Халқың бұралып жүргенде сенің үріп ішіп, шайқап төгіп жатқаның жөн бе?

Dalanews 19 нау. 2019 05:59 897

Әйгілі Құдайберген Сұлтанбаевтың көзі тірісінде берген сұхбаты әзір байлығымен мақтанып, не жеп, не қойып жүргенін «жарнамалаудан» жалықпайтын бірталай әнші-әртістерге үлгі боларлықтай екен.
– Өзіңіз байсыз ба, жоқ кедейсіз бе?
– Баяғыда «Байлық жойылсын, бәріміз тең, кедей болуымыз керек!» деп күресіп келдік.

Енді керісінше «Байлық жасасын, кедейлік кұрысын!» деп жатырмыз. Аумалы-төкпелі дүние дегенің осы... 

Есіңде бар ма, баяғыда «Свадьба в Малиновке» деген фильмде ме екен, ақтар мен қызылдар қырқысып, ерсілі-қарсылы жөңкіліп жатқанда бір байғұс селоға қызылдар келсе маңдайында жұлдызы бар буденновкасын жапырайтып киіп ала қояды да, ақтар кіргенде жалма-жан шешіп алып, қойнына тығып, апалақтап тұрады. Біздің қазіргі халіміз тура сондай. Не істерімізді білмей қалдық.

Сұлтанбайдың әкелері аса кедей болмаған дейтін. Бірақ олар тастап кеткен мұра жоқ менде.
Өзімді, шындығында, баймын деп те, кедеймін деп те айта алмаймын. Барға қанағат, жоққа салауат деп жүрген жай ғой. Ұлы Абай: «Өзіңде бармен көзге ұрып, артылам деме өзгеден» деген.

Кейбір құрдастарым айтады: «Ой, сенен бай адам жоқ! Шұлыққа тығып жатырсың бәрін», – деп. Олай емес. Төрт бөлмелі үйге жақында ғана кірдім.

«Қазақстанға еңбегі сіңген артист» атағын 1982 жылы алыппын. Оның өзінде Димаш Ахметұлының арқасында.

Біздің театрдан он бір-он екі адамның атаққа ұсынылған тізімі бармай ма о кісіге. Мұқият қарап отырған Димекең: 
– Мынау кім? – дейді ғой тізімді апарған адамға.
– Бұл – Жаманқұлов Тұңғышбай. «Тамашаның» артисі. 
– Ә-ә... Бұл әлгі ұзыны ғой. Ал, қысқасы қайда? 
– Қысқасы тізімге ілікпеді. Әлі жас. Стажы келмейді... 
– Қой, олай болмайды, жігіттер. Бәрін қосыңдар, – деп тізімді қайтарып беріпті.

Сөйтіп алдым атақты. Дінмұхамед Қонаев бәрін көріп-біліп жүреді екен. «Тамашаның» концерттерін бейнекассетаға жазғызып алып, шетелдіктерге көрсетіп: «Бізде осындай бір керемет жақсы хабар бар», – деп мақтанып отыратын көрінеді.

Менің байлығым – бағаланған еңбегім. Сол – дәулет.

Кейде қиналамын – белгілі бизнесмендер, коммерсанттар презантация, анау-мынау отырыстарына шақырады. Барсам әзер барамын. Өйткені, олар менің көрермендерім емес. Дүниетанымдары халық тынысынан бөлек, тойған, асқан-тасқан адамдар. Біз болсақ дархан кеңістікке, кең түсіністікке, жанды қауышуға, риясыз, қарапайым ара-қатынасқа дағдыланғанбыз. Шіріген бай болғым келсе әлгіндей іскерлерге қызмет етуім керек шығар. Жоқ, бұл маған қол емес.


Кей туыстарым: «Сен аха-ха, охо-хомен-ақ табыс тауып рахатқа батып жүрсің ғой», – дейді. Біздің еңбегімізді тым оңай, жеңіл көреді. Әйеліме: «Ой, саған күнде тамаша шығар. Құдайбергенің жаныңда. Күлкіден езу жиғызбайтын», – дейді. Қайдағы! Менің «Анау жоқ, мынау жоқ» деп күнде ескертумен отырғанымды қайдан білсін.

Жалпы алғанда, ел қатарлы құбатөбел тірлік біздікі. Қатардан кем калмауды ойлаймыз біз де...
Мені өнерге талпынып өсіп келе жатқан жастардың тағдыры көп алаңдатады. Нағыз қиындықты солар көре бастады ма деп ойлаймын. Жас әдебиетшілерге, артистерге, суретшілерге, сазгерлерге арналып қор ашылса деймін. Өйтпесек, өнердің ертеңгі күні не болады.

Әріптес аға буынды біздің тағдырымыз аса көп толғандырған жоқ. «Менен кейін топан су қаптаса да мейлі» деген түсінік олардікі. Шығатын биіктеріне өздері шығып алса болды емес пе! Несіне қайғырады...
Жаман әдет, тозық дәстүр өміршең, өлермен келеді. Біздің де кейбір қатарластарымыздың санасында «Өнердің соңы менімен бітсін» деген ұғым бекіген. Ізімізді басқан кейінгі ұрпақ тазара ма, білмеймін. Көпшілігі мәңгүрт. Тіл білмейді. Әдет-ғұрыптан жұрдай...

Жасым елуге келіп қалды. Сонда да базбір ағаларым мені әлі бала санайды. Қолбала болып жүре беруім керек сияқты. Олардың тілегімен өмір сүрсем алпысқа келгенде «молодой специалист» болатын шығармын. Жетпісте «болашағынан үміт бар» атанармыз. Ал одан кейін барсың ба, жоқсың ба!..

Негізінде, әдебиет пен мәдениет егіз. Бөлуге келмейді. Сондықтан, бастан кешіріп жатқан трагедиямыз да бірдей.

Қорыта айтқанда, байлық, кедейлік дегенді де салыстырмалы түрде түсінуге болады.
Ұлттық әдет-ғұрыптарымыз айшықтана түссе, экономикасы дамыған өркениетті мемлекеттер қатарына қосылсақ, тыныштық сақталса, сырт елдер мойындап тұрмай ма.

 Мәдениеті гүлденген бай мемлекетте тұрсаң сен де байсың. Ол үшін халықтың жан дүниесі де сұлулана түсуі керек.


Біз сол үшін күресіп келеміз. Шынболат Ділдебаев: «Қазы-қарта жегеніңнен не пайда, бауырларың кылтамақ боп жатқанда» дейді. Сол айтқандай, қандастарың бұралып жүргенде сенің үріп ішіп, шайқап төгіп жатқаның жараспайды. Сондықтан, елім бай болса екен дейміз біз...

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар