Freedom Inside '26

Серджио Гордың сапары: Қазақстан мен АҚШ қатынастарындағы жаңа серпін

Серджио Гордың сапары: Қазақстан мен АҚШ қатынастарындағы жаңа серпін

Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестік жаңа мазмұнмен толығып келеді. АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі Серджио Гордың Қазақстанға сапары екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға тың серпін беріп, саяси және экономикалық ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Сарапшылардың пікірінше, қазіргі таңда Вашингтонның Орталық Азияға деген қызығушылығы артып отыр. Әсіресе стратегиялық маңызы бар минералдар саласындағы ынтымақтастық, инвестициялық жобалар және өңірлік қауіпсіздік мәселелері АҚШ пен Қазақстан арасындағы өзара іс-қимылдың маңызды бағытына айналуда.

Саясаттанушы Расул Қоспанов Серджио Гордың сапарының маңызы, Қазақстанның АҚШ сыртқы саясатындағы орны, стратегиялық минералдар бойынша бірлескен жобалардың келешегі, сондай-ақ еліміздің халықаралық аренадағы бітімгерлік бастамалары туралы пікір білдірді.

- АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі Серджио Гормен кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-пен кеңейтілген стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға бейілді екенін растады. Бүгінде Қазақстанның Орталық Азиядағы Вашингтон саясаты үшін айрықша маңызға ие болуын қандай факторлар айқындайды?

- Мен Серджио Гордың сапарын Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастарды дамыту тұрғысынан маңызды деп есептеймін. Ең алдымен, Серджио Гор АҚШ-тың біздің макроөңірдегі негізгі өкілі. Ол АҚШ Президентінің Орталық және Оңтүстік Азия жөніндегі арнайы өкілі қызметін атқарады, яғни америкалық сыртқы саясат аясында ауқымды географиялық кеңістікке жетекшілік етеді. Сонымен қатар, оның АҚШ Президенті Дональд Трамппен тікелей байланысы бар және Вашингтонның біздің өңірге қатысты саясатын қалыптастыруда елеулі рөл атқарады.

Өз кезегінде Қазақстан Америка Құрама Штаттарын ең маңызды стратегиялық серіктестерінің бірі ретінде қарастырады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап АҚШ еліміздің экономикасына белсенді түрде инвестиция салып келеді. Әңгіме Теңіз кен орнын игеру секілді ірі мұнай-газ жобалары және экономиканың басқа да салаларындағы ынтымақтастық туралы болып отыр. АҚШ әлемдегі ең ірі экономика болып қала беретінін ескерсек, Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатында бұл ел Ресей және Қытаймен қатар ерекше орын алады.

2022 жылдан кейін Батыс мемлекеттерінің Қазақстанға деген қызығушылығы айтарлықтай артты. Астана қалыптасқан мүмкіндіктерді пайдалана отырып, Батыс елдерімен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуды көздейді. Екіжақты қатынастар бұған дейін де жақсы деңгейде болғанымен, бүгінде оларды нақты экономикалық мазмұнмен толықтыру маңызды.

- Мемлекет басшысы Серджио Гордың C5+1 форматындағы аса маңызды пайдалы қазбалар жөніндегі диалогқа қатысуын ерекше атап өтті. Бұл бағыт АҚШ пен Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықтың жаңа бағытына айналып келе ме? Осы салада Қазақстанның қандай артықшылықтары бар?

- Ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбалар саласы. Атап айтқанда, Серджио Гор осы бағыттағы өзара іс-қимыл мәселелеріне арналған C5+1 диалогына қатысу үшін келді.

2022 жылдан кейін АҚШ пен Еуропалық одақ елдері стратегиялық маңызды минералдарды жеткізуді әртараптандыру қажеттілігіне тап болды. Бұрын мұндай ресурстардың едәуір бөлігі Ресей мен Қытайдан жеткізілетін. Қазіргі таңда Батыс елдері жаңа әрі сенімді жеткізу көздерін іздеуде. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан мен Орталық Азияның басқа да мемлекеттері уран, литий, вольфрам, титан және басқа да стратегиялық металдардың мол қорына ие болғандықтан маңызды орынға ие.

Қазақстан үшін бұл ынтымақтастықтан барынша экономикалық пайда алу маңызды. Бірлескен негізгі жобалардың бірі – Қарағанды облысының Шет ауданында орналасқан, әлемдегі ең ірі вольфрам кен орындарының бірі саналатын Солтүстік Қатпар кен орнын игеру. Вашингтондағы келіссөздер барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен АҚШ Президенті Дональд Трамп аталған кен орнын бірлесіп игеру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді. Жобаны америкалық Cove Capital компаниясы мен қазақстандық «Тау-Кен Самұрық» компаниясының қатысуымен жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Белгілі болғандай, Қазақстан экономикасының негізгі қозғаушы күштері дәстүрлі түрде Батыс Қазақстандағы Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған секілді мұнай-газ кен орындарында шоғырланған. Алайда вольфрам өндіру және өңдеу бойынша ірі кәсіпорын құру елдің орталық бөлігінде жаңа өнеркәсіптік орталық қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл Қарағанды облысында ғана емес, көршілес өңірлерде де көптеген жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашады.

Вольфрам жобасының табысты жүзеге асырылуы Қазақстанның бүкіл тау-кен өнеркәсібінің инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етуі мүмкін. Ұзақ жылдар бойы елімізге осы салаға ірі инвесторларды тарту оңай болған жоқ. Бұған дейін кен орнына қытайлық компаниялар қызығушылық танытқанымен, нәтижесінде оны игеру мүмкіндігі басқа инвесторларға бұйырды.

Қолда бар бағалаулар бойынша бұл кен орнында бұрынғы Кеңес Одағы аумағындағы вольфрам қорының шамамен 70 пайызы шоғырланған. Вольфрам – стратегиялық маңызы жоғары металл. Ол жоғары технологиялық өнеркәсіпте, машина жасауда, энергетикада және әсіресе қорғаныс-өнеркәсіптік кешенде кеңінен қолданылады. Қазіргі халықаралық жағдайда бұл ресурсқа деген сұраныс алдағы уақытта да арта түсетіні сөзсіз.

Сондықтан Қазақстан үшін аталған жобаны дамытуға дайын инвестордың тартылуын үлкен жетістік деп бағалауға болады. Оның табысты жүзеге асырылуы елімізге елеулі экономикалық пайда әкеліп қана қоймай, Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықты ұзақ мерзімді перспективада нығайтуға ықпал етеді.

- Серджио Гор соңғы бір жыл ішінде АҚШ пен өңір мемлекеттері арасында жалпы құны 20 миллиард доллардан асатын келісімдер мен мәмілелер жасалғанын мәлімдеді. Мұны АҚШ-тың Орталық Азиядағы экономикалық қатысуының күшеюі ретінде бағалауға бола ма? Бұл жағдай Қазақстан үшін қандай мүмкіндіктер ашады?

- 20 миллиард доллар көлеміндегі келісімдерге келетін болсақ, 2022 жылдан кейін, әсіресе Дональд Трамптың Ақ үйге қайта оралуынан соң, АҚШ-тың Орталық Азиямен қарым-қатынасына ерекше көңіл бөліне бастады.

Бұған дейін Қырғызстандағы америкалық әскери базаның жабылуы мен АҚШ әскерінің Ауғанстаннан шығарылуынан кейін Вашингтонның біздің өңірге деген қызығушылығы төмендеді деген пікір қалыптасқан еді. Алайда меніңше, бұл қызығушылықтың жоғалуы емес, керісінше, қарым-қатынастардың жаңа форматқа көшуі болды. Яғни, АҚШ пен Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастық бұрынғыдай тек Ауғанстан мәселесінің аясында ғана қарастырылмай, жаңа мазмұнға ие болуда.

Өйткені бүгінде өңір мемлекеттері тәуелсіздігін енді ғана алған жас республикалар емес. Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан сияқты елдердің отыз жылдан астам мемлекеттік даму тарихы қалыптасты. Олар өз экономикаларын әртараптандыруға, өнеркәсіпті дамытуға және экономиканың жаңа салаларын қалыптастыруға ұмтылып отыр.

Осы тұрғыдан алғанда, Америка Құрама Штаттарымен экономикалық және технологиялық ынтымақтастықты кеңейту біздің елдер үшін тиімді. Бұл Орталық Азия мемлекеттерінің ұлттық мүдделеріне толық сәйкес келеді.

Сонымен қатар, мұндай келісімдердің әділ шарттар негізінде жүзеге асырылуы аса маңызды. Өкінішке қарай, Қазақстанның мұнай саласындағы кейбір келісімдер бойынша әділетсіз тәжірибесі болғаны белгілі. Әсіресе өнімді бөлу туралы келісімдер қоғамда қызу пікірталас туғызған еді. Сондықтан бүгін біз өткеннің қателіктерін қайталауға жол бермеуіміз қажет. Тіпті оған моральдық тұрғыдан құқығымыз жоқ деуге болады. Өйткені болашақ ұрпақ мұндай қателікті кешірмеуі мүмкін. Себебі стратегиялық маңызды минералдар бүгінде «жаңа мұнайға» айналып отыр. Болашақтың барлық технологиялары – смартфондар, электр көліктері, жаңартылатын энергетика жүйелері және жоғары технологиялық өндірістер – дәл осы стратегиялық металдар мен минералдарға тәуелді.

Сондықтан бұл жобалардан ең алдымен Қазақстан халқы пайда көруі тиіс. Елдің табиғи ресурстары ұлттық экономиканың дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға қызмет етуі қажет.

- Кездесу барысында Бейбітшілік кеңесінің қызметі мен Қазақстанның гуманитарлық бастамаларына ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда Қазақстанның диалог алаңы әрі бітімгерлік және гуманитарлық бастамаларды ілгерілетуші мемлекет ретіндегі рөлі қаншалықты сұранысқа ие?

- АҚШ Президенті Дональд Трамп Бейбітшілік кеңесін құру бастамасын көтерді. Ал Қазақстан халықаралық үдерістердің белсенді қатысушысы болуға ұмтылатын мемлекет ретінде бұл алаңға қызығушылық танытты.

Өздеріңіз білетіндей, кеңестің отырыстарының бірінде Қазақстанның Газа секторына бітімгерлік күштерін жіберуге дайын екені туралы мәлімделді. Егер бұл бастама іс жүзінде жүзеге асатын болса, онда ол Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлін күшейте түседі. Сонымен қатар бұл еліміздің Қарулы Күштері үшін де маңызды тәжірибе болмақ.

Қазақстан Газадағы қақтығыс басталған күннен бастап оны бейбіт жолмен шешуге шақырып келеді. Еліміз бұл мәселенің шешімі ретінде екі мемлекет қағидатын қолдайды. Яғни Палестина халқының тәуелсіз мемлекет құру құқығын және Израиль мемлекетінің қауіпсіз өмір сүру құқығын мойындай отырып, осы екі мемлекеттің қатар өмір сүруін өңірдегі тұрақтылықтың негізгі шарты ретінде қарастырады.

Қазақстан Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху жүргізіп отырған саясатқа қатысты түрлі халықаралық сын-пікірлерге қарамастан, Израильмен байланыстарын үзген жоқ. Прагматикалық мемлекет ретінде Қазақстан осы күрделі мәселені шешудің жолы – диалог пен өзара түсіністікке негізделген келіссөздер деп есептейді. Өйткені кез келген соғыс түптің түбінде бейбіт келіссөздермен аяқталады. Сондықтан тараптарды келіссөз үстеліне мүмкіндігінше тезірек отырғызу халықаралық қоғамдастықтың ортақ міндеті болуы тиіс.

Сонымен қатар Қазақстан Газа секторындағы бейбіт тұрғындардың қаза болуын айыптап келеді. Еліміз бірнеше рет гуманитарлық көмек жіберіп, дәрі-дәрмекпен, азық-түлікпен және басқа да қажетті заттармен қолдау көрсетті. Бұдан бөлек, палестиналық жастардың Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алуына мүмкіндік беретін білім гранттары бөлінді. Осылайша Қазақстан халықаралық қатынастарда теңгерімді әрі бейбітшілікке негізделген сыртқы саясат жүргізуге ұмтылып келеді және қақтығыстарды дипломатиялық жолмен шешуді қолдайды.

- Серджио Гор Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа: «Сіздің Ақ үйде досыңыз бар екеніне сендіре аламын. Президент Трамп Сіздің қызметіңізді жоғары бағалайды», – деп мәлімдеді. Бұл сөздерді тек дипломатиялық ишара ғана емес, Қазақстанның АҚШ үшін маңызын білдіретін саяси сигнал ретінде де қарастыруға бола ма?

- Серджио Гордың «Қазақстанның Вашингтонда досы бар» деген сөзі, сөзсіз, дипломатиялық сипаттағы мәлімдеме. Бұл АҚШ-тың Астанамен өзара ықпалдастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін көрсетеді.Сонымен қатар Серджио Гордың тұлғасына назар аудару қажет. Ол – табысты кәсіпкер, Дональд Трамптың ұлының жақын серігі әрі досы. АҚШ президентінің отбасымен тығыз байланыста және мемлекет басшысының жақын ортасында үлкен сенімге ие тұлғалардың бірі саналады. Сондықтан Қазақстан үшін осындай адамдармен сындарлы қарым-қатынас орнату маңызды. Егер олар Қазақстанның стратегиялық маңызын терең түсінсе, бұл инвестициялық, экономикалық және саяси салалардағы ынтымақтастықтың кеңеюіне, сондай-ақ халықаралық аренада еліміз үшін маңызды мәселелерді ілгерілетуге ықпал етуі мүмкін.

Бұдан бөлек, Серджио Гор – біздің өңірдің тумасы. Кейбір мәліметтерге сәйкес, ол Ташкент қаласында дүниеге келген. Сондықтан ол Орталық Азияның ерекшеліктерін жақсы түсінеді және осы тұрғыдан алғанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жылы лебіз білдіріп, жоғары баға берген болуы ықтимал.

Сапардың күтілетін нәтижелеріне келсек, менің ойымша, ең маңызды жетістік – стратегиялық маңызы бар минералдар саласындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жол картасының қабылдануы. Әртүрлі жобалардың болашағы туралы көп айтуға болады, алайда нақты жоспар болмаса, оларды жүзеге асыру қиын. Ал бүгінде мұндай жол картасы бекітіліп отыр.

Құжатта Қазақстанның стратегиялық маңызды минералдарды өңдеу орталығы ретіндегі мәртебесінің айқын көрініс табуы ерекше маңызды. Қазақстан да, Өзбекстан да енді әлемдік экономика үшін тек шикізат жеткізуші ел болып қалуды қаламайды. Біздің мемлекеттер экономикалық дамудың жаңа кезеңіне өтіп, өңірлік өңдеу және өндіріс орталықтарына айналуы тиіс.

Табиғи ресурстарды тек өндірумен және шикізат күйінде экспорттаумен шектелу тиімсіз. Біз оларды өз елімізде өңдеп, қосылған құн қалыптастыруымыз қажет. Әрине, бірден дайын жоғары технологиялық өнім өндіруге көшу оңай болмауы мүмкін. Алайда өңдеу деңгейін және өнеркәсіптік өндірісті кезең-кезеңімен дамыту қажет.

Сонымен қатар Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастар аясындағы маңызды оқиғалардың бірі – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Майамиде өтетін G20 саммитіне шақырылуы. Бұл – аса маңызды саяси оқиға. Қазақстанның әлемнің жетекші экономикаларының басшылары бас қосатын осындай беделді халықаралық алаңға шақырылуы еліміздің халықаралық беделінің артып келе жатқанын көрсетеді.