Бюджет – аудан әкімдері жұмысының тиімділігін көрсетеді

Dalanews 25 жел. 2015 00:37 758

Таяуда Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің төрағалығымен облыс әкімдігінің аппараттық кеңесі өтті. «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасының жүзеге асу барысы, өңірде автоөнеркәсіптік кластер қалыптастыру, қалалардағы базар тәртібін реттеу және елді мекендерді абаттандыру мәселелері қаралған кеңесте аймақ басшысы тиісті басқармаларға бірқатар тапсырмалар жүктеді.


Әуелі үстіміздегі жылдың бюджеттік межесіне қатысты көзқарасын білдірген Даниал Ахметов қаржы жеткіліксіз деп байбалам салуға негіз жоқ екенін ескертті.


– Биылғы бекітілген бюджет, менің ойымша, объективті түрде межеленген. Өткен жылы республикадан 220 млрд. теңге бөлінсе, биыл 202 млрд. теңге қарастырылды. Жалпы алғанда, өткен жылғы көлем сақталған. Ал өңірді дамытуға былтырға қарағанда 38 млрд. теңге қаржы аз бөлініп отыр. Бұдан қорқудың қажеті жоқ. Керісінше, аудан, қала әкімдерінің жұмысы қаншалықты тиімді екенін көретін боламыз. Біз бұл айырмашылықты халықаралық даму институттарынан тартылатын инвестициялармен толтырамыз. Мемлекет басшысы бізден осыны талап етіп отыр, – деді аймақ басшысы.


Бұл ретте Еуропалық қайта құру және даму банкімен орнаған қатынасты нығайта түсу қажет. Аталмыш банкпен келер жылдың ортасына дейін 23 млрд. теңгені игеру бойынша келісім жасау күтілуде. Жалпы, өңір бойынша халықаралық қаржы институттарының қолдауымен 38 жоба іске асырылуы тиіс. Облыс басшысы аталған әр жобаның орындалуына жергілікті әкімдер жауапты екенін ескертті.


Жиын барысында облыс әкімі бюджеттік шығындарды үнемдеудің негізгі бағыттарын атап көрсетті. Бұл бірінші кезекте энергия және жылу тұтыну саласын қамту қажет. Мектеп, аурухана сынды мемлекеттік мекемелерді электр қуаты арқылы жылыту айтарлықтай шығынды талап етіп отыр. Осы мәселені шешу бойынша облыс әкімінің орынбасары Дмитрий Гариков бастаған жұмыс тобына ұсыныс дайындау міндеттелген. Облыс әкімі жұмыс тобы ұсынған жоба өзін ақтамайтындығын айтып, ақылға қонымды әрі бюджетке тиімді жаңа бағдарлама ойластыру керектігін ескертті.


– Бүгінде электр қуаты арқылы жылытылатын әр мектеп пен аурухананың жылу жүйесін тиімді көзге ауыстыру қажет. Облыс көлемінде 21 мың шаршы метр кешенді айына 3 млн. теңге жұмсап қана жылытып отырған мысалдар бар. Осы бағытта Балтық жағалауы елдерінің технологиясын зерделеуді тапсырамын. Үнемдеу ісіне бірінші кезекте инновациялық шешімдер қажет, – деген аймақ басшысы мемлекет есебінен жалға алынатын ғимараттар мен қызмет түрлерін де мейлінше оңтайландыруды тапсырды. Ол үшін бюджет арқылы қаржыландырылатын барлық арендалық қызметтердің тізбесі жасалып, жалпы құнын есептеу қажет. Бұдан кейін сол қызметтердің қайсысы негізсіз және шығыны шаш етектен екені анықталатын болады. Қаңтар айының соңында осы мәселе бойынша барлық қала және аудан әкімдері, басқарма басшылары мәлімет дайындап, қабылданған шаралар бойынша есеп беретін болады.


Үнемдеу барлық салаға қатысты болғанымен, балабақшамен қамту жұмыстары тоқтамақ емес. Керісінше, мемлекет меншігінде тұрғанымен мақсатқа сай емес немесе тиімсіз пайдаланылып отырған ғимараттар мектепке дейінгі тәрбие нысанына айналуы тиіс. Аймақ басшысы әкімдерді бұл тұрғыда Риддер қаласынан үлгі алуға шақырды.


Отандық материалды пайдалануға ден қойылады


Елді мекендерді абаттандыру бойынша да жаңа бағдарламалар дайындалуы керек. Мәселен, облыс орталығының №19 тұрғын ауданы мен ЖМК ауданын жасыл желекпен көмкеру талабы туындап келеді.


– №19 және ЖМК аудандарынан саялайтын ағаш табу қиын. Бұл мәселе қала әкіміне ескертілген. Енді сол бойынша нақты бағдарлама керек. Тиімсіз ағаштарды кесу шаралары да мұқият жүргізілуі тиіс. Бір ағаш кесілсе, орнына міндетті түрде көшет отырғызылатын болсын, – деді аймақ басшысы.


«Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы облыстың инженерлік инфрақұрылымына енген өзгерістер жайында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айтқазы Шерубаев баяндады.


Екібастұз-Семей бағытындағы жоғары кернеулі электр желілерін тарту жобасының жылдық жоспары 90 пайызға орындалған. Бұл жоба 2018 жылға қарай облысты электр қуатын тұтынуда Ресейге деген тәуелділіктен құтқаруы тиіс. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін Зайсан қаласына – 240 млн. теңге, елді мекендерге – 491 млн. теңге бөлінген. Жалпы, 2013 жылдан бері аудан бойынша 410 үйге, 36 мекемеге газ тартылған. Газ тартылған тоғыз елді мекеннің үшеуінде жұмыс толығымен бітсе, қалған алтауы келер жылы толықтай газбен қамтамасыз етіледі.


Облыс әкімі «Тарбағатай-Мұнай» компаниясының елді мекендерді газбен қамтуда әлеуметтік жауапкершілігін толықтай атқармай отырғанына назар аударды.


– Бұл компанияның өңірдің дамуына қолдау көрсету жұмыстары мардымсыз. Өндірістік әлеуеті жоғары бола тұра, көрсетіп отырған қолдауы нашар деп айтар едім. Бұл мәселені тиісті министрлік пен Үкіметтің назарына ұсынуымызға тура келеді, – деді аймақ басшысы.


Бағдарлама аясында Өскемен және Семей қалаларының жылу желілерін жаңғыртуға төрт млрд. теңге бөлінген болатын. Бұл қаржыға Семейде 12 жоба, Өскеменде екі жоба қолға алынған. Соның арқасында облыс орталығында 900 метр жылу желісі жаңадан төселіп, 400 метр желі қайта жарақталды. Бұл қаладағы тозығы жеткен желілердің көлемін 1,4 пайызға азайтып отыр. Ал Семейде 18 шақырым желі қайта жарақталған. Төрт бірдей қазандық жөнделуде. Келер жылы бұл бағыттағы жұмыстарға 4,5 млрд. теңге қарастырылып отыр. Осы қаржының көмегімен облыс бойынша 15 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылады. Бір өкініштісі, бағдарлама аясында атқарылған құрылыс және жөндеу жұмыстары барысында қолданылған материалдың 66 пайызы шетелден әкелінген. Облыс басшысы бұл мәселеде қатаң талап қойылатынын ескертті. Инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобалардың барлығы отандық материалдарды пайдалану арқылы жүзеге асуы тиіс.


«Өңірлік даму» бағдарламасы аясында халықты ауызсумен қамту бойынша негізгі жобалар облыс орталығы мен Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында жүзеге асады деп күтілуде.


Облыс әкімі Даниал Ахметов Семей қаласының Қарағайлы тұрғын ауданын жылу және электр қуатымен қамтамасыз ету үшін Азия даму банкінен инвестиция тартуды жүктеді.


Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрлан Мусин «PricewoterhouseCoopers» компаниясы дайындаған шеберлік жоспарын таныстырды. Өңірде автоөнеркәсіп кластерін құруды көздейтін жоспарды қазіргі таңда басқарма мамандары жан-жақты талдау үстінде. Кешенді жоспарда жоғары технологиялы өндіріс ұйымдастырудан бөлек мамандарды қайта даярлау, технопарк базасында жетекші өндірушілермен технология алмасу, өнімдерді сертификаттау, өндірістік мәдениетті жетілдіру сынды басым бағыттар айқындалыпты. Облыстың өндірістік әлеуетін зерделеген компания бірнеше осал тұстарымызды нұсқап, сын-қатерлерді де белгілепті. Бірінші кезектегі қатер ішкі сұраныстың өндіріс көлеміне сай келмеуімен байланысты. Дегенмен, «Азия Авто» ЖШС басшылығы бұл олқылықты Ресей нарығымен толтыратындарын айтуда. Бұған Орта Азияның тұтыну аумағын да қосуға мүмкіндік бар. Бұған дейінгі машина жасау саласының тек құрастырумен шектеліп келу де қиындықтар туғызуы мүмкін. Ал машина жасауға бағытталған сапалы металл мен әйнек шығаратын кен орындарының облыста болмауы «АзияАвто Қазақстан» зауытына ілеспе кәсіпорындарды құру талабын туындатып отыр. Н.Мусиннің айтуынша, сапалы әйнек шығаруға қажет құм карьерлерін Курчатов қаласының маңайынан немесе Күршім ауданының Бұқтырма су қоймасы маңынан игеруге болады. Аталмыш ұсынысты «Азия Авто» ЖШС да қолдап отыр.


Есімжан НАҚТЫБАЙҰЛЫ



Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар