Вьетнамдық компания Қызылорда облысындағы әуежайды өз басқаруына алатын болды. Бұл туралы Сенаттан кейінгі талқылаудан соң өткізілген арнайы брифинг барысында ҚР Сыртқы істер вице-министрі Әлібек Бақаев мәлім етті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұған дейін Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин вьетнамдық Sovico Group компаниясы Қазақстанда әуежай сатып алу немесе оны басқару құқығы мүмкіндігіне ие болуды қарастырып жатқанын айтқан еді. Алайда, Бақаев, бұл арада бүтіндей сатып алу мәселесі қозғалмағанын нақтылады.
"Біз технологиялық әрі әкімшілік тұрғыдан еліміздегі қызметтерді (нысандарды) жақсартуға ат салысуы үшін озық компанияларды тартамыз. Вьетнам тарапымен келіссөздер жүргізілуде, бірақ бұл арада аталған сервиспен байланысты мәселелерді шешіп, жұмыстарды жақсарту үшін әуежайды уақытша басқаруға беру туралы сөз болып отыр. Яғни, әуежайды түбегейлі сатып алғалы жатқан жоқ. Біз стратегиялық нысандарды сатпаймыз", - деді Бақаев брифинг барысында.
Сондай-ақ ол шетелдік компания Қызылорда облысындағы әуежайды жақын күндері басқаруына алуы мүмкін екенін де жеткізді.
Жалпы, бұл ұсыныс кездейсоқтық емес, вьетнамдық SOVICO Group Qazaq Air әуе компаниясын сатып алу бойынша Қазақстанмен ұзақ уақыт келіссөздер жүргізген. Міне, кеше осындай "сақалды" келіссөздерден кейін нақты іске көшетін кезең келгені қазақ-вьетнам іскерлік жиынында белгілі болды. Алдымен Серік Жұманғарин вьетнамдық Sovico Group компаниясы Қазақстанда әуежай сатып алу немесе оны басқару құқығы мүмкіндігіне ие болуды қарастырып жатқанын айтты. Одан кейін Qazaq Air атауы VietJet Kazakhstan болып өзгеретіні белгілі болды.
"Отандық әуе компанияны сатып алушы - SOVICO Group. Келіссөздің басым бөлігі орындалды, ақысы төленді, акциялар инвесторлар қолына өтті... Сонымен қатар SOVICO Group пен VietJet Air-дың Qazaq Air-ға VietJet Kazakhstan жаңа брендін беру бастамасын жоғары бағалаймыз. Өңірдегі тасымал жүйесін кеңейту тасымал байланысын нығайтып қана қоймай, экономикалық өсім үшін жаңа көзді ашумен тең болмақ. Біз бұрынғыдан да бір-бірімізге жақын бола түстік", – деді "Самұрық-Қазына" АҚ Басқармасының төрағасы Нұрлан Жақыпов қазақ-вьетнам іскерлері жиынында.
Qazaq Air-дегі үлесті вьетнамдық инвестор Sovico Group-қа сату бойынша мәміле шарттарын анықтау бойынша негізгі келіссөздер 2024 жылдың аяғында аяқталды. Экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия 2024 жылғы 20 желтоқсандағы отырыста негізгі шарттарды мақұлдады. 2024 жылы 23 желтоқсанда Үкімет сағатында
"Самұрық-Қазына" ҰӘҚ Стратегия және активтерді басқару жөніндегі бірлескен басқарушы директоры Елжас Отыншиев инвесторға екі талап қойылып отырғанын еске салды. Біріншісі — 2044 жылдың соңына дейін 38,4 млрд теңге мөлшеріндегі қарызды өтеу, екіншісі - инвестордың осы мерзімді екі жылға ұзарту мүмкіндігін қарастыра отырып, бес жыл ішінде Boeing немесе Airbus-тың 20 ұшағын сатып алуы.
Айта кетсек, Qazaq Air 2023 жылы сатылымға қойылды: 18 тамызда "Самұрық-Қазына" АҚ қорына тиесілі авиакомпанияның 49%-дан 100%-ға дейінгі акцияларын сатуға арналған ашық екі кезеңдік конкурстың басталғаны хабарланды. Акциялардың бастапқы әрі ең төменгі бағасы 10,2 млрд теңге болып белгіленді. Активті бірден сату мүмкін болмады. 2023 жылдың 13 қарашасында жарияланған конкурс өткізілмеді деп танылды. 2024 жылдың қаңтарында "Самұрық-Қазына" қайта конкурс жариялады, алайда екіншісі де сәтсіз болды. Qazaq Air-ды сатып алатын инвестордың табылғаны 2024 жылғы 23 мамырда белгілі болды: Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапурдағы бизнес-форумда сөйлеген сөзінде вьетнамдық Sovico Group әуе компаниясының ұсынысын қолдап, пікір білдірді. Бірақ бұл келіссөздің өзі де бір жылға созылды.