Вице-премьер Қанат Бозымбаев Ақтау маңында апатқа ұшыраған AZAL ұшағына қатысты Ресей тарапымен өтемақы төлеу жөнінде келіссөз жүргізілгені туралы мәліметтен хабарсыз екенін айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның сөзінше, қаза тапқан жолаушылардың туыстарының бір бөлігі өтемақы алып үлгерген. Ал қалғандары бойынша мәселе әлі сот тәртібімен қаралып жатыр.
Бозымбаев өтемақы төлеуге міндетті тараптар ретінде әзірбайжандық және ресейлік сақтандыру компаниялары қарастырылып отырғанын жеткізді. Вице-премьердің айтуынша, олар зардап шеккендерге көмек көрсетуге дайын.
"Шешім жақын арада қабылданады деп ойлаймын. Меніңше, барлық жолаушы өтемақыны толық көлемде алады. Азаматтығына қарамастан, зардап шеккендердің бәріне тиісті төлем жасалуы керек", – деді ол.
Журналистер Ресей Қазақстанға өтемақы төлей ме деп сұрағанда, Қанат Бозымбаев мұндай ақпаратты естімегенін айтты. Сондай-ақ ол Астана мен Мәскеу арасында осы мәселеге қатысты қандай да бір келісім бар-жоғынан хабарсыз екенін жеткізді.
Вице-премьер Қазақстанның Әзірбайжан тарапымен байланыста екенін және жағдайды бақылауда ұстап отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, өтемақы тек Әзірбайжан азаматтарына ғана емес, апаттан зардап шеккен өзге ел азаматтарына да төленуі тиіс.
"Біз ешқандай кемсітушілікке жол берілмеуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Қазір кейбір адамдардың өтемақы алып үлгергені кемсітушілік жоқ екенін көрсететін сияқты", – деді Бозымбаев.
Сонымен қатар ол өтемақының кешігуіне кей жағдайда төлем алушыларды заңды түрде анықтау мәселелері себеп болып отырғанын түсіндірді.