Көпбалалы аналарға арналған ақшаны қайдан алуға боларын мына мен нақты білемін.
Біздің елде Ана атануды мамандыққа айналдыратын кез келді.
Бір балалы болдың екен – айына 100 доллар ал, екіншінің еншісіне – 200 доллар берілсін, үлкенінің есейіп кеткені маңызды емес.
Үшіншісін босансаң – 300 доллар алуға лайықтысың.
Төртіншісін жарық дүниеге әкелдің екен, ендеше төрт бөлмелі пәтер немесе 120 шаршы метрден кем болмайтын үй берсін Үкімет.
Осы арқылы қазақтың санын көбейтіп отырған Аналарға алғысын жаудырсын. Оларға тиесілі үлесін төлесін.
Бесіншісін босанса 500 доллар берсін несібесі деп. Алтыншысын, жетіншісін...босанған жағдайда төленетін жәрдемақы тиісінше 100 долларға көбейіп отырсын.
Күлкілі әрі қисынсыз көрінбей ме, менің ұсынысым? Жоқ, күлкілі де, қисынсыз да емес, анығында! Әбден пісіп-жетіліп кемеліне келген заңды әрі әділ талап!
Бұл ұлттық қауіпсіздіктің деңгейіндегі дүние әрбірден соң. Тәуелсіздіктің баянды болғанын қаласақ дәл осындай қарекетке баруымыз қажет.
Өткенді ой елегінен өткізіп көріңізші, қазақтың көрмеген қорлығы, тартпаған азабы бар ма?
Бұдан жүз жыл бұрын тігерге тұяқ қалдырмай сыпырып-сүйіріп әкеткен большевиктердің кесірінен ашаршылыққа ұшырап, халқының тең жартысынан айырылып тынды. Сүйегі көмусіз қалды қаншама боздақтың...
Совет өкіметінің қолымен жасалған сол геноцид болмағанда қазақтың саны бүгінгі күні 50 млн-ның үстінде болар еді.
Ал қазір ше? Қазір біздің санымыз 10 млн-нан сәл ғана асады.
Турасын айтайын, біз, туған топырағанда әділдік орнатып, тарихы мен тілінің салтанат құруы үшін әлі күнге дейін тынымсыз күресіп жатқан жоғалудың алдында тұрған ұлтпыз.
Бізді жоғалудан құтқаратын жалғыз ғана жол бар. Ол – көбейу. Өсіп, өну! Үбірлі-шүбірлі болу. Бір атаның балалары бір қауым елге айналатын заманға жету.
Тағы 10 жыл өткесін біздің санымыз қазіргіге қарағанда бір жарым есеге көбейуі керек. Жиырма жыл өткесін бүгінгіге қарағанда екі есеге көп болуға тиістіміз.
Бізге Батырлар керек. Бүйірдегі ашкөз Аю мен жылмағай Аждаһадан қасық қаны қалғанша қорғайтын Қобыландылар, Қабанбайлар, Бөгенбайлар қажет қазаққа. Мұндай алыптарды өмірге әкелетін Аналар қажет...
Кем дегенде 35 млн тұрғыны бар мемлекетке мұхтажбыз. Сол кезде ғана өз қолымыз өз аузымызға жетеді. Көрші-қолаңның қабағынан ықпайтын, ішкі нарығы өз қажеттігін өзі өтей алатын еңселі елге айналамыз.
Халықтан сұрады ма?
Сіз: «сонда бұған қажет қаражатты қайдан аламыз?» деуіңіз мүмкін. Білесіз бе, ақша дегенің жыртылып айырылады біздің елде.
Тек тіршілікке түк қатысы жоқ, ертеңгі күні қаңырап қалатын жобаларға жұмсалады.
Ана Щучинскідегі трамлинді алайықшы. Соған 1 млрд долларды төге салды.
Бүкіл елде трамплинмен төмен құлдилайтын әй, әрі кеткенде жүз адам бар шығар. Жоқ, оған қараған жоқ. Төге салды. Дәл сондай трамплин Алматыда тұр әйтпесе.
Ал Щучинскіге кім барады? Алты ай қыс ол жақта. Сүйегіңнен өтетін сақылдаған сары аяз. Күндіз минус 20, түнде одан бетер.
Үсіп өлгісі келмесе, есі дұрыс адам шаңғымен секірмейді мұндай күні. Жазда жел. Өңменіңнен өтеді. Ұшырып әкетеді. Есі дұрыс адам шаңғымен секірмейді мұндай күні.
Әрі кетсе 5 күн. Щучинскіде трамплиннен секіруге жарайтын әрі кетсе 5 күн бар. Міне, осы бес күнге және әлгі жүз шаңғышыға бола біздің Үкімет 1 млрд долларды шаша салды.
Экономикасы біздікінен 50 есе үлкен Ұлыбританияда әлі күнге бірде де бір трамлплин жоқ. Олар қалай күн кешіп жүр сонда?
Алысқа бармай-ақ, Астананы алайық.
Пирамиданың ішінде опера сахнасы мен 1300 адамға шақталған көрермен залы бар.
Жоқ, бізге аздық етті бұл. Алдық та «Қазақстан» дейтін тағы бір концерт залын салып тастадық.
Ойпырмай, ол да аздық етті. Опера театрын тұрғызайық, дестік...
Тағы бірнеше миллиард доллар ит-рәсуә болды осылайша. Не үшін, кім үшін салды соларды? Халықтан сұрады ма?
Пирамидадағы концерттік зал қаңырап тұр қазір. Жылына 10-15 күн жұмыс істер, істемесе ол да жоқ.
Қаңырап тұрғанмен қараусыз емес, бұларды ұстау шығыны бар ғой?! Іші-сыртын жамап жасқау, алты ай қыста жылытудың өзіне жыл сайын бюджеттен бірнеше миллион доллар былай-ақ кетеді.
Таза ақымақшылық. Есерсоқтық. Дарақылық.
Дәл қазір көз алдыма Трамп елестеп, Дональд ағайдың Майкрософт, Эппл , Дженерал электрик сияқты алыптарға айдаладағы Алабамадан дәл осындай жоба салуды бұйырып тұрған сәті елестеп кетті. Ертесіне-ақ есінен адасқан деп, Ақ үйден айдап шығар еді оны.
Мен тек көзіме іліккендерді ғана мысалға келтірдім. Қазақстанның картасын шолып шығыңызшы, мұндай мәнсіз, мағынасыз жобалардан аяқ алып жүре алмайсыз.
Жетер енді. Төзім таусылды, сабыр сарқылды. Күні кеше суық жердің қойнына тапсырылған бес талшын-тағдырдың көз жасы кешірмейді әйтпесе...
Аударған, Думан БЫҚАЙ