Мен жазбаған, шамасы жазбайтын шығармаларымның арасында «Фунес, ғажайып жад» тақырыбын арқалаған сексен бетке жуық көпсөзді шимай бар, ал «Иренео Фунес» жай ғана олардың «сығымдалған» түрі. Бұл – ойдан шығарылған, тым қияли оқиғаның кейіпкері 1884 жылғы Фрай Бентос немесе Хуниннен шыққан бозбала.
Хорхе Луис БОРХЕС, Аргентина жазушысы
Оның анасы – киім үтіктегіш, ал жұмбақ әкесі қаңқу сөздерге қарағанда қасапханада жұмыс істейді. Бір нәрсе ғана белгілі: оның шығу тегі белгісіз болуына қарағанда үндіс болуы мүмкін. Бала кезінде кітаптың екі бөліміндегі иллюстрацияларды, карталарды, шрифттерді, ондағы қателерді мүдірмей жатқа айтқаны үшін бастауыш мектептен қуылады... Жігіт жиырмаға жетпестен көз жұмады. Ол өте еріншек еді: бөлмесінде жатып, есіктің алдындағы інжірді бақылаумен немесе қабырға бұрышындағы өрмекшінің торын торуылдаумен күндерін келмеске кетіретін.
[caption id="attachment_25595" align="aligncenter" width="640"] Хорхе Луис Борхес, Аргентина жазушысы[/caption]
Оның жаназасын шығарғанда көршілері бейшараның әлдекімнің үйіне қонаққа барғанын, қызыл шамдар көшесінде серуендеген мәнсіз өмірін еске алды. Тек бір адам ғана жұмбақтың шешімін тұспалдап сыбырлайтын болса, дәл осы бозбала ғана, бәлкім, бұл дүниедегі шынайы әрі жалғыз көріпкел болды. Оның түйсіну, есте сақтау қабілеті оған мүдірмей қызмет етті. Ол 1882 жылдың отызыншы сәуіріндегі таң алдындағы ақша бұлттардың пішінін бір кездері қолында ұстап көрген былғары кітаптың бетіндегі дақтармен салыстыра алатын. Көрген түстерін есіне түсіріп, қалпына келтіретін. Өкпесі қабынып, ақырын тапқан бейбақтың белгісіз өмірі сол бойда әлемнің қазылмаған қазынасы болып қалды.
Менің шығармамдағы бейшарадан адам нанғысыз қабілеттерді байқайсыз, былайша айтсақ, ол, қала маңындағы Заратустраға ұқсайды. «Улисстің» үздіксіз жыпырлаған төрт жүз мың сөзін тоқтаусыз оқу тек қана осындай мақұлықтардың ғана қолынан келетін шығар, менің Фунесті еске алған жалғыз себебім осы. Джойстың шеті жоқ романы дайындығы жоқ оқырманға ақылға сыймайтын хаос екені белгілі. Белгілі болған тағы бір мәселе, Зевс әулетінен шыққан, Лаэрттың ұлы Улисстың оқиғасын романды түсіндіруші Стюарт Гилберт әр бөлімді белгілі бір уақытқа, дене мүшелеріне, қандай да бір өнердің түріне, символға, түске, әдеби тәсілге жатқызады. Кітаптың қиын жоспары мен классикалық тәртібіне әлемді мойындатуға көп еңбекті қажет ететін осы бір кішкентай сәйкестіктер жеткілікті-тін.
Кітаптардың таңғаларлық стильдерінің алуандығына әлдеқайда сенімім мол. Шекспир, Кеведо, Гете секілді Джойс – санаулылардың қатарындағы жай ғана әдебиетші емес, әдебиеттің өзі. Оның мәтінінің бояуы қанық, ал Гетенікі қашан да жеңіл болатын. Мен «Улиссты» (басқалар сияқты) толықтай оқыған жоқпын, бірақ кейбір оқиғаларын рахаттана қайталап оқып тұрамын: Шекспир туралы диалогты, лупанариядағы «Walpurgisnacht» «(Вальпургиев түнін»), катехезистың сұрақтары мен жауаптарын... «They drank in jocoserious silence Epp's massproduct, the creature cocoa». Ал келесі бетінде: «A dark horse riderless, bolts like a phantom past the win-ningpost, his mane mononfoaming, his eyeballs stars». Немесе «Bridebed, childebed, bed of death, ghost-candled» дегенді. Джойстың артықшылығы мен кемшілігі қатар жүреді. Оның архитекторлық кемшілік, жетіспеушілігінің өтеуі – сөзінің құдіреттілігі. «Улисс» (бәрімізге белгілі) – бұл бір күннің, бір қаланың ішіндегі оқиға. Өз-өзін шектеу бұл жерде тек Аристотель талғамына деген құрмет емес, Джойс үшін әр күн – Ақырзаман, ал әлемнің кез келген нүктесі – тозақ екенін аңғару қиынға соқпайды.
Аударған Бекжанов САНЖАР,
«Солақайлар» әдеби клубы