ҚР Ұлттық экономика министрлігі 2026-2035 жылдарға арналған ұзақ мерзімді даму болжамын жариялады. Оның мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының қаржылық қамтамасыз етілу көлемін айқындайтыны да нақтыланады. Аталған стратегиялық даму құжатында Ұлттық қордың таза валюталық активтері 2035 жылға қарай екі есеге, ал экономикалық өсім үш есеге өсетіні болжанады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ұлттық қордағы активтер
Болжамға сәйкес, Ұлттық қордың таза валюталық активтері 2035 жылға қарай екі есеге өсіп, 109,9 млрд долларға дейін ұлғаюы тиіс. Мәселен, 2025 жылы, құжаттың келтірілген мәліметке сәйкес, бұл көлем 57,2 млрд доллар деңгейінде қалыптасқан, алайда, Ұлттық Банктің таяудағы есебінде, яғни тамызда қор активі бір айда 1,3 млрд доллармен толығып 61,7 млрд доллар болған. 2029 жылдан бастап мемлекет Ұлттық қордан жыл сайын 2 трлн теңгеден артық ақша алмауды көздейді. Бұл бюджеттің мұнай кірістеріне тәуелділігін азайтып, ұзақ мерзімді жинақтар көлемін арттырады деп күтіледі.
Экономикалық өсім
Үкімет ЖІӨ-нің орташа жылдық өсімін 4,5% деңгейде болады деп болжайды. 2035 жылға қарай Қазақстан экономикасы 473,2 трлн теңгені құрап, 2025 жылмен салыстырғанда үш есеге жуық (161,9 трлн теңге) өсімді көрсетуі керек. Өсім локомотивтері ретінде құрылыс және көлік саласы аталады, олар жылына шамамен 10% өсім әкелуі қажет. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы, жыл сайын 2-4% өсіммен тұрақталады.
Бюджет тапшылығы және инфляция
2030 жылға қарай Үкімет бюджет тапшылығынан толығымен құтылады деп күтіледі.
Егер бюджет тапшылығы 2025 жылы ЖІӨ-нің 2,7%-ын құраса, ал 2029 жылға қарай 0,4%-ға дейін төмендеп, содан кейін нөлдік балансқа шығуы керек. Құжаттағы мәліметтерге сәйкес, осы кезеңдегі бюджет кірісі екі есеге жуық өседі: 2025 жылғы 29,4 трлн теңгеден 2035 жылы 66,8 трлн теңгеге дейін.
Негізгі жүк салық жүйесіне түседі. 10 жыл ішінде олардың көлемі үш есеге жуық артуы тиіс: 2025 жылғы 23,2 трлн теңгеден 2035 жылға қарай 65,5 трлн теңгеге дейін. Бұл ретте салықтық емес түсімдер ең төменгі деңгейде қала береді: жылына шамамен 700 млрд теңге, ал жекешелендіру мен күрделі операциялардан түсетін түсімдерден елеулі әсер болмайды. Өсімге қарамастан, олардың экономикадағы үлесі 2025 жылғы 15,9%-дан 2035 жылға қарай 14,1%-ға дейін ғана төмендейді.
Алдағы екі жылда инфляция 9-11% деңгейінде болады деп болжанады, бірақ 2027 жылдан бастап оны 5% шегінде ауыздықтап ұстау қарастырылады. Болжамда Үкіметтің стратегиялық ойы мен мақсаттары белгіленген, бірақ оларды іске асыру сыртқы экономикалық жағдайға, шикізат бағасына және экономиканың ішкі тұрақтылығына да байланысты болатынын баса айта кетелік.
Бұған дейін Ұлттық Банк сарапшылар қауымдастығы арасында жүргізілген кезекті макроэкономикалық сауалнаманың нәтижесі жарияланған. Сондай-ақ Halyk Finance Ұлттық қор мен Ұлттық банк операцияларына сүйене отырып, теңгенің қысқа және орта мерзімді перспективаларына болжам жасаған болатын. Оған сәйкес, 2025 жылдың аяғына дейін 1 АҚШ долларының құны 550-560 теңге аралығын қамтиды деп күтіледі.