1 АҚШ доллары - 550-560 теңге: Halyk Finance теңге бағамына қатысты өз болжамымен бөлісті

Кәмшат Тілеухан 02 қаз. 2025 11:59

Halyk Finance Ұлттық қор мен Ұлттық банк операцияларына сүйене отырып, теңгенің қысқа және орта мерзімді перспективаларына шолу жасады. Қыркүйек айындағы теңгенің әлсіреуін маусымдық факторлармен байланыстырған сарапшылар қазанда үкіметке үнем жасауға тура келетінін айтады, ал жыл соңына дейінгі теңгеге шаққандағы 1 АҚШ долларының құнына қатысты бұған дейінгі болжамдарын өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Қазан айында Ұлттық қордан 600–700 млн доллар аралығында валюта сатылады деп  жоспарланған. Бұл сарапшылар күткен көлемнен жоғары болып отыр. Мұндай қадам "Самұрық-Қазынаның" бағалы қағаздарын қаржыландырумен байланысты болуы мүмкін.  Жалпы, 2025 жылға бекітілген трансферт көлемі – 5,25 трлн теңге. Оның ішінде сегіз айда 3,83 трлн теңге жұмсалып үлгерді, яғни айына орта есеппен 479 млрд теңге пайдаланылған. Жыл соңына дейін 2025 жылғы жоспарға сай болу үшін айлық трансферт көлемін 355 млрд теңгеге дейін қысқарту қажет. Бұл – 25,8% төмендеу және фискалдық ынталандырудың айтарлықтай шектелуін білдіреді. Демек, Ұлттық қордан сату үшін шығарылатын валюта  көлемі де қысқаруы тиіс", - дейді Halyk Finance Талдау орталығының сарапшысы Салтанат Игенбекова.

Оның айтуынша, алтынмен байланысты шағылыстыру практикасы да өз жалғасын табады, оның шеңберінде IV тоқсанда (1,4 трлн теңге) Ұлттық Банк ай сайын шамамен 467 млрд теңге (шамамен 848 млн доллар) сомаға шетел валютасын сатуды жоспарлап отыр.

"Бұған әлемдік нарықта алтын бағасының айтарлықтай өсуінен туындаған теңгелік эмиссия көлемінің артуы түрткі. 2025 жылдың басынан бастап толық шығарылмаған өтімділіктің жинақталуына байланысты алдағы тоқсан ішінде шетел валютасын сатуды ұлғайту жоспарлануда. Бұл валюта нарығында қосымша ұсынысты пайда болуын тудырып,  сәйкесінше Ұлттық қордан сату үшін шығарылатын валюта көлемінің қысқаруына ықпал етеді және сыртқы күйзелістер болмаса теңгенің тұрақтылығына қолдау көрсетеді", - дейді ол.

Сондай-ақ, қазақ айында квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімнің бір бөлігін міндетті сату нормасы аясында өткен айдың қорытындысы бойынша валюталық түсімді сату көлемі шамамен 378 млн АҚШ долларын құрады. БЖЗҚ валюта активтерінің үлесі осыған дейінгі жоспарға сәйкес шамамен 40% екенін ескере отырып, Ұлттық Банк қыркүйекте зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліне АҚШ долларын сатып алған жоқ. Қазанда да валюта сатып алу жоспарланбайды.

"Нәтижесінде, қазан айында Ұлттық Банк тарапынан нарықта валютаның таза сатылымы шамамен  1 448-1 548 млн долларды құрайды (Ұлттық Банктің нетто- сатылымына Ұлттық қордан сату үшін шығарылған және алтынды сатудан түскен валюталар кіреді), бұл 2025 жылғы ең жоғары деңгей болады. Бұрын таза сатылымның максималды мәні шілде айында, онда да теңге құны күрт әлсірегенде 1 339 млн доллар деңгейінде тіркелген", деп нақтылайды сарапшы.

Сондай-ақ ол мұнай бағасына қатысты да болжамымен бөлісті.

"Біз мұнайдың бір баррелі жақын болашақта 70 доллар шамасында сақталып, экспорт көлемі өткен жылмен салыстырғанда жоғары болады деп бажайлаймыз. Бұл теңге бағамына айтарлықтай өзгеріс әкелетін жағдайды таныта алмайды. Сондықтан біз теңгеге шаққандағы 1 АҚШ долларының жыл соңындағы бағамы 550–560 теңге деңгейінде болады деп алдыңғы болжамымызды өзгеріссіз қалдырамыз", деп сөзін түйіндейді Салтанат Игенбекова.

Бұған дейін теңге бағамы әлсіреп, Ұлттық Банк валюта нарығына қатысты мәлімдеме жасаған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар