Қоғамды алаңдатқан осы мәселелер де Түркістанда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайда талқыланды. Елдің әл-ауқаты мен тұрмыстық жағдайын жақсарту, рухани ағарту бағытында атқарылуы тиіс жұмыстар қызу талқыланып, көпшілік өз ойларын ашық жеткізді.
– Қаржы нарығы былай дамиды, шикізат нарығы былай дамиды деп сенімді ақпарат айта алатын, соны дәлелдей алатын сенімді мектептер жоқ. Тіпті, мынау қазақ тілінің болашағы қандай? 10 жылдан кейін, 20 жылдан кейін қазақтың демографиясы қандай болады деген дерегіміз бар ма? Осының барлығын зерделейтін ғылыми орталықтар ауадай қажет, – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым.
Құрылтайда елдегі мәдениет пен діни ахуал да сөз болды. Аудан орталықтары мен шалғай ауылдарда мұражайлар мен мәдени орталықтарды түгендейтін кез жетті дейді зиялы қауым өкілдері.
– Бізде әр ауылда екі мешіттен бар, тіпті өткенде таң қалдым. Бір ауылда төрт мешіт бар екен. Төрт рулы ел екен ол ауыл. Мешіттерді көбейтпей-ақ, халыққа мектептер, балабақшалар, спорт залдары, спорт мектептерін салып, балалардың келешегімен айналысайық. Біз қазір балаларды бетіне жіберіп алатын болсақ, ертең мемлекеттің қауіпсіздігіне қауіп төнеді. Мен енді осы мәселені ұсыныс етіп айттым, – дейді жазушы Сәуле Досжанова.
Ал Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Азамат Сатыбалды:
– Мен барған жердің бәрінде Мәдениет үйінің істеп тұрғанын көрген жоқпын. Барлық Мәдениет үйлерінде қара құлып тұрады. Ол тек қана сол ауыл әкімінің, аудан әкімінің жиналыс өткізетін жері ғана болып тұр. Сондықтан барынша аудандағы Мәдениет үйлерін барынша жандандыру керек. Сонда ғана біз соларды сіңіру арқылы елдің рухын көтереміз. Осы мәселені көтердім. Енді құба-құп қолдап жатса, мен дұрыс деп ойлаймын, – дейді.