Ұлттық Банк қызметкеріміз деп алдайтын алаяқтар көбейген

Ұлттық Банк қызметкеріміз деп алдайтын алаяқтар көбейген
ЖИ: Dalanews.kz

Бас прокуратура қазақстандықтарды Ұлттық Банктің атын пайдаланып, қаржы жымқыратын алаяқтардан сақ болуға үндеді., деп хабарлайды dalanews.kz.

Ведомствоның мәліметінше, соңғы бір жарым ай ішінде осындай 39 дерек тіркелген. Алаяқтар өздерін Ұлттық Банк қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарды түрлі сылтаумен ақша аударуға көндіреді.

Мысалы, Жезқазған қаласының тұрғынына белгісіз адамдар хабарласып, оның банктік шоттарындағы қаражатты алаяқтар иемденбек болып жатқанын айтқан. Кейін олар ақшаны «қауіпсіз шотқа» аудару қажет екенін түсіндірген. Алаяқтардың сөзіне сенген азамат депозиттегі қаражатын көрсетілген шотқа жіберіп, салдарынан 9 миллион теңгеден айырылып қалған.

Бас прокуратура мемлекеттік органдардың қызметкерлері телефон арқылы несие рәсімдеуді, мүлікті сатуды немесе ақшаны басқа шоттарға аударуды талап етпейтінін еске салды.

Сондай-ақ азаматтарға SMS арқылы келетін растау кодтарын, парольдерді, банк карталарының деректерін және басқа да жеке мәліметтерді бөгде адамдарға жария етпеу ұсынылды.