Ұлттық Банк сарапшылар қауымдастығы арасында жүргізілген кезекті макроэкономикалық сауалнаманың нәтижесін жариялады. Сауалнамаға елімізде макроэкономикалық көрсеткіштерін талдап, болжаумен айналысатын 16 ұйым қатысқанын, ал респонденттердің қатарына нарықтың кәсіби қатысушылары, зерттеу институттары, халықаралық ұйымдар мен рейтингтік агенттіктер енгенін баса айта кетелік, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Алдымен қазір бағамы шатқаяқтап тұрған ұлттық валютамызға қатысты қаржы саласының өкілдері не ойлайтынын алға тарта кетелік.
2025 жылы бойындағы USD/KZT жұбының орташа бағамы 525,3 теңге (522,8), ал 2026 жылы 552 теңге (541,5), 2027 жылы 568 теңге (562,5) болады деп болжанады.
Мұнай бағасы мен экономика өсімі
Мұнай бағасы бойынша сценарий шарттары барлық болжамды кезеңде төмендеп отырады деп саналады.
2025 жылы Brent маркалы мұнайдың бағасы 1 баррель үшін орта есеппен 69 АҚШ доллары, ал 2026 және 2027 жылдары тиісінше 64,7 және 65,6 АҚШ доллары деңгейінде болады деп күтіледі.
Дегенмен, Қазақстан экономикасының өсіміне қатысты болжамдар жақсару тұрғысында қаралған: 2025 жылға ЖІӨ өсміне қатысты болжам: 5,2%-дан 5,6%-ға, 2026 жылы 4,7%-дан 4,8%-ға, 2027 жылы 4,4%-дан 4,8%-ға өседі.
Инфляция мен базалық мөлшерлеме
Сарапшылар инфляцияға қатысты болжамдарын өсу тұрғысында қайта қарады. Сөйтіп 2025 жылға жасалған болжамдардың медианасы 11,3%-дан 12%-ға, 2026 жылға 9,5%-дан 10%-ға, 2027 жылға 6,5%-дан 7%-ға дейін көтерілді.
Инфляцияға қатысты болжамдардың өсуіне байланысты респонденттер бүкіл болжамдық кезеңде базалық мөлшерлеме жоғары болады деп күтеді. 2025 жылға болжамдардың медианасы 16,5%-дан 16,6%-ға дейін, 2026 жылға 14,3%-дан 14,8%-ға дейін, 2027 жылға 11,3%-дан 12%-ға дейін сәл өсті.
Бұған дейін Halyk Finance Ұлттық қор мен Ұлттық банк операцияларына сүйене отырып, теңгенің қысқа және орта мерзімді перспективаларына болжам жасаған болатын. Оған сәйкес, 2025 жылдың аяғына дейін 1 АҚШ долларының құны 550-560 теңге аралығын қамтиды деп күтіледі.