Бірнеше доллар үшін тартыс Қазақстандағы мыс өндірісінің болашағына қалай әсер етуі мүмкін?

Бірнеше доллар үшін тартыс Қазақстандағы мыс өндірісінің болашағына қалай әсер етуі мүмкін?
Фото: currency.com

Қазақстанда мыс концентратын өңдеу тарифін есептеудің жаңа әдістемесі төңірегіндегі пікірталас күшейіп келеді. Кен өндіруші кәсіпорындар қосымша шығындардың өсуіне алаңдаса, металлургиялық компаниялар өндірісті жаңғырту үшін тұрақты қаржы көзі қажет екенін айтып отыр. Қаржы сарапшысы Айбар Олжайдың пікірінше, бұл талқылауды тек тариф мөлшерімен шектеуге болмайды, өйткені қабылданатын шешім Қазақстанның алдағы 10–20 жылдағы мыс өнеркәсібінің даму бағытын айқындайды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Сарапшы Қазақстанның мыс қоры мол болғанымен, өндірістік тізбектің келесі кезеңі саналатын ішкі өңдеу кен өндірумен салыстырғанда баяу дамығанын атап өтті. Тәуелсіздік жылдары елде заманауи кеніштер мен байыту фабрикалары іске қосылғанымен, ауқымы соған сәйкес келетін жаңа мыс балқыту кәсіпорындары іс жүзінде салынбаған.

"Мәселе бірнеше долларлық тарифке таласуда емес. Біз мыс концентратын сыртқа шығара беретін ел болып қаламыз ба, әлде шикізатты өзімізде өңдеп, қосылған құны жоғары өнім шығаратын өнеркәсіп құрамыз ба? Негізгі таңдау – осы", – дейді Айбар Олжай.

Шикізатпен бірге инвестиция мен жұмыс орындары да кетеді

Сарапшының айтуынша, әлемдік нарық мыс концентратының бағасын қалыптастыра алады, бірақ Қазақстанның өнеркәсібін дамыту міндетін шешуге мүдделі емес. Егер ел ішінде шикізатты өңдеу экономикалық тұрғыдан тиімсіз болса, концентрат дайын әрі бәсекеге қабілетті қуаты бар мемлекеттерге жөнелтіледі.

Жеке компания үшін бұл тиімді шешім болуы мүмкін. Алайда мемлекет үшін оның салдары басқа: шикізатпен бірге өндірістің келесі кезеңі, инвестициялар, жұмыс орындары, салық түсімдері мен технологиялық құзыреттер де шетелге кетеді.

"Мемлекеттің міндеті – кен өндірушілер мен өңдеушілердің арасынан бір жеңімпазды әкімшілік жолмен таңдау емес. Өндірушілер бәсекеге қабілеттілігін сақтап, ал ішкі өңдеу кәсіпорындары жұмыс істеп, әрі қарай дами алатындай түсінікті экономикалық жағдай қалыптастыру қажет", – деді сарапшы.

Оның пікірінше, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі әзірлеп жатқан әдістемеге дәл осы тұрғыдан қараған жөн. Құжаттың мақсаты бір ғана тарифтік мөлшерлемені белгілеумен шектелмейді. Ол нарық қатысушыларына өңдеу экономикасын алдын ала есептеуге мүмкіндік беретін бірыңғай әрі ашық ережелерді қалыптастыруы керек.

Зауытты тек ағымдағы шығынның есебінен жаңарту мүмкін емес

Талқыланып жатқан негізгі мәселелердің бірі – тариф құрамына инвестициялық шығындарды енгізу. Мыс концентратын өндірушілер кез келген қосымша төлем олардың шығынын арттыратынын айтып отыр. Айбар Олжай бұл алаңдаушылықтың орынды екенін, сондықтан инвестициялық бөлік нақты жобалармен байланыстырылып, экономикалық тұрғыдан негізделуі керектігін жеткізді.

Сонымен бірге сарапшы металлургиялық зауыттарды тек күнделікті жұмысына арналған қаражат есебінен ұзақ уақыт бойы дамыту мүмкін емес екенін ескертті. Жабдықтарды жаңарту, экологиялық талаптарға бейімдеу, энергия тиімділігін арттыру және жаңа өндірістік қуат салу қомақты инвестицияны қажет етеді.

"Егер мемлекет терең өңдеуді дамытуды мақсат етсе, инвестицияның қандай қаражат есебінен қайтарылатынына жауап беруі тиіс. Бұл сұрақты елемеу жаңғыртуды арзандатпайды. Ол тек қажетті жұмыстың кейінге шегерілуіне әкеледі", – дейді Айбар Олжай.

Оның айтуынша, модернизацияның созылуы Қазақстанның қолданыстағы өңдеу қуатынан біртіндеп айырылу қаупін күшейтеді. Мұндай жағдай әлемдік нарықта қазірдің өзінде байқалып отыр. TC/RC, яғни мыс концентратын өңдеу мен тазарту ақысының төмендеуіне байланысты Жапония мен Филиппиндегі кейбір кәсіпорындар өндіріс көлемін қысқартқан немесе жұмысын тоқтатқан. Ал Намибиядағы зауыт консервация режиміне көшірілген.

Сондықтан пікірталастың негізгі тақырыбы инвестицияның тарифке енгізілу-енгізілмеуі ғана болмауы керек. Қаражатты есептеудің ашықтығы, оның негізділігі және ақшаның өндірістік қуатты дамытуға жұмсалуын бақылау тетігі де маңызды.

Әлемдік тариф Қазақстандағы нақты шығынды көрсетпеуі мүмкін

Жаңа әдістеме төңірегіндегі тағы бір дау әлемдік Treatment Charge көрсеткіштеріне байланысты. Бұл мөлшерлемелер халықаралық нарықтағы концентрат көлемі мен мыс балқыту қуаттарының арақатынасын көрсетеді. Алайда олар Қазақстандағы нақты өндірістік шығындарды толық ескермеуі мүмкін.

Сарапшы Қытайдағы мыс балқыту саласының мемлекеттік қолдаудың арқасында қарқынды кеңейгеніне назар аударды. Халықаралық энергетикалық агенттіктің мәліметінше, 2005 жылдан бері әлемде іске қосылған жаңа мыс балқыту қуатының 90 пайыздан астамы Қытайға тиесілі. 2025 жылға қарай бұл елдің әлемдік өңдеу көлеміндегі үлесі шамамен 50 пайызға жеткен.

Өңдеу қуаты мыс концентратының ұсынысынан жылдам өскендіктен, зауыттар арасында шикізатқа бәсеке күшейіп, TC/RC мөлшерлемелеріне қысым түскен.

"Әлемдік мөлшерлеменің төмендеуі металлургиялық зауыттың нақты шығыны жоғалды дегенді білдірмейді. Электр энергиясы, жабдық жөндеу, қызметкерлердің еңбекақысы мен экологиялық инфрақұрылым нарықтағы жағдайға қарамастан қаржыландыруды қажет етеді. Сондықтан халықаралық көрсеткіштерді ескеру керек, бірақ оларды Қазақстандағы нақты кәсіпорынның экономикасына сол күйінде көшіру дұрыс емес", - деді қаржы сарапшысы.

Кен өндірушілердің мүддесі де қорғалуға тиіс

Айбар Олжай мыс концентратын өндірушілердің де мүддесін назардан тыс қалдыруға болмайтынын айтты. Кәсіпорындар қандай қызмет үшін ақы төлейтінін нақты білуі, өңдеу қуатына тең әрі ашық қол жеткізуі және шығынын бірнеше жылға алдын ала жоспарлай алуы керек.

Оның пікірінше, әдістемені қабылдамас бұрын нарық өкілдерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдау маңызды. Бұл ұсынылып отырған тетіктің беріктігін және әртүрлі нарық жағдайында қалай жұмыс істейтінін алдын ала бағалауға мүмкіндік береді.

"Жекелеген параметрлерге қатысты пікірталастың болуы әдістеменің өзі қате дегенді білдірмейді. Керісінше, қазір министрлік екі орынды мүдденің арасынан тепе-теңдік табуы керек: кен өндірісінің бәсекеге қабілеттілігін сақтау және ел ішінде өңдеу саласын дамыту", – деді ол.

Мәселе – Қазақстанның өнеркәсіптік моделінде

Қаржы сарапшысы бұл бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңдеуші өнеркәсіпті қолдау және жоғары деңгейде өңделген өнім өндірісін арттыру жөніндегі тапсырмаларымен сабақтас екенін айтты. Мемлекет басшысы 2026 жылғы ақпанда бастапқы өңдеуден өткен өнімді экспорттап, жоғары деңгейде өңделген тауарларды сырттан сатып алу тәжірибесі тоқтатылуға тиіс екенін мәлімдеген.

Айбар Олжайдың сөзінше, бірыңғай әдістеменің әзірленуі – осы міндетті нақты экономикалық тетікке айналдыру жолындағы қисынды қадам. Дегенмен құжат жекелеген кәсіпорындарды жасырын субсидиялау құралына да, ел ішінде шикізат өңдеуді экономикалық тұрғыдан тиімсіз ететін механизмге де айналмауы қажет.

"Қазақстан шикізат пен бастапқы өңдеу өнімдерінің экспортына тәуелділікті азайтқысы келсе, ішкі өңдеуді тұрақты әрі инвестиция үшін тартымды ететін ұзақмерзімді ережелер қажет. Әдістеменің стратегиялық мәні де осында", – деп қорытындылады сарапшы.

Оның пікірінше, пәрменді өнеркәсіп саясаты мемлекет белгілі бір тарапты жеңімпаз деп таңдаған кезде емес, өндірістің келесі технологиялық кезеңіне ел ішінде инвестиция салуды экономикалық тұрғыдан тиімді ететін орта қалыптастырылғанда басталады.