол қойды. Оның ішінде Аягөз ауданында жылына 100 мың бас қой өсіретін мал шаруашылығы кешенін құру сынды экономикалық және қаржылық қолайлылық тудыратын жобалар кіреді. Сонымен қатар, Үржар ауданының Бахты ауылында құны 2 млрд 420 млн теңге құрайтын ұн комбинатын салу және ШҚО-да туризмді дамытып, «НИМЭКС-Текстиль» ЖШС іске қосу бойынша инвестиция тарту жұмысы аталған жобалардың ішіне кіреді. Осылайша 2015 жылдың жартысында ҚХР және ШҚО арасындағы ішкі өнім айналымының құны 169,9 млн доллар құрап үлгерген. Сауда құрылымында ҚХР-ға әсіресе мырыш, қорғасын, өңделмеген алюминий, мыс өндірістері экспортқа шығарылуда. Ал Қытай Республикасынан пневматикалық шиналар, жабдықталған жүк көліктері, минералды және химиялық тыңайтқыш көліктер, өндірістік құрылғылар, киімдер және техникалық бағыттағы керамикалық бұйымдар әкелінеді.
Шығыс Қазақстан – қаржы салып, өндірісті дамытуға қолайлы өңір. Бірақ сол қаржы көзін өзіміз іздестіруіміз қажет. Облыста тау-кен металлургиясы, машина жасау, ауыл шаруашылығы, туризм, энергетика салаларына қаржы салуға басымдық мол. Бүгінгі күні облыстың сыртқы тауар айналымы 2 миллиард 300 миллион АҚШ долларын құрап отыр. Соның ішінде экспорт бойынша сыртқа 1 миллиард 600 миллион доллардың өнімі шығарылып, экспорт көлемі бірнеше пайызға артты. Импорттық тауарлар 2,2 пайызға азайып, 600 миллион долларды құрады.
Күні кеше ғана 10 желтоқсанда Өскеменде «Алтай Агро Инвест – 2015» форумы өтті. Шараның мақсаты – әлеуетті инвесторлар үшін облыстағы аграрлық сектордың инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыру болған еді.
Форум жұмысына 100-ден астам шақырылған қонақтар, соның ішінде 13 мемлекеттен (Қазақстан, Ресей, ҚХР, Франция, Біріккен Араб Әмірлігі, Чехия, Израиль, Малайзия, Моңғолия, Бразилия, Канада, Үндістан, Швейцария) келген 70-тен астам инвесторлар мен дипломаттар қатысты.
Қызығушылық танытқан инвесторларға 160 млрд. теңгені құрайтын 52 инвестициялық жоба ұсынылды. Форум аясында 30 млрд. теңгеден астам қаржыға өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Осылайша Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі ең қиын деген салаларға қомақты инвестиция тартып, ортақ Отанымыздың өркендеуіне барынша күш жұмсап келеді.
Таяуда ғана Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы мен түркиялық «KAZ-AZMECO» ЖШС концессиялық келісімге қол қойып, Семей қаласында 1290 орынға арналған 5 балабақша салуға уағдаласқаны есімізде. Мемлекеттік және жекеменшік әріптестік негізінде салынатын 5 балабақша құрылысына 2 639 миллион теңге инвестиция тартылмақшы. Бұл жоба BOT (Build – Operate-Transfer) жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Яғни, инвестор концессиялық нысанды салады да, 7 жыл көлемінде жекеменшік құқығын пайдаланып, концессия нысанына иелік етеді (мемлекет тарапынан құрылысқа жұмсалған концессиялық шығын толық өтелгенше). Одан кейін концессия нысаны мемлекет меншігіне өтіп, әрі қарай концессионерге 12 жылға сенімді басқару негізінде пайдалануға беріледі. Концессия мерзімі – 20 жыл. Шетелдік компаниялардың қатысуымен әлеуметтік нысандар салу ісін бұрын-соңды естіген емеспіз. Осы ретте Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің инвестиция тарту бағытындағы іс-шараларын өзге аймақтарға тәжірибе ретінде ұсынуға болатындай. Мұндай жағдайда ел экономикасы өркендеп, мемлекетіміз қуаттана түсері хақ.
Нұрлан ӘУБӘКІР
Врезка
Бүгінде Шығыс Қазақстан облысында инвестиция түрлі салаларға тартылып жатыр. Әдетте жұмысқа қыры жоқ әкімдер «инвесторлар тек қана мұнай-газ секторына қаржы салуға ынталы» деп өздерінің бұл бағытта жұмыс істей алмайтынын бүркемелеп жататыны жасырын емес. Ал соңғы жылдары Шығысқа құйылған инвестицияларға назар аударған адам бұл сөздің бос әңгіме екенін аңғарар еді. Ата-бабаларымыз «қалауын тапса қар жанады» деп бекер айтпаған ғой. Осы тұрғыдан алғанда Даниал Ахметов «қар жандырған» бірегей әкім болып тұрғанын мойындауымыз керек.