Ұлттық Банк несиеге тікелей ықпал етуші базалық мөлшерлемені арттыратыны сөзсіз - JP Morgan

Кәмшат Тілеухан 07 қаз. 2025 13:01

"Қыркүйек айында инфляция күткен мөлшерден жоғары болып шықты. Бұған түрткі азық-түлікке жатпайтын тауарлар, әсіресе құрылыс материалдары болды. Коммуналдық қызметтер мен жанар-жағармай тарифтерінің айтарлықтай өсімі қызмет көрсету секторындағы инфляцияны үдете түсті". Осыларды ескере отырып, америкалық банк - JP Morgan Қазақстанда базалық мөлшерлеме кем дегенде 100 б.п-ға өсетінін болжайды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Ұлттық Банк доллар ұсынысын ұлғайта отырып, валюта нарығында дұрыс шаралар қабылдады. Қыркүйек айындағы инфляция біздің болжамымыздан да, BBG консенсусынан да асып түсті (екеуі де жылдық сипатта 12,6%), тамызда 12,2%-дан көтерілді, бұл - 2023 жылдың тамызынан бергі ең жоғары көрсеткіш. Тамыз айы Ұлттық Банк үшін тосын сый болды, ал қыркүйек айы да одан қалыс қалмады. Енді біз инфляция деңгейі 2025 жылдың аяғында 13,5% деңгейінде болады деп болжаймыз, бұл тамыз айының соңында жарияланған Ұлттық Банктің болжамды диапазонынан (11-12,5%) едәуір жоғары. 29 тамыздағы ҰБ комитеті отырысының хаттамаларында, егер инфляцияның ағымдағы қарқыны сақталса, мөлшерлемені өсіру қажеттілігі артатыны атап көрсетілген. Алайда,қазіргі жағдайда қарқын сақталып қана қоймай, үдей түскен. Шілдедегі 0,7% айлық көрсетіш тамызда 1% болды, содан кейін біз өз болжамымызға қазан айында 100 б.п. өсім болатыны туралы қосымша мәлімет енгіздік. Қыркүйек айында инфляция азық-түлікке жатпайтын тауарлардың, ең алдымен құрылыс материалдарының өсуі аясында 1,1%-ға дейін күшейе түсті. Енді тәуекелдер Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемені  100 б. п-дан жоғары көтере алатынын көрсетіп отыр" деп Telegram-дағы Комментарий арнасы америкалық банк жариялаған болжаммен бөлісті.

Тамыз және қыркүйек айындағы деректер инфляциялық қысымның тұрақтылығын ғана емес, оның күшейіп жатқанын да көрсетеді. Сондай-ақ оң құбылыс та бар: қыркүйек айында екпін алған баға жалпыны бірдей қамтымайды. Алайда инфляцияның тұрақтылығы сақталуда. Тосын сыйдың негізгі көзі азық-түлікке жатпайтын тауарлар болды, олардың бағасы айына 1,5% өсті (және тамыз айында 9,8% - дан кейін 10,8%). Бұл секіріс құрылыс материалдарымен (тұрғын үйді жөндеуге арналған материалдар) және аз да болса жиһаз бен тұрмыстық жабдықтармен байланысты болуы мүмкін. Өсім бір санатқа бағытталғандықтан, шілдеде теңгенің әлсіреуіне ол негіз болып табылмайды.

Азық-түлік бағасы маусым кезеңіне сай, әдеттегідей арзандамады. Ол сол күйінде жоғары болып қалды, мүмкін бұған әлсіз теңге мен сұраныстың артуы әсер еткен.  Коммуналдық қызметтер тарифтерінің елеулі және тұрақты өсімі жалғасып, қызметтердегі инфляцияның жылдық көрсеткіші 15,3%, ал айлығы 1% болды. Коммуналдық қызметтер мен отынға тарифтері инфляцияға ықпал етуші негізгі факторы болып табылады: қыркүйекте бензин 3,5%  (тамызда +2,4% кейін), электр энергиясы 2,4% (+4,5% кейін), кәріз 1,7% - ға қымбаттады. Коммуналдық қызметтер мен энергетикалық тауарлардың кең тізімі әр айларда өсіп, инфляция мен инфляциялық күтулерге үнемі қысым жасап отырады. Бұл реттегі өзгерістердің ауқымы мен жиілігі 2023 жылдың басынан бері бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті, бұл тариф динамикасы мен жалпы инфляция арасындағы тұрақты сәйкессіздікке әкеліп соғуда. Дәйекті әсер маңыздылығын жоймады: тарифтердің өсуі қызметтердегі бағаның жалпы өсу қарқынынан және басты индекстерден тұрақты түрде асып отырады.

"Осылайша Ұлттық Банк өте күрделі макроэкономикалық жағдайға тап келіп отыр. Мөлшерлемені 150 немесе, тіпті 200 базалық пунтке көтеру инфляциялық күтулерді тұрақтандыру мақсатындағы Ұлттық Банктің міндеттемесін орындау тұрғысында заңды шешім болар еді. Алайда, бірінші кезеңде, біздің ойымызша, 100 б.п-ға да көтеру жеткілікті болады. Біз осы аптада Ұлттық Банк осы тұрғыда шешім қабылдайды деп ойлаймыз", делінген шетелдік банк болжамында.

Экономист Эльдар Шамсутдинов JPM-ның бұл айтқандарымен келісе отырып, азық-түлікке жатпайтын сегменттегі бағаның үдеуі валюталық әсерді емес, ішкі қызып кету құбылысын танытатынын айтады.

"Артық сұраныстың негізгі көзі бұл жұмыспен қамту мен импорттың өсуіне ықпал ететін, валютаға тұрақты сұранысты қалыптастыратын және инфляцияға қысымды күшейтетін тұтынушылық несиелеу екені белгілі", - дейді ол.

Айта кетсек, Ұлттық Банктің Ақша-несие саясаты жөніндегі комитеті 10 қазанда базалық мөлшерлемеге (көтеру/төмендету тұрғысында) қатысты өз шешімін жариялауы тиіс.

Бұған дейін ҚР Ұлттық экономика министрлігі 2026-2035 жылдарға арналған ұзақ мерзімді экономикалық даму болжамын жариялаған болатын. Оның мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының қаржылық қамтамасыз етілу көлемін айқындайтыны да нақтыланады. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар