Ұстаздар әулеті

Dalanews 01 қаз. 2020 06:13 1437

Мұғалім – мамандық, ұстаздық – қасиет. Яғни, ұстаз болу – адам бойындағы ұлы қасиеттердің бірі. Ендеше, осынау үлкен ұғымдағы ұстаздық қасиетке барынша адалдық танытып, бар саналы ғұмырын осы салаға арнаған, ұстаздарға қандай мақтау, мадақ айтсақ та артықтық етпейді. Бүгінгі әңгімемізге арқау боп отырған Алматы қаласы Білім басқармасының «№43 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жоғары санатты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, осы салада қырық жыл қызмет еткен ардақты ұстаз Аманбаева Зауре Тынысбайкызы. Бір қызығы, Зауре Тынысбайкызы ұстаздар отбасында тәрбиеленіп, ұстаздар әулетіне тұрмысқа шыққан. Содан бері қырық жыл өтсе де қасиетті мамандықты қадір тұтып келеді. Бүгінде мамандығына қоса бес бала тәрбиелеп өсірген ардақты ана, немерелеріне аяулы әже атанып отыр.

Зауре Тынысбайкызының әкесі Тынысбай Аманбаев Арал өңіріне жолдамамен барып, сондағы Абай ауылдық мектебінде қатардағы мұғалімдіктен мектеп басшылығына дейін көтеріліп, сол мектептен зейнетке шыққан құрметті азамат. Азаматтығы сол, мамандығына деген адалдықпен атқарған ісін аяғына дейін жеткізіп, ел алғысына бөленіп зейнет жасында ғана еліне қайтқан. Анасы Ағила да институттан кейін жас отаудың шаңырағын шашау шығармай азаматының соңынан ере білген аяулы жан. Мектеп кітапханасының қорын молайтып, оқушылар арасында әртүрлі іс-шаралардың ұйтқысы боп жүрген Ақтөбенің әппақ қызы ел-жұртына да ерекше ұнапты. Ауыл адамдары, көпшілігі, көпшілігі емес-ау, қазіргі ауыл тұрғындарының барлығы дерлік осы азаматтардың алдынан дәріс алған. Әңгімелерінде осы ауылдан тараған әрбір азамат «Тынысбай ағай» мен «Ағила апайларын» ерекше ықыласпен еске алып отырады.

– Менің ата-анам оқытқан сол мектептің оқушылары оқуларын бітіріп келіп, біздерге сабақ берді, – дейді Зауре Тынысбайкызы. – Сонда менің ата-анам ұстаздарымның ұстазы деп мақтанатынмын. Біздегі ұрпақ сабақтастығы осылайша әдемі өрбіп жататын. Ұстаздарға қарап ойымызды түзеп қана қоймай, барлық іс-әрекеттерін үлгі тұтатынбыз. Бой түзеп, арман қуатынбыз.

Арман қуып Алматыға келген ару қыз Қазақ Мемлекеттік Университетіне түсіп, болашақ жарын университеттің химия факультетінен жолықтырады. Барған жерінде математика маманы Жұмагүл апасы да нағыз ұстаз боп шыңдалуына жәрдем етеді. Бүгінде өзі де педагогикалық іс-тәжірибесінде мамандығын жетік білетін, тәжірибелі ұстаз. 2011-жылдан №43 ЖББ мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді. «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісінің иегері, 2013ж. Жыл сайын оқушыларды шығармашылық жұмысқа баулып, ғылыми жобалар байқауына апарып, пән олимпиадаларына қатыстырып жүлделі орындар иеленуде.

Тәжірибелі ұстаздың «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Алматы қ. бойынша ПҚ БАИ өз білімін үздіксіз көтеріп, жан-жақты ізденіп, жаңаша оқытуға бет бұруының нәтижесінде сабақ беретін сыныптарында да әрбір оқу жылында білім сапасы да жақсара түсуде. 2014 жылы ПШО-ның Алматы қаласы филиалының деңгейлі бағдарламасы аясында бірінші (ілгері) деңгей бағдарламасы бойынша курсты және 2016 жылы «Тәжірибедегі рефлексия» жалпы білім беретін мектептердегі педагогика кадрларының кәсіби даму бағдарламасы бойынша мектеп тренерлерін оқыту курсын бітіріп, әріптестерімен өз тәжірибесін бөлісуде.

Зауре Тынысбайқызының еңбектегі жетістіктері әрдайым ескеріліп, Алматы қаласы Білім басқармасы, Жетісу аудандық білім бөлімі, кәсіподақ комитеті, Жетісу ауданы әкімі тарапынан алғыс хаттармен, грамоталармен марапатталып келеді.

Сөз соңында айтарымыз, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей З. Аманбаева отбасынан алған өнегесін өзгелермен бөлісіп, өрелі істі өрбітіп келеді. Ұрпақ тәрбиелеу жолындағы толымды еңбектеріңіз жемісті болсын, әулет жүгін арқалаған аяулы жан! Кәсіби мереке қарсаңында Сіздің отбасыңызға амандық, деніңізге саулық тілейміз!

Ш. Битен

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар