Халықтың Ұлттық құрылтайға деген сенімі жоғары

Dalanews 25 қар. 2022 11:43 858

Қайғылы қаңтардан кейін қазақ қоғамында үлкен өзгеріс орын алып, ашықтық пайда болды. Көпшілік экономика мен әлеуметтік салада, саясатта қордаланған мәселелерді әлеуметтік желіде ашық айта бастады. Иә, бұл біз үшін көптен күткен өзгеріс болғаны анық. Ендігі жерде қоғамдық мәселелер тек қана әлеуметтік желі де айтылып, артынша ұмыт болмауы керек. Бұл үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл күзде Ұлттық құрылтай жиынын өткізіп, көпшіліктің көңілін күпті қылған мәселелерді ашық талқылағанана куә болдық.

Осыған дейін қоғамда шешімін таппаған мәселелер түрлі қоғамдық кеңестерде талқыланып келгенін білеміз. Бірақ олардың көпшілігінің жұмысы «тиімді болды» деп кесіп айта алмаймыз. Соңғы жылдардың бедеріне назар аударып қарасақ, тек Ұлттық сенім кеңесі ғана біраз мәселеге қозғау салғанын байқаймыз.

Енді сол кеңестің жүгін Ұлттық құрылтай арқалайын деп тұр. Әңгіме басында Қайғылы қаңтардан кейін қоғамның тұтастай өзгергенін айттық. Мұндай жағдайда қоғамдық пікірдің көшбасшылары саналатын азаматтардың билік орындарымен диалогқа келіп, көкейде жүрген ойларын ашып айтып отыру қажет.

Осы бағытта құрылған Ұлттық құрылтай дәл қазір қазақ қоғамын тұтастыра түскенін байқауға болады. Соңғы 30 жылда халық пен билік арасындағы үнқатысу үзіліп қалғаны жасырын емес. Енді осы олқылықтың орнын Ұлттық құрылтай толтыруы тиіс.


Ұлттық құрылтайдың мүшелігіне жұрттың көкейінде жүрген мәселелелерді ашып айтатын азаматтардың мүше болуы халықтың аталған ұйымға деген сенімін бекемдей түскені анық.

Айталық, осыған дейін мұндай ұйымдардан шет қалып жүрген Тоқтар Әубәкіров, Асқар Жұмаділдаев, Абзал Құспан сынды қоғамдық пікірдің борометріне айналған азаматтардың бұл іске белсене араласып, ойларын ортаға салуы қазақ қоғамның үлкен өзгерістер кезеңіне аяқ басқанын көрсетеді.

Ұлттық құрылтай ресми орган емес, консултативті орган. Ұлттық құрылтайға 117 адам мүше болғанын білеміз. Олардың бәрі түрілі саланың көшбасшы тұлғалары десек артық айтқандық болмас. Сондықтан атқарушы биліктің Ұлттық құрылтайда айтылған ой-пікірлерге құлақ асып, бірлесіп жұмыс істесе, көптеген мәселелерді оң бағытта шешуге болады. Сол себепті халықтың Ұлттық құрылтайға деген сенімі жоғары.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар